Жаңалық

Атыраулық оқушы тамшылата суару қондырғысын ойлап тапты

Елімізде дарынды да зерек балалардың қатары жыл сайын артып келеді. Замандастарынан оқ бойы озық тұратын сондай жастардың бірі – Мұқатов Қажымұқан Аманбекұлы.

Атырау облысы, Индер ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы тамшылата суару қондырғысын ойлап тапқан. Оның өнертабысы суды және минералды тыңайтқыштарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Басты назарымды тыңайтқыштарды үнемдеу мен судың өсімдік тамырына тікелей баруына аудардым. Ойымды жүзеге асыратын болсам, өнімділікті арттыратынымды түсіндім. Тамшылатып суару әдісінің артықшылықтарын әлем елдері жақсы біледі. Бұл технологияның Қазақстанда да дамығанын қалаймын. Атырау өңірінің тумасы болғандықтан, Жайық өзенінің тартылып бара жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Осы қондырғыны пайдаланып, өзен аңғарының экожүйесін сақтап қалғым келеді», – деді ол тілшімізге берген сұқбатында.

Әңгіме барысында дарынды оқушы қондырғыны іске асыруға мұғалімінің көметескенін атап өтті.

«Индер аудандық білім бөлімінің оқушылар шығармашылық орталығындағы «Шебер» үйірмесіне 2017-2018 оқу жылынан бастап қатысамын.  Ұстазым – Өтепқали Нәсіпқали Зинелғабиденұлы. Ол кісі идеямды жүзеге асыруға көмектесіп, бағыт-бағдар берді. Осылайша қондырғыны ойлап таптық», – дейді Қажымұқан Мұқатов.

Үйірме жетекшісінің айтуынша, Қажымұқан – өте сабырлы, аңғарымпаз бала.

«Қажымұқан Аманбекұлы мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, үнемі ізденісте жүреді. Аудандық, облыстық республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып үлгерді. Мен талантты шәкіртіммен мақтанамын», – деді Өтепқали Зинелғабиденұлы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button