Жаңалық Редакция таңдауы

Азаматтық қоғамның дамуы – ел бірлігінің кепілі

Қазан айында Қазақстанның ХI Азаматтық форумы өтеді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласында өткен жастар саясаты мәселелеріне арналған өңірлік азаматтық форумда хабарлады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қазан айында еліміздің белсенді қоғам өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның ХI Азаматтық форумы  өтетінін айтты, деп хабарлайды Ruh.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы азаматтық қоғам құру негізгі басымдықтың бірі екенін үнемі айтып келеді. Президент жолдауында, сайлауалды бағдарламасында бұл мәселенің маңызына мән бергені белгілі. Биыл қазан айында еліміздің барлық өңірлерінің белсенді азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы өтеді.

Осы үлкен алқалы жиын қарсаңында барлық өңірлік Азаматтық форумдар өтуде, олардың қорытындысы бойынша алдағы ауқымды форумға жолданатын ұсынымдар тізбесі әзірленіп, азаматтық қоғам үшін өте маңызды құжат – Азаматтық қоғамның даму тұжырымдамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі, – деді министр.

Дархан Қыдырәлі өз сөзінде инклюзивті қоғам құру бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың саны артып, азаматтық қоғам институттары тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешуде және қоғамдық-саяси процестерді жаңғыртуда маңызды құралға айналғанын атап өтті.

Азаматтық қоғамның дамуы – мемлекет өркендеуінің негізгі шарттарының бірі. Өркениетті ел құрудың алтын қазығы азаматтық қоғам қалыптастыру екенін адамзаттың жүріп өткен жолы анық көрсетіп берді.

Бүгінде құрамына 3 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым енетін Қазақстанның Азаматтық альянсы азаматтық қоғам дамуына белсенді үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. Азаматтық альянс былтырғы президент сайлауында бастамашыл топ болғаны белгілі. Аталған ұйым көптеген игі шаралардың өтуіне мұрындық болып, жемісті жұмыс істеп келеді, – деді министр Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар ол еліміздегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданатындығын, сондай-ақ «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгертулер енгізілетіндігін айтты.

Қазіргі уақытта азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенат талқылауына ұсынылды. Сондай-ақ «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, Мәжіліс қарауына ұсынылды. Заң бойынша бұрын қоғамдық бірлестікті құру үшін 10 адамның шешімі қажет болса, жаңа өзгерістерге сай ол 3 адамға дейін қысқарды. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер құрамына енетін азаматтық қоғам институттарының топтары нақтыланады. Өзгертулерге сай, енді қоғамдық кеңес құрамына тек үкіметтік емес ұйым мүшелері, бұқараларық ақпарат және әртүрлі партия өкілдері ғана кіретін болады, – деді министр Дархан Қыдырәлі.

Министрдің айтуы бойынша, осы жылдың соңына дейін қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 10 %-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Азаматтық қоғам институттарының ішіндегі маңызды топтардың бірі – қоғамдық кеңестер. Қазір елімізде 258 қоғамдық кеңестің құрамында 4 мыңнан астам белсенді азамат өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырма бойынша осы жылдың соңына дейін Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 10 %-ға жеткізу қажет. Қазіргі республикалық көрсеткіш – 9% – деді министр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button