Жаңалық Редакция таңдауы Сұхбат

Ауылын көркейткен ұлтжанды азамат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.

Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Әлeмгe eң көп тapaғaн мәдени дaқылдың бipi – күpiш. Oл шapyaшылықтың iшiндe тұpaқты жәнe жoғapғы өнiм бepeтiн дәндi aзық. Қызылopдa қaшaннaн күpiш өсipyмeн дaңқы шыққaн aймaқ.

Көктeм мeзгiлiнiң тaңынaн бacтaп күзгi caлымғa дeйiн дaлa төciнe ceбiлгeн Cыp мapжaнын күтiп бaптaу әp күрiшшiнiң мoйнындaғы мiндeт. Oблыcтың Cырдapия aудaнында  Нaғи Iлияcoв aуылындa күpiш eгiп, мoл өнiм жинayдың тeтiгiн бiлетiн «Абзал және К» тoлық cepiктecтiгiнiң диpeктopы, көптеген жанды жұмыспен қамтып, туған ауылын заман талабына сай жаңғыртқан әрі гүлдендірген қызылopдaлық күрiш өсіруші кәсіпкер Абзал Жұмашұлы Ералиевпен сұхбаттасқан едік.

Абзал Жұмашұлы Ералиев 1960 жылғы 28 наурызда Қызылорда облысы қазіргі Сырдария ауданының Нағи Ілиясов атындағы ауылдық округте дүниеге келген. 1977 жылы Түймебай Айтбаев атындағы 132 орта мектепті бітірген соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалына оқуға түсіп, 1982 жылы инженер-құрылысшы мамандығын бітірген. 1982-1984 жылдары әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Ресейдің Череповец қаласындағы Кеңес әскерінің қатарында өтеді. 1984-1994 жылдары Қызылорда қаласындағы үй-құрылыс комбинатында құрылыс шебері, прораб, монтаждау учаскесінің бастығы ретінде қызмет атқарған. 1994 жылы күріш өсіру мен өңдейтін «Абзал және К» толық серіктестігін құрып, 2016 жылға дейін директор қызметін атқарды. 2008 жылдан бастап қоғамдық негізде Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының Президенті болып сайланып, жұмыс істеп келе жатыр. 2012-2016 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, 2016-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Бүгінде «Абзал және К» толық серіктестігінде қызмет істейді. Жұбайы Алтынай Әбдікәрімқызы Ілиясова екеуі екі бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Алты немересі бар.

– Абзал Жұмашұлы күріш шаруашылығы өз мамандығыңыз ба, əлде атадан қалған сүйікті іс пе?

– Мамандығым инженер-құрылысшы. Осы салада 10 жыл жұмыс істедім. 1991 жылы Кеңес Одағы тарағаннан кейін жұмыстар тоқтап, құрылыс саласы да тоқырауға ұшырады. Сол уақытта туған жерімде күріш шаруашылығымен кеңшарлар (совхоз) айналысатын. Бұл істі атакәсібім деп айта алмаймын. Дегенмен қазақ халқының атакәсібі – мал шаруашылығы. Егін шаруашылығымен 1920 жылдан кейін айналыса бастаған. 1935 жылдары өңірімізге кәрістер жер аудара бастады. Приморск өлкесінде күріш еккен олар біздің Қызылорда өңіріне де келіп, көптеп күріш еге бастады. 1966 жылы Кеңес Одағы көлемінде Мәскеуде жалпы үлкен бір жиналыс өтіп, Қызылорда облысының жерлерін тегістеп, суармалы жерді көбейту жөнінде шешім қабылданған болатын. Соған байланысты күріш егетін жерлер көбейген. Қазіргі таңда жалпы 200 мың гектардың үстінде жер бар, бірақ Кеңес Одағы кезіндегі егістік жерлер 100 мың га болса, қазіргі таңда суға байланысты жыл сайын егілетін жерлер 80-85 мың га. Биыл 88 мың гектарға дейін күріш егілді.

Күріш шаруашылығымен қашаннан бері айналысып келесіз?

