Жаңалық

«Атбайлар» қандай салт?

«Атбайлар» – жас отаудың шаңырақ көтеруіне байланысты қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан көне салттарының бірі.

Атбайлар салтының екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтып, байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды.

«Атбайлардың» екінші түрі – құдаларды қарсы алу жоралғысында берілетін кәде.

Құдалардың келе жатқанын білісімен-ақ ауылдан оқшаулау жерге құда күтетін арнайы үй тігеді. Үйдің ішіне үш салар текемет, сырмақ, кілем жайылып, көрпе төселіп, жастық тасталады. Оқшаулау жерге ат байлайтын керме орнатылады. Қарсы алушы топ құдаларды аттарынан түсіріп, аттарын байлайды. Бұл ізеті үшін атбайлар кәдесін береді.

Күтушілер келе жатқан құдаларды үйдің алдына шығып қарсы алады. Құдалар бір-бірімен төс қағысып амандасып, есен-саулық сұрасады. Қарсы алып, үйге кіруге шақырған жас әйелдерге «арқанкерер, ауылкөрімдік» кәделерін береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button