Жаңалық

«Atamnyn amanaty» жобасы қандай жоба?

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ-ның «Өзгерістердің саруарлары» акселераторы қоғамды ілгерілету, дамыту мен рухани байыту жолында біршама жобаға серіктестік білдіріп, демеу болды. Соның бірі – «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігі.

Аталмыш бірлестіктің немен айналысатыны, акселератор жұмысының маңыздылығы жөнінде «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің Басқарма Төрағасы Молдағалиев Мұрат Жанатайұлынан алған сұқбатымыздан біле аласыздар.

Ruh.kz: «Atamnyn amanaty» жобасы – қандай жоба?

Мұрат Жанатайұлы: «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын әрі олардың тарихи қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етіп жатқан Қазақстан аумағындағы бірден-бір ұйым.

Алғаш рет 2019 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігінің атсалысуымен ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер елшілерінің қатысуымен «Atamnyn amanaty» ҚБ тұсаукесері өтті.

Майданда соғысқан 1,5 миллион қазақстандықтың 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада 75-79 жыл өтті. Сол кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Яғни, деректердің жойылғанына байланысты із-түзсіз жоғалғандарды табу тым қиын. Соған қарамастан «Atamnyn Amanaty» ұйымы зор табандылық танытып, талай сарбазды табуға еңбек сіңіріп жатыр.

Осы орайда «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігі 2020 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атанғанын айта кеткеніміз жөн.

Ruh.kz: «Өзгерістердің саруарлары» акселераторы бірлестікке қаншалықты демеу болды?

Мұрат Жанатайұлы: Акселерация кезінде біз өз жобамызды сапалы түрде орналастырып, Қазақстанның аймақтарында таныта алдық.

Жұмысты атқару бар да, оны көрсету бар. Қоғамдық бірлестіктің жоспарларын, атқарған жұмыстарын, сүйінші хабарларын жалпақ жұртқа жеткізудегі ақпараттық көмек бір бөлек.

Акселерацияның арқасында 6 облыстың әкімдіктерімен өзара байланыс орнатуға мүмкіндік туды. Өкінішке қарай, пандемия бірлескен іс-шараларды толық көлемде ұйымдастыруға мүмкіндік бермеді. Акселерация шеңберінде біз басқа ұқсас ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас орната алмадық. Алайда, ұзақ мерзімді жобаларды қайта қарауға және оларды нақтылауға мүмкіндік алдық.

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ мен «Atamnyn amanaty» ҚБ арасындағы байланыс талай қуанышты да мардымды істің бастауы болмақ. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірімізді-біріміз барынша қолдап іс қылсақ, еліміздің айбыны асқақтап, мәртебесі өсіп, болашағы жарқын бола түспек!

Ruh.kz: Мұрат Жанатайұлы, әңгімеңізге рақмет! Бірлестікке жемісті еңбек, толағай табыс тілейміз! Жақсы күндерде жолыққанша!

Ақпарат үшін: «Atamnyn amanaty» ҚБ – «Ыстық жүрек-2020» марапатын алған Қазақстандағы алғашқы ұйым.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button