1994 жылы кәсіппен айналысуға бел будық. Алғашқы кезде ұсақ-түйек жұмыспен айналысып, мекемені нарық заманына бағыттап, қара күріш алып-сатып жүрдік. Кейіннен өңдеуге көшіп, 1999 жылға дейін істедік. Сол жылы Қытайдан күріш өндейтін құрылғылар әкеліп орната бастадық. Кейіннен қазіргі отырған 12 га өндірістік база территориясын сатып алдық. Мұнда 2 күріш өндейтін зауыт орналасқан. 2004  жылдан бастап бұл жерде Оңтүстік Кореядан құрылғылар алып орнатып, сол зауыттар бойынша күріш өңдеу жұмыстарымен айналысып келеміз. Бұдан басқа туған жерімде 2005 жылдан бастап күріш егіп, онда ауылдың 460 адамын жұмыспен қамтып отырмыз.

Шаруашылығыңызда күріштің қандай түрі мен сұрыптары бар?

Күріштің янтарь және лидер деген негізгі екі сұрпын егіп жатырмыз. Жалпы күрішке сұраныс өте жақсы.

Тыңайтқыштарды қайдан аласыз және бұл дәнді дақылға айрықша күтім қажет пе?

– Тыңайтқыштарды Ресей мен Өзбекстаннан аламыз. Олардың түрі көп. Азот және фосфор тыңайтқыштары бар. Аммофос деген тыңайтқыш бар. Оны Тараз қаласындағы «Қазфосфат» химия өнеркәсібі серіктестігінен аламыз. Жалпы бұл дақыл ерекше күтімді қажет етеді. Күріш суды көп қажет ететін өте күрделі дақыл, өйткені 100 күннен астам суда тұрады. Жалпы қазақ халқы ертеректе бұл дақылды екпеген. Алайда айналысып келе жатқанына жүз жылдай болды деп айта аламын.

Басқа дақылдармен салыстырғанда бұл шаруашылықтың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?

– Бұл дақылдың артықшылығы халықтың күнделікті көп мөлшерде тұтынатын асы болғандығында. Күріш бүгінде тағамдарымыздың алғашқы қолданатын негізгі екі-үш түрінің құрамына кіреді. Мысалы, той жиындарда, құдайы аста палау беріледі. Бұл дақылды қара күріш есебінде 1,5-2 жылға дейін сақтауға және одан кейін өңдеп қолдануға болады.

Күрішті қалай өткізесіз, экпорттала ма және қандай сату жолдарын қолданасыз?

– Күріш шаруашылығы – Қызылорда облысының негізгі кәсібі. Бұл – өміріміз! Облысымызда Арал ауданынан басқа аудандарда күріш өндірумен айналысады.  Арал ауданы мал шаруашылығымен, ал қалған алты ауданы мен Қызылорда қаласы төңірегі күріш егумен айналысады. Негізінде күрішті өндіріп, оның 60%-ға жуығын шетелге экспорттап, республика көлемінде де өткіземіз. Тұрақты клиенттеріміз бар.

Жалпы күріш пен оның өнімдеріне (күрмек) қаншалықты сұраныс бар және қай кездерде артады?

– Шаруашылығымызда күріштен басқа мал азығы – жоңышқа өндірумен айналысамыз. Өйкені ол жерді өңдеп, құнарлығын арттырады. Бұдан басқа қамыстық шөптер де бар, оларды да пайдалананамыз. Мал шаруашылығындағы кейбір кәсіптер осы күріш өндірісімен тікелей байланысты.

Шаруашылығыңыз күріштен басқа да өнім өндіре ме?

Жалпы күрішті өңдегеннен кейін одан бөлініп шығатын нәрсенің бірі – жем. Оның «ақ ұсақ» деген өнімі бар. Оларды балалар мен жануарлар тамағына да пайдаланады. Ресейде оны өңдейтін зауыттар бар, көбінесе солар алып кетеді.

Күріштің қабығы мен қалдығы кәдеге жаратыла ма?

Бұдан басқа жемдері мен күріштің қауызын елімізде мал шаруашылығымен айналысатындар алады. Бағасы арзан болса да қауыздарын тастамай, ысырап болмас үшін өткіземіз, кәдеге жаратамыз. Жалпы бұл шаруашылықты қалдықсыз деп айтуға болады.

Шаруашылығыңызда күріш тұқымына селекциялық жұмыстар жасала ма?

– Егістік жерге байланысты алқаптарға күріш еге берсек жер тозады, ал жоңышқа ексек жер жаңарады. 3 жыл күріш ексек, 3 жыл оның орнына жоңышқа егеміз. Ол өзінің тамыры арқылы жерге азот тыңайтқышын көбейтеді. Бір жағынан тұқым шаруашылығы болып саналатын статусымыз бар. Элиталық бірінші репродукциялық күріш тұқымын өндіреміз. Ол да үлкен жұмыс, өйткені оны пайдалану мен жүргізу жұмыстары өте күрделі.

– Кəсіпкерлерге қолдау ретінде мемлекеттен көмек алдыңыз ба?

Кәсіпкер ретінде Ауылшаруашылық министрлігі тарапынан жұмысымыз бен өндірген өнімімізге субсидия аламыз. Жалпы тыңайтқыштарға 50% мемлекеттен қаржылық көмек береді. Су мәселесі бойынша және инвестициялық жағынан 30-35%-ға дейін техникаларымызға субсидия береді. Жанармайдың нарықтық бағасы қазір 280 теңге болса, дизель отынының бағасы күзгі егін жинау науқанына 248-250 теңге көлемінде қосымша жеңілдік беріледі. Мемлекет осындай қолдаулар көрсетіп отыр. Әрине, бұл біз үшін үлкен көмек. Күрішті стратегиялық өнім деп айтуға болады. Мемлекеттің қауіпсіздігі жағынан азық-түлікпен қамтамасыз ететін тағам деп санаймыз.

Елімізде жалпы күріш шаруашылығымен айналысатын негізгі өңір – Қызылорда облысы. Бұдан басқа Түркістан облысында 1,5-2 мың гектардай кішкене жер бар. Республикамызда 105 мың гектар егілсе, оның 88 мың гектары Қызылорда облысында, 10-15 мың га Алматы облысының Балқаш ауданы Бақанас ауылында егіледі.

– Елімізде күріш шаруашылығымен айналысатындармен тəжірибе алмасып тұрасыз ба, болса кімдер?

Тәжірибе алмасу өте маңызды. Қызылорда қаласында Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар. Қазіргі таңда институтта жаңадан сұрып алу жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы, «Сыр сұлуы», «Айсәуле», «Ай Керім» атаулы сұрыптарды зерттеп, оларды өндіріске енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Тәжірибе алмасу мақсатында семинарлар өткізіп тұрады. Облыс көлемінде араласып тұратын шаруашылықтар бар. Бір-бірімізге барып, тәжірибе алмасып тұрамыз.

– Өмірлік ұстанымыңыз немесе еңбекке байланысты қанатты сөзіңіз бар ма?

«Абзал және К» толық серіктестігінің жанында «Мағжан» ЖШС, «Алтын орда» ЖШС, «Эль Панда» ЖШС бар. Бұл үлкен холдинг. Серіктестікте мыңнан аса жұмысшы мен қызметкелерді жұмыспен қамтып отырмыз. Жалпы шаруашылығымыздың негізі Нағи Ілиясов ауылынан бастау алады. Жылына 25-30 мың тонна күріш өндіріп, сатамыз. Жұмысты адал істеген дұрыс. Жетістік – маңдай термен келеді. Дақылды жаздай баптайсың, күзде орасың. Сенбі, жексенбі күнге қарамай шаруашылығымызда тірлік қайнап жатады. Егінді жинап алу, оны өңдеп сату мәселесі де бар. Ауыл тұрғындары өте еңбекқор, көбі диқаншы. Осыған байланысты Хәкім Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген асыл сөзін ұстанамын. Сол үшін ерінбей еңбек ету керек деп ойлаймын. Мақсатым – қара басымды байыту емес, елге қызмет ету.

– Қандай жетістіктеріңіз бар?

Иә, жетістіктерім көп. Атап айтар болсам:

2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің желтоқсандағы Жарлығы бойынша елге жасаған ерен еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» орденімен және сол жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен наградталдым.

2012 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласына қосқан айрықша үлесі үшін «Меценат» алтын медальмен, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 10-қарашадағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым.

2010 жылы Мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеуметтік – экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 7-желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденіне және 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 25 тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медаліне ие болдым.

