Жаңалық

Азат Шәуеев: «Кейінгі ұрпақ сендерден жирене ме, үйрене ме, ол сендердің таңдауларың!»

Екінің бірінің қолында смартфон. Осылай шағымданамыз. Неге сол смартфонды тәрбие құралына айналдыра салмасқа? Ол үшін не керек? Аймақтағы жаңалықтарды, өңірлер тарихын, балаларға арналған қызықты да танымды материалдарды жариялайтын, топтастыратын интернет порталдар керек. Кітап белгілі бір данамен шығады.

Қазақстандағы барлық адамды жаңа шыққан кітаппен қамтамасыз ету мүмкін емес. Есесіне кез-келген еңбекті бір мезетте барлық жаһанға жариялайтын, барлық адамға қолжетімді ететін электронды нұсқалары бар, сайттар бар. «Тәтті алма» балалар жинағының V томы жарық көрді. Таралымы әзірше 3000 дана. Тағы сонша дана шығару жоспарда бар. Бірақ бұл аз. 10 000 дана болса да аз. Сондықтан интернет қосымшасын жасаудың, балалар әдебиетіне арналған балалар порталының қажеттілігі бар. Аталмыш жинақты құрап, оның жарыққа шығуына сеп болып осы ізгі шараның басы-қасында жүрген, «Ұлы дала аңыздары»  атты веб-графикалық романдардан тұратын онлайн жобасының жетекшісі Азат Шәуеевпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Ruh.kz: Күні кеше ғана «Тәтті алма» балалар жинағының V томының тұсауы кесілді. Оң болсын! Осы жинақ турасында айтып өтсеңіз?

Азат Шәуеев: Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылғалы бері жастарға арналған түрлі жаңа технологияларға байланысты жобалар жасап келеміз. 2013 жылдан бері балалар әдебиеті ақсап қалды деп, жас ақындар, жас жазушылар, жас әдебиетшілердің еңбектерін жинақтап бастап едік. 2015 жылы екі том шығарма жинақтап қойып, шығаруға демеуші іздедік. Осы кезде наурыз айында күтпеген жерден Елбасы Аружан Сайн екеуімізді өз қабылдауына шақырды. «Жібек жолы» деген жаһандық сыйлық алған екен. Соның қаржысын Аружан Сайн екеуіміздің қорымызға тең бөліп берді. «Интернет арқылы халыққа тіл үйретіп жатыр екенсіңдер. Жаңа, жақсы жобаларды жүзеге асырыңдар. Менің қолдауым осы», деп еді. «Қандай жоба жасайсың, қандай ойың бар?», дегенде бірден ойыма түскені осы болды. «Екі том жинақтап қойып, соны шығаруға демеуші іздеп жүрген кезде, дер кезінде жасалған үлкен көмек болды», деп алғысымды айтып, жобамды көрсеттім. Елбасы «Тәтті алма» деген атауын ұнатты.

Одан бөлек «Абай әлемі» деген портал ашуды, «Кім білгіш» деген интелектуалды онлайн ойын жасағым келіп жүргенін айттым. Қолдау алдым. Солай 2015 жылдың тамыз айында «Тәтті алманың» бірінші, екінші томын шығарып, мектепте, 200 дей баланың алдында тұсауын кестік. Бұл жинақты құрастырып жүрген – баршамызға белгілі балалар жазушысы, Шәкен Күмісбаев ағамыз. Қазір Жазушылар Одағы басшысының бірінші орынбасары болып отырған Ақберен Елгезек идея басында жүрді. Шәкен аға, Ақберен Елгезек үшеуіміз балаларға арналған шығармаларды жинақтап жүрдік. 6 мың дана шығардық. Жетпейді. Сұраушылар көп. Содан әрі ойланып, бері ойланып, балаларға арналған әдеби сайт жоқтың қасында екенін ескере отырып, дайын материалдарымыз бар екенін ескере отырып «Tattialma.kz» деген тұңғыш балалар әдебиетінің сайтын жасадық. Сонымен қоса мобильді қосымшасын да іске қостық.

Осындай істермен айналыса жүріп, Қазақстандағы балалар жазушыларының шығармаларын жинап, топтастырып 2017 жылы «Тәтті алманың» үшінші, төртінші томдарын жарыққа шығардық. Үшінші томына тек ертегілерді, төртінші томына театрлық қойылымдарды топтастырдық. Осындай жолмен басталған еңбек бүгін бесінші мәрте балалардың көз қуанышына айналып отыр. Бес томдағы шығармалардың бәрі аталмыш сайтта жарияланған.

Ruh.kz:  «Ұлы даланың аңыздары» веб-графикалық романдар сериясымен жарыққа шыққан «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Жұмбақтас» коммикстері қолымызға тиіп отыр. Соны бастама. Осы жөнінде сөз тарқатсаңыз?

Азат Шәуеев: «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көрді. Білесіз. Осыған сәйкес біздің балаларымыздың комикстерді, Батыстың «батырларын» қызыға көріп, жарыса айтысып жүретінін ескере келіп, осыларға өзіміздің батырларымызды, өзіміздің хандарымызды, өзіміздің ғашықтарды насихаттайтын, бала санасы қабылдай алатын коммикстердің алғашқы екі санын ұсындық. «Ұлы дала аңыздары» деген сериямен үлкен жобаны қолға алдық. Жобаның бірінші бөлімі – «Жеті махаббат хикаясы». Бірінші бөлімнің екі санын өздеріңіз көріп отырсыздар. «Қозы Көрпег Баян сұлу» мен «Жұмбақтас» хикаялары. Одан әрі «Айша Бибі», «Еңлік-Кебек»…

Екінші бөлімін батырларымызға арнамақпыз. Бұл бөлімде сонау бастауыш әдебиетінен бастап айтылып келе жатқан, тарихтан білетін батырлармен қатар бүгінгі батырлар туралы да комикстер жасамақпыз. Үшінші бөлімі хандарға арналған, жеті бөлімнен тұратын сериялы жобамызды жалғастыра бермекпіз.

Келешекте бұл коммикстерді мультфильмге айналдыру ойымызда бар.

Ruh.kz: Жастарға айтарыңыз бар ма?

Азат Шәуеев: Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Не істелсе де жастар үшін істеледі. Адам өткенінен тәлім алып, болашағын жасайды. Ал болашақ – осы жастар. Сендер. Жігерлі болыңдар. Әлихан Бөкейхан бабамыз айтқандай «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден!». Мінезді болыңдар. Кім екендеріңді біліңдер. Істеріңнің тарихта қалатынын біліңдер. Кейінгі ұрпақ сендерден жирене ме, үйрене ме ол сендердің таңдауларың. Осыны біліңдер. Жастарға қажетті болдау білдіруден біз де аянып қалмаймыз!

Ruh.kz: Ағалық ақыл, қолдауыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! Жақсы күндерде жолыққанша, Аға.

Сұлтан Мұстафин,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button