Жаңалық

Атақты Nickelodeon мен Disney-ден ұсыныс алған қазақ кім?

Бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкері сурет салудың 70 әдісін іске асырған, әртүрлі заттарға, жемістер мен жапырақтарға ғажайып көрініс түсіріп, ел ішінде ерекше хоббиімен танылған дарынды жігіт – Қанат Нұртазин.

Қанат Нұртазин Көкшетау қаласы, Степняк елді мекенінде туып, өскен. 1999 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Назарбаев университетінің дайындық мектебінде аға менеджер болып қызмет атқарады. Сондай-ақ маркетингтік компанияға жетекшілік етеді және «NUFYP ET» кіріспе тестілеуін жүргізеді. Қанат Нұртазиннің ерекше қабілеті алуан түрлі бейнелерді дүниеге әкелді. Тіпті оның бұл таланты әлемге әйгілі Nickelodeon мен Disney-ді де таңдай қақтырып, нәтижесінде суретші олардан бірге жұмыс істеуге ұсыныс алған. Сонымен сұқбатқа кезек берелік.

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе! Өнеріңіз туралы айтсаңыз. Қай уақыттан берері айналысасыз, бұл хобби есебінде ме, қосымша табыс көзіне айналды ма?

Қанат Нұртазин: Сәлеметсіз бе! Өзімді әр қырымнан байқап көрдім: өлең жазу, техника жөндеу, бит жасау. 2013 жылдан кейін, оқуымды тәмамдаған соң сурет салуға қызыға бастадым. Менің кәсібім, толықтай, коммерциялық емес хобби. Алайда қызықты жобалар болса, қуана-қуана қатысамын. Жұмыстарымды көбіне Instagram парақшамда қайырымдылық аукциондарына сатылымға шығарамын. Түскен қаржыны тексерілген қорларға немесе азқамтылған отбасыларға беремін.

Ruh.kz: Жапырақ, ағаш, гүл, банан, алма тағы қандай заттарға сурет саласыз?

Қанат Нұртазин: Басынан бастап менде «Сурет салудың 100 әдісі» деп аталатын өзімнің жеке арт-жобамды құру идеясы болды. Бұл жоба аясында мен әртүрлі техникалар мен материалдарды қолданамын. Сурет салу туралы жалпы түсінік шеңберінен шығып, сурет тек қарындаштар мен бояулар ғана емес екендігін көрсеткім келді. Барлығы ой тұжырымына байланысты. Жұмыстарымда гипс, жіп, қалампыр гүлі, кофе, құймақ, моншақ және т.б. секілді заттарды қолдандым. Қазіргі таңда коллекциямда сурет салудың 70 әдісі бар.

Ruh.kz: Қайдан үйрендіңіз?

Қанат Нұртазин: Малайзиядағы Asia Pacific University of Technology and Innovation университетінде халықаралық бизнес менеджменті мамандығы бойынша бакалавриатты тәмамдадым. Шығармашылыққа келетін болсақ, барлығын сынақ пен қателік арқылы үйрендім.

Ruh.kz: Сурет салуға қанша уақытыңыз кетеді?

Қанат Нұртазин: Суретті, әдетте, ештеңе алаңдатпайтын кезде, тыныштықта отырып саламын. Ал нақты, маңызды жұмыстарды алатын болсақ, бұл оның қаншалықты көлемді әрі күрделі екендігіне байланысты. Кейде бір жұмысты бір күнде аяқтасам, кейде бірнеше аптаға дейін созылады.

Ruh.kz: Бір сұқбатыңызда, «GGG бейнесін Қазақстан картасына түсіру үшін 1 жыл уақытым кетті», – деген екенсіз. Осы туралы айтсаңыз. Тағы қандай көлемді жобаларыңыз, суреттеріңіз бар?

Қанат Нұртазин: Бұл туралы айтқаным есімде жоқ. Мүмкін ақпарат контекстен алынған болар. Дұрысы, бәлкім, мен бұл идея әлдеқашан пайда болып, оны тек 1 жылдан соң ғана жүзеге асыра алдым дегім келген. Бұған ұқсас жұмыстар менде өте көп. Барлығы материалдың қолжетімділігіне және, әрине, бос уақытқа байланысты. 2018 жылы жеке көрмем өтті. Онда көптеген ауқымды жұмыстарым қойылды. Оларды көрмеге дайындалып жүрген кезде, 1 жылға жуық уақыт ішінде жасадым.

Ruh.kz: Сұқбаттасуға келісім бергеніңізге көп рақмет! Алдағы уақытта қызметіңізге сәттілік тілейміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button