Азаматтық қоғамның «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысу мәселелері талқыланды
Х Азаматтық форум барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен «Азаматтық қоғам және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы» атты пікіралмасу сессиясы ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы күндері Нұр-Сұлтанда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» X Азаматтық форумы өтуде. Сессиялардың бірі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын танымал ету және іске асыру мәселелеріне азаматтық қоғамның қатысуы мен тартылуына арналды.
ҚР АҚДМ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Тінәлиев ҮЕҰ-дар мүшелерін бағдарламаны іске асыру бағыттарымен және тетіктерімен таныстырды. Бағдарламаның алты бағыты бойынша 17 арнайы жоба жүзеге асырылуда. 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді.
«Енді осы уақытқа дейін бағдарлама деңгейінде болған құжат үлкен ұлттық жобаға айналуда. «Ұлттық Рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты – ұлттық кодты сақтап, оны заманауи технологиялық дәуірге бейімдеу. Тиімді іске асыру азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен және тікелей қатысуымен ғана мүмкін болады», – деп атап өтті Ұлықбек Тінәлиев.
Өз кезегінде ҮЕҰ өкілдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жасампаздық сипатын атап өтті.
«Азаматтық қоғамды дамытуда біз, азаматтық қоғам өкілдері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай дамудың эволюциялық жолын таңдауымыз керек. Бұл біздің ата-бабаларымыздың жолы. Мысалы, біздің бірлестігіміздің басты мақсаты ата-бабаларымыздың ерлігіне тарихи баға беру, әрбір ҰОС қатысушысын мәңгі есте қалдыру, олардың ерлігі мен батырлығын болашақ ұрпақ үшін дәріптеу», – деп атап өтті «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Сағымбаева.
Сессияда сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ең алдымен қазақстандықтардың сан алуан ұрпақтарының байланысы мен сабақтастығына бағытталғанын айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл бір ғана ұрпақ емес, бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзбей жүзеге асыру үшін аса қажет жоба. Мысалы, елімізді таныту мақсатында біз отандық ақындар мен жазушылардың шығармаларын әлемдік тілдерге аударып жатырмыз, сондай-ақ әлемдік озық ойлардың жауһарлары болып табылатын кітаптар мен оқулықтарды аударудамыз. Шетелдегі отандық тарихқа қатысты мұрағаттық деректермен жұмыс жүргізілуде, бағдарлама шеңберінде археология саласында жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан жобалар мен жұмыстар», – деді Дархан Мыңбай.
Пікіралмасу барысында үкіметтік емес сектор өкілдерінің «Ұлттық Рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыруға белсенді қатысу мәселелері талқыланып, тиісті ұсынымдар берілді.