Жаңалық

Азиада-2025: керлингтен Қазақстан құрамасының әлеуеті қандай?

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасы керлингтен осыған дейінгі Азия ойындарында бірде-бір рет үздік үштікке кіре алмады. 2025 жылғы Азия ойындарында отандастарымыз тарихты жаңарта ала ма? 
 
Жалпы керлинг Азия ойындарының жарыс бағдарламасына 2003 жылы енгізілді. Ал Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінен 2007, 2017 жылдарда өнер көрсетті. 2007 жылы Қытайдың Чанчунь қаласында өткен қысқы Азия ойындарында жалпы 4 құрама қатысты: Қазақстан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея құрамасы. Сол жылы ұлттық құрама жеңіс тұғырынан көріне алмады.
 
2011 жылы қысқы Азия ойындары Қазақстанда өтті. Бірақ керлинг жарыс бағдарламасына кірмеген еді.
 
Ал, 2017 жылы Азия ойындары Жапонияның Саппоро қаласында өтті. Аталмыш жарысқа Қазақстан атынан Виктор Ким, Абылайхан Жүзбай, Дмитрий Гарагуль, Мұздыбай Құдайбергенов, Абылай Нұрымбетов(қосалқы құрам) өнер көрсетті. Алайда, Роман Казимирчик бастаған отандастарымыз жүлдесіз оралды.
Жалпы осыған дейінгі керлингтен Қазақстан құрамасының халықаралық чемпионаттардағы нәтижелеріне тоқталсақ.
 
2019 жылы Қазақстан құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өткен аралас командалар арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсетті. Қазақстанның намысын Абылайхан Жүзбай, Ситора Аллиярова, Ангелина Эбауэр қорғаған еді. Топтық кезеңде ұлттық құрама алты матч өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Осылайша олар топтық кезеңде бесінші орынға тұрақтаған болатын. Ал жалпы есепте 21 орын.
 
Әрмен қарай Қазақстандықтар керлингтен 2022 жылы және 2024 жылы өткен панқұрлықтықчемпионаттарға қатысқан.
2022 жылы ұлттық құрама тоғыз ойын өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жетсе, төртеуінде жеңіліс тапқан. Нәтижесінде 12 орынға тұрақтаған болатын. Айта кетейік, ұлттық құрама В дивизионында жарысқа шықты.


2024 жылы өткен чемпионатта нәтиже жақсарды десек те болады. Жалпы есепте 10 орынға тұрақтаған Қазақстан ерлер құрамасы В дивизионында өнер көрсетті. Аталмыш турнирде ұлттық құрама 12 ойын өткізіп, финалға дейін жетті. Жартылай финалда Ямайканы 3:10 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сында филлиппиндерге 9:3 есебімен жол берген.
 
Тіпті, аралас командалар арасындағы әлем чемпионатында плей-офф кезеңіне шығып, Қазақстан тарихын жаңартты. Ұлттық құрама сапында Абылайхан Жүзбай, Тилсимай Аллиярова, Айдос Аллияр, Мерей Тастемір өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінде қазақстандықтар Финляндия, Кения, Германия, Уэльс, Украина құрамаларынан басым түсті. Алайда әлем чемпионатының 1/8 финалында Жапониямен кездесіп, қарсыласқа 8:5 есебімен жол берді. 
Қазақстан әйелдер құрамасы да халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсете алар емес.
Панкқұрлықтық чемпионатта 2022 жылы 7 орынға тұрақтаса, 2024 жылы 11 орынды иеленген.
 
Ал Саппоро да өткен 2017 жылғы Азия ойындарында 4-орынға ие болған. Сол жылы Қазақстан құрамасының намысын Рамина Юничева, Анастасия Сургай, Камила Баканова, Диана Торкина, Ситора Аллиярова қорғаған еді. Алайда, сол жарыста да отандастарымыз жоғары нәтиже көрсете алмады.


 
Қазіргі таңда 2025 жылы Харбинде өтетін Азия ойындарына баратын құрам анықталды.
 
Харбинде өнер көрсететін спортшылардың тізімі:
 
Әйелдер:

- Ангелина Эбауер
- ⁠Тилсимай Аллиярова
- ⁠Екатерина Колыхалова
- ⁠Мерей Тастемір
- ⁠Регина Эбауер

Ерлер:

- Абылайхан Жүзбай
- Айдос Аллияр
- Әділ Жұмағожа
- Ермек Мұсаинов
- Арман Ержанов

Аралас жұп:

- Азизбек Надирбаев
- Амина Какимжанова.
 
Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны Алматыдағы Олимпиадалық дайындық орталығында өтіп жатыр. Жиын 28 қаңтарға дейін созылады.

Керлингтен құрлықтағы басты көшбасшылар туралы айтар болсақ, бұл әрине Оңтүстік Корея құрамасы. Дей тұрғанмен, жарыс қожайындарын да ысырып тастауға болмайды. Оған қоса Жапония да сары құрлықта үздіктердің қатарында.


2025 жылға дейін өткізілген Азия ойындарