Жаңалық

Ауыл ақсақалдары кітап шығарды

Павлодар қаласында Тереңкөл мен Железин аудандарынан жиналған фольклор жинағы жарық көрді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын жүзеге асыру мақсатында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің басшысы Ербол Қайыров «Дала фольклорына мың жыл» фольклорлық-этнографиялық экспедициясының барысында халық ауыз әдебиеті үлгілері: батырлар жыры, аңыз-әңгімелер, баталар жинақтау бағытында Тереңкөл, Железин аудандарында барып, көз көрген қариялармен кездесіп, тарихи орындарда болып, соның қорытындысы ретінде «Сыр сандық» атты жинақ кітап пен электронды нұсқасын жарыққа шығарды.

Фольклорды «Рухани жаңғыру» жобасы аясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жоспарына сәйкес Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі топтастырған.

Жинаққа қос аудандағы тұрғындардың айтқанынан 10-ға жуық әңгіме, 20-дан астам бата, 20-дан астам нақыл сөз, батырлар жыры, 5-6 жоқтау енгізілген.

–         «Рухани жаңғыру» жобасы аясында әлі де ел жадында сақталған ауыз әдебиеті үлгілерін жинастыруды жөн санадық. Бұл жинақта Абылай ханға, Сұлтанбет сұлтанға, Исабек Ишанға қатысты әңгімелер бар. Сол өңірлерден шыққан батырлар, әулиелер туралы да аңыздар енген. 4 күннің ішінде аралап, жинастырып шықтық. Бас кезінде фольклор айтатын аталарымыз қалды ма екен деп қобалжыған едік. Алайда олар әлі де сақталған екен», – деді кітаптың құрастырушысы, музей қызметкері Ербол Қайыров.

Музейде өткен шарада аталған кітаптың тұсауы кесілді. «Сыр сандық» жинағының электронды нұсқасын музейдің және басқарманың ресми сайтынан оқуға болады. Кітапқа Тереңкөл өңіріндегі атақты Мұхамеджан молда туралы да әңгіме енген. Кітаптың тұсаукесеріне молданың жиеншары Қанағат Аманжолқызы да қатысты.

–         Мұхамеджан молданың Сәтжан деген қызынан Аманжол деген жалғыз ұл туылады. Сол жалғыз ұлдан 6 қыз, 1 ұл бармыз. Атамыз туралы әңгіме өте көп. Ел ішінде көктен пері түсірген деген де сөз бар. Павлодар аумағында тараған Сәтжан көжесі деген көже де бар екен. Молда атамыз көріпкел, емші болыпты. Тереңкөл ауданындағы Тегістік ауылында тұрған. 1868 жылы туып, 1962 жылы қайтқан. Тірісінде өзінің қабірін дайындап қойған екен. Сыйлы адам болғандықтан қайтқан жылы адамдар 40 табақ сыбағасын әкелген. Қасиет қонған адам болғанын сол өңірдегілердің бәрі біледі. Зиратына бүгінгі күні де адамдар келіп тұрады», – деді Қанағат Аманжолқызы.

Айта кетейік, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы биыл Аққулы, Шарбақты, Успен аудандарынан фольклор жинауды жоспарлауда.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button