Атырауда атаулар тарихы анықталды
Атырауда «Атаулар тарихы» атты ғылыми экспедиция жұмысын бастады.
Аймақтағы жер-су, физикалық-географиялық нысандар мен елді мекендердің атауларының шығу, қалыптасу тарихын зерттеп, мәліметтер базасын жасақтау мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы қызметкерлері мен жергілікті ғалымдар жолсапарға шықты.
– Экспедиция әзірге Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарында зерттеу жұмыстарын жүргізді, – дейді басқарма басшысы Әсия Қыстаубаева. – Соның өзінде бұрын естімеген біраз мәліметтер белгілі болды. Мысалы, Құрманғазы ауданындағы Бірлік ауылында Бағлани деген шағын төбе бар екен, шығу тегі белгісіз, ел арасында кезінде алма бағы болған деген әңгіме бар. Бұл ғылыми зерттеуді қажет етеді.
Сол сияқты Кінаша өзені атауының шығу тегін анықтау қажет. Осы ауданға қарасты Булгачинск өзенінің жағасында Булгачинский деп аталатын ауыл болыпты, қазір жоқ. Ауыл ертеректе Бұлғақты өзегінің жағалауында орналасқан болып шықты. Содан Булгачинский деп аталып кеткен екен.
Бұрын шыққан жинақтарда Ақкөл ауылдық округі бойынша бір көлдің атауы енгізілсе, экспедиция жұмысының нәтижесінде бұл өңірде кезінде 30-ға жуық көл болғандығы анықталды, және олардың 18-інің атауы нақтыланды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмалар аясында жүзеге асырылатын бұл жоба 2020 жылға дейін жалғасады. Жинақталған мәліметтер негізінде анықтамалық кітаптар шығарылады.
Бақытгүл БАБАШ