Ауылын көріп, Азаматын таны
«Ауыл — ел бесігі» деп аталған бастамалық жобаны шын ықыласымызбен қолдаймыз.
Ауыл — алтын бесік. Жаңатұрмыс — Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың ауылы. Бұлақ — батыр Әлияның ауылы. Шабаған, Ырғыздың Шабағаны — Қуандық Шаңғытбаевтың ауылы. Үшқоңыр мен Шамалған — Нұрсұлтан Әбішұлының ауылы. Мына жақтағы Ақсай мен Сүлікті — ақын Нұрпейістің ауылы.
Ауыл — алтын бесік дегеніміз, мінеки, осындай. Ауыл — біздің қазақтың негізі, тілі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тарихы, шежіресі, ата-бабаның мекені. Сондықтан ауылға байланысты «Ақтөбе облысының ең үздік ауылы» деген байқау өткізсек деген ұсыныстарымыз бар. Мұны бірнеше бағытта өткізуге болады.
Бірінші — ауылдың көркі. Қазақта мынадай сөз бар: «Ауылын көріп, азаматын таны». Мына Қобдада кезінде Қобыландыны жырлаған, 42 жыр білген ақын Айса Байтабынов ғұмыр кешті. Сол ақын Айса ауылдарды аралайтын көрінеді. Ауылдарға барғанда:
— Мына тұрған Успен,
Соғысқа дейін өскен,
Соғыстан кейін өшкен…
— Мына тұрған Астрахань
Көшесі оның тас-талқан, — деп айтып кететін көрінеді. Осындайлардан кейін Айса ақынның келейін деп жатқанын естіген колхоз басқармалары, ауыл белсенділері: «Ей, көшені дұрыстаңдар, ауылды дұрыстаңдар, шарбақтарыңды көтеріңдер» деп сасқалақтайтын көрінеді. Міне, мен де бүгін Айсаның ХХ ғасырда айтқанын ХХІ ғасырда қайталап тұрмын.
Ауылдың көркі — ауылдың азаматына байланысты. Ауылдың ішінде тарихи сана, ұлттық құндылықтар, сонымен қатар бүгінгі күні айтылып жатқан «Рухани жаңғырумен» қатар «Даланың жеті қыры» да бар ғой… Сондықтан ауылдағы салтты, дәстүрді, тарихты қорғау керек. Өйткені бізге сырттан телевизия, музыка, әдебиет, дін, интернет арқылы келетін әртүрлі ықпалдардың әсері бар. Міне, осыған қарсы әр ауылда, әр ауылдың азаматында, әр ауылдың басшысында ішкі сүзгі деген болуы керек.
Қонақтың кесесіне шайдың шамбасы кетпесін деп сүзгі қояды. Ал біздер ауылға жат қылықтар енбесін, жаман қылықтар енбесін деп сүзгіні өзіміз жасауымыз керек. Ішкі сүзгі әр азаматтың ішінде болуы керек. Сонда біздер ұлттық құндылықтарымызды сақтап, тілімізді әрі қарай жаңғыртамыз.
Тағы бір бағыт — ауылдағы моральдық-психологиялық жағдай. Осы жағдай тұрақты және қалыпты болуы керек. Иә, бүгінде ауылда небір түрлі келеңсіздіктер бар ғой. Өсек те бар, ұрлық та бар, ал шындап кіріссек, оларды қойдыруға болады екен.
Абай көрші ауылдың бір ұры жігітін біледі екен. Оны әдейі шақырып, жанындағы жақсылар мен жайсаңдарға да хабар жібереді. «Бұл ұрыны неге шақырды?» — деп түсінбейді жақсы-жайсаңдар. Ұры келгеннен кейін Абайға: «Неге шақырдыңыз?» десе, Абай:
— Сенен бір нәрсе сұрайын деп едім, бересің бе? — дейді. Ұры:
— Менде не бар, мен кедеймін ғой, — дейді. Қасында отырғандар: «Кедейден Абай не сұрайды?» деп ойлайды, әрине. Сонда Абай:
— Ей, сен маған ұрлығыңды бер, — депті тола жұрттың көзінше. Сасып қалған ұры: «Берейін, берейін… бірақ мен қайтіп күн көрем», — десе керек. Сонда:
— Екі түйені ал да, тобықтының ауылына көшіп кел, менің қасымда бол, — деп бұйырады Абай. Ақыры әлгі жігіт ұрлығын тыйып, Абайдың көмекшісіне айналып, бара-бара тілге шешен, елге билік айтатын жақсы адамға айналды. Міне, Абайдың істегенін қазіргі ауыл ақсақалдары істей ме?
Бұрын қазақта ауылдың ақсақалдарының кеңесі болған. Былай айтқанда, ақсақалдар институты. Міне, осы ақсақалдар институты ауылда жақсы жұмыс жасап, жас буынға тәрбие беруі тиіс.
Мен Түркістан облысындағы бір ауылға бардым. Өз көзіммен көргенім, осы ауылдың ақсақалдары айына бір рет жиналып, ауылдағы той, қаза, баланың оқуы, тұрмыстағы келіспеушіліктер — барлығын тыңдап, талқылайды екен. Ақсақалдар айына бір рет кеңес қылатын осы жиынды — «гәп» дейді. Міне, осы «гәпте» барлық мәселелер шешіледі: «Сізге көмек керек пе? Сіздің басыңызға қандай қиындық түсіп жатыр, сіздің тойыңыз бола ма?». Мұның бәрі «гәпте» талқыланады. Осындай нәрсе бізге де керек.
Ауылдың мәдениеті және ауыл тұрғындарының мәдениеті туралы мәселе бөлек болуы керек.
Ауыл — тілдің тазалығы, өнердің бұлағы, таза тамақтың тұрағы, ауыл — ата-бабаның шырағы.
Тари Стюарт деген ғалымның «Лайықты қатарда тұрғандар» («Те, кто достойно стоит в первой шеренге») деген сөзі бар. Осы уақытқа дейін неге біз ауылдың ақсүйектерін тәрбиелемедік? Ауылда тұрақты элита болатын болса, ел ішіндегі көп мәселелер шешілер еді. Абайдың «толық адам тәрбиелейік» деп айтқаны бар. Бұл — жан-жақты дамыған адамды тәрбиелейік дегені. Осы кезге дейін ауылдан талай мықты шықты, алда шыға да береді
Бұрын ауылдың бес жақсысы болды. Олар — байы, батыры, биі, ақыны, мырзасы еді. Біздің заманымызда да ауылдың бес жақсысы бар. Ауылдың қазіргі заманғы бес жақсысын үлгі етіп, жұртты тәрбиелесек, балалар арасындағы ұрлық, төбелес, пышақтасу, тағы басқа да тәртіпсіздіктердің барлығы тыйылар еді. Сонда ауыл гүлденеді, елдің әлеуеті жақсарады деп ойлаймын.
Ауыл жұмысқа қолайлы болуы керек.
Ауыл тұрмысқа ыңғайлы болуы керек.
Ауыл тіршілікке, өмірге қауіпсіз болуы керек.
Біз ең үздік ауылды осындай бағытпен тәрбиелеп шығарсақ, Президент тапсырмасын орындаймыз деп ойлаймын.
Бірақ осы шаруаны лайықты іске асыру үшін бізге бірлік керек, ниет керек. Барлық нәрсе ниетке байланысты. Егер ниетің болмаса, ықыласың болмаса, Абай айтқандай: «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» болады. Сондықтан да бәріміз бір болып, ақ ниетте болып, Жаңа жылдың басында: «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл, Болады үшеуімен бақытты өмір» деп істі бастайық.
Еркін ҚҰРМАНБЕКОВ, Қазақтан Республикасының мәдениет қайраткері,
Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі