Мақала

Азамат Битан. Шенеунік тілден мүдірсе...

Ұзыннан ұзаққа созылған, әлі қанша жерге дейін барарын дөп басып айту қиын бір мәселе – мемлекеттік тілдің жыры. Жарықтық, белгілі журналист Жұматай Сабыржанұлы: «Айта-айта тіліміз темір татып кеткен», – деп сипаттаушы еді. Сол кісі айтпақшы жаза-жаза жауыр болған тілім-тілім тіліміздің жарасына кейде тіпті қол апарғың келмейді…

Енді осынша айтылып, осынша жазылып жатса неге өнім жоқ? Осы сұраққа келгенде тура бір араның ұясын түртіп қалғандай боласың. Мың сан себеп ду етіп ұшып шығады. Тіпті өзіңе тап беріп талап тастайды. Тілдің жайын жөндейміз дегендердің өзі жақ-жақ болып жан-жаққа тартады. Баяғы аққу, шортан һәм шаянның мысалы. Әсіресе әлеуметтік желіде жұрттың бәрі қазақ тілінің жанашыры секілді көрінеді. Сондай сәтте қуанып қаласың. Алайда көшеге шықсаң, ойын алаңын кесіп өтсең, түрлі әлеуметтік ортаға барсаң, кейбір ресми жиналыстарды көрсең әлгі қуанышың ақырындап өшкіндеп, ұмыт болады. Неге? Әрине тағы сан себептер мияның тамырындай тарамдала береді. Бұл ретте жазушы Әкім Тарази ақсақалдың ертеректе «Астана ақшамы» газетіне берген бір сұхбатындағы: «Қазақ тілін айтып, мәселе көтеріп жүрген жігіттердің көбі үйінде бала-шағасымен орысша шүлдірлеседі. Ұлтқа шынайы жаны ашыса өз отбасы алдымен қазақша сөйлесін. Кейбіреуінен жиіркенемін. Тілді мамандық, кәсіп қылып алғандар бар», – деген сөзі ойға оралады.

Шындығында

тіл мәселесін қалқан қылып белгілі бір мақсаттарымен әйтеуір бір жерден ши шығып қалса екен деп іздеп, тілеп жүретіндер де жоқ емес. Көп жағдайда ақпарат нақты емес қауесет, кейде жала болып та жатады. Бұл «қойға қасқыр шапты» деп әлде неше рет өтірік айқайлаған баланың анығында қасқыр шапқан кездегі дабылына тірі жанның мойын бұрмай қойғаны секілді жағдай. Осылайша мұндай әдіс шын мәнінде тіл үшін шырылдап жүрген азаматтардың үнін құр жаңғырыққа айналдырып, қадірін қашырып жіберуге әкелуі мүмкін. Әкеліп те жатыр.

Тіл – тірі құбылыс

Ол жиі жаттығып, қателесумен жетіледі. Туа салып тұрып, тұра салып жүгіре жөнелетін бала болмайтыны секілді, ана тілінде сөйлеуге ұмтылған кез келген қазақтың тілі бұралмайтыны, жаңылыспайтыны жоқ. Кекеп-мұқап, күн тәртібіндегі мәселеге айналдырғаннан оның тілге деген махаббаты арта ма? Иә, әсіресе ел қызметінде жүрген шенеуніктерден талап ету керек. Баяғыдан айтылып келеді. Оны да құр айқай емес, іс жүзінде жүзеге асыру үшін алдын ала тағы нендей дүниелерді жасау керек? Алдымен осы төңіректегі сауалдардың шешімін тапқанымыз жөн. Иә, мықты маман керек! Иә, қазақы тілді қызметкер керек! Керек, керек! Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы керектердің жолында жұмыс та істелуі керек!

Кезінде ата-ана тәрбиесі, мектеп, қоршаған ортасы орысша болып, енді-енді өз тіліне бет бұрып, шама-шарқынша сөйлей бастаған өз отандасымызды бас-көзге төпелеп, мазақтап, «аузымнан қазақша дыбыс шығып кетпесінші, қателесіп масқара болмайын» деген күнге жеткіздік. Мұнымыз қаншалықты дұрыс?

Екіншіден, күткеніміз нәтиже болса, уақыт бір амалға ғана қасарысып отырудың қажеті жоқ екенін көрсетті. Бұл ретте мемлекеттік тілді білмей үлкен қызметті алаңсыз алып жүру де қоғам тарапынан құпталмай отыр. Оның мысалдарын дәл осы кезде жүріп жатқан індет жағдайында ерекше байқап, көріп отырмыз.

Мысалы «қазақша білмейді» деп желідегі ағайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышевті күстаналап бақты. Бірақ кейін бейнежазбаның толық нұсқасы жарияланды. Бірақ ол әуелгідей үлкен қарқынмен тарала қойған жоқ. Себебі кесіп, жалғанған нұсқа әлем аралап кетті. Әрине, вице-министрдің жорғадай тайпалып тұрғаны шамалы, бірақ орысшаны сүрінген жерінде таяныш ете жүріп айтпағын қазақша жеткізді. Біз мұндайға көз жұма қарамайық, бірақ әр сүрінген тұсын санап тұрып, теріп алып желіге салғаннан не түзелді? Жаймашуақ кез болса, жарайды, карантинде онсыз да жүйкесі жұқарып отырған жұртты шулата бергеннен кім, не ұтпақ? «Қызметінен кетсін!» дегенде салмақ маманның тілінен гөрі біліміне, тәжірибесіне түсіп тұрған төтенше жағдайда ел ісін еш ақсатпай, тілді де еш мүдіртпей алып кете қоятын маман табыла қоя ма?! Иә, ондай маманның бар екеніне шүбә келтірмедік дегеннің күннің өзінде дәл қазір сол адам дөп табылып, орнына келе қоя ма? Міне, мәселе!

Не түйдік?

Иә, бұл төтенше жағдай айқын көрсеткен мәселенің бір қыры ғана. Енді одан сабақ алу керек. Осы бір қиын кезеңнен кейін көп сала басқаша бағытта дамитыны белгілі. Оның ішінде қоғаммен кері байланыс ісі де жаңа деңгейге шығуы керек.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбаты жарияланды. Онда президент тілге қатысты ойын: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», – деп басып айтты. Ел қызметінде жүрген азаматтарға бұдан артық қандай пәрмен керек?! Әлбетте, тіл білгеннің бәрі ел тағдырына елең етіп отыр дей алмаймыз. Тіл білмегендерге бәрі бір дегенді кім шығарып жүр?! Десек те, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан халқымыздың мемлекеттік тілге деген сұранысы өте жоғары! Дәл мұндай талап қоғам тарапынан бұрын-соңды болған емес. Ендеше ел аманатын арқалаған жауапты мамандар мемлекеттік тілді жетік біліп, сол тілде қызмет етуі керек!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button