Жаңалық Редакция таңдауы

«Азаматтық алаңның» кезекті отырысы өтті

Бүгін Қазақстандық қоғамдық даму институтының қарамағындағы Ruh.kz порталының ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысы өтті.

Отырыстың негізгі мақсаты -ұрпақ тәрбиесіне қатысты олқылықтарды анықтау, олардың орнын толтыруға негізделген ұсыныстарды топтастыру, шараның қорытындысына сәйкес тиісті іс-шаралар қабылдау. 

Онлайн отырысқа Қазақстандық қоғамдық даму институты қызметкерлері, «Jastar» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері, өңірлік жобалық кеңсе қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен ғылым докторлары қатысты.

Онлайн отырысқа төрағалық еткен Қазақстандық қоғамдық даму институты КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Төлепбергенов Аманбек Көрпебайұлы. 

Аманбек Көрпебайұлы: «Жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрінің, танымдық рөлі зор. Қазақ – зор рухани байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мен мақал-мәтелдері, шешендік сөздері мен айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық», – деп сөз бастап беріп, кезекті қатысушыларға берді.

«Ақбастау» ұлттық тәрбие бағдарламасының авторы, «Қуатты Қазақстан» ұлттық ділін қалыптастыру қорының президенті Мұхит Әуелбай: «Сана трансформациясы дегеніміз – ескі материалдық ойлау жүйесінен, жаңа рухани ойлау жүйесіне көшу. Материалдық құндылық – рухани өсу үшін берілетінін түсіну. Мектептен бастап, рухани дүниетаным қалыптастыру арқылы, ақ пен қараны ажыратуды үйрету. Сырттан келіп жатқан жалған құндылықтардың әсерінен, мінез-құлық, жүріс-тұрыс, дәстүр, діл негізі ана тілі – ұлттың генетикалық кодын өзгертуге алып келетінін түсіну. Сөз деген – генетикалық код – бағдарлама. Ми сөздермен бағдарланады. Ана тілінде сөйлесу, сана мүмкіндіктерін күшейтеді»,- деп пікір білдіріп, «Ақбастау» ұлттық тәрбие бағдарламасын қатысушыларға таныстырып өтті.

ҚазҰУ «Шығыстану» факультеті, «Қиыр Шығыс» кафедрасы, «Жапонтану» бөлімінің аға оқытушысы, PhD доктор Ақын Бағдаулет пен Қазақстан жапонтанушылар қоғамының мүшесі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Шығыстану» факультеті, «Қиыр Шығыс» кафедрасының аға оқытушысы Расул Арин бала тәрбиесіндегі шығыс  елдерінің тәсілін негізге ала отырып, шетелдің тәрбие беру бағытын біздің менталитетке сай қолданысқа енгізіп көру қажеттігін де айтты.

Расул Арин: «Бала тәрбиесінде екі тәсілді алып қарауға болады. Оларды жұмсақ және қатал тәсіл деп бөледі. Мысалы: финдік тәсіл – бұл балаға еркіндік беру (жұмсақ). Ал, сингапурлық тәсіл – күніне 15 сағат кітап оқыту (қатал). Бұл екі тәсілдің де өз мықты жағы бар. Өзімізге тиімді түрде пайдалануға болады», – деді.

Күн тәртібі бойынша негізгі спикерлердің барлығы өз ойларын ортаға салып. Қатысушылар арасында пікір алмасу болды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button