Бұдан басқа «Құрметті құрылысшы» атағы берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы «Білім беру саласына қосқан айрықша үлесі үшін» алғыс хат иелендім. «Құрмет» және Отан ордендерінің, сонымен қатар «Қызылорда облысының құрметті азаматы», «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағы иегерімін.

Атақпен шектеліп, жұмысымызды тоқтатып жатқан жоқпыз. Бұл жайлы әлеуметтік желілер мен YouTube арнасында көптеген мәлімет жарияланған. Осыған байланысты әлеуметтік салаға ауылымызға жыл сайын қаражат бөлеміз. Кем дегенде жылына 100-200 млн теңгеге дейін қаражат кетеді. Оның арасында былтыр 455 млн қаржыға «Еңбек аллеясын» салдық. Өз есебімізден оны көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына жылына 100 млн-ға дейін қаражат жұмсалады. Одан басқа Мәдениет үйі, мектеп пен балабақшалардың күрделі жөндеу жұмыстары мен олардың ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұлар мемлекеттік нысандар болғанымен де, сол ауылда тірлік жасап жатқаннан кейін қаражат бөліп жылда ұстап, дамытып отырмыз. Сондай-ақ мешіт, стадион, балаларға арналған монша мен ауыл әкімшілік ғимаратын заманауи үлгіде салдық. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерімізге арналған «Мәңгілік алау» ғимаратына қайта қалпына келтірдік.

Кəсіпкер ретінде күріш шаруашылығымен айналысатындарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Қалай жұмыс істесеңіз, солай қарымтасын қайтарады. Кеңесім – еңбек ету керек. Мысалы, алқаптың басында күрішшілер, сушы болады. Барлығы ерінбей жұмыс істеу қажет. Оның қыр-сыры бар, үлкен бір ғылым десе де болады. Күріш өндірісінде ең басты жердің тегістігі, судың үнемділігі, мөлшері мен тиесілі тыңайтқыштарды беріп отыру керек. Кейбіреулер қаражатына қарай тыңайтқышты аз беруі мүмкін. Мөлшерінен азайғаннан кейін дақылдың мазасы болмайды. Алдымен тиесілі жер мен топырақтың құрамын зерттеп, оған қанша тыңайтқыш қажет екенін анықтау өте маңызды. Оның күтімі мен дер кезінде суын жеткізіп, уақытында арамшөптерден тазартып отыру қажет. Дәрілері де бар. Піскен кезде жауын-шашынға қалдырмай уақытында жинап алу керек. Мұның бәрін күрішшілер, мамандар мен диқандар біледі.

Абзал мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?

5 мың га жер көлеміне жоғарғы өнім алуды мақсат қойып отырмыз. Жоғарғы өнім алып та жүрміз. Бұдан басқа жоспарымыз жылда Нағи Ілиясов ауылымыздың әлеуметтік дамуына үлесімізді қосу, одан әрі көркейте беру. Шаруашылылығымыздың арқасында ауылымыз облыс көлемінде «Үлгілі ауыл» атағын жеңіп алды. Ауылымызда 12 көше бар. Оның күнделікті тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруы бар. 10-15 жыл көлемінде 35 мың түп ағашты егіп шығардық. Жалпы облыстың климаты ыңғайсыздау. Жазда қатты ыстық, қыста суық әрі құрғақ. Бұл жерге ағаш өсіру қиын, жел соғады. Еккен ағашымыз өте көп, бірақ өсіп шыққаны 35 мың түп.

Гүлдер көп егіледі. Өйткені Нағи Ілиясов ауылының символы – гүл десем де болады. Бұл шаруамен кем ең аз  40-50 адам айналысады. Оның тұқымын алу, егу мен күтімі бар дегендей жылына 100 млн теңге қаржы жұмсалады. Ауылымызда 5 субұрқақ (фонтан) бар: Әкімшілік ғимаратында, Мәдениет үйі алдында – екеу, сондай-ақ Еңбек аллеясында – екеу. Субұрқақ көп көңіл бөлуді қажет ететін жұмыс түрі. Мысалы, судың тазалығы т.б. Бұдан басқа көгалдар (газон) бар. Ауылға келсеңіз қаншама жұмыс жасалғанын көресіз…

– Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге табыс тілеймін!

      Сұхбаттасқан Сабина Кәкімжан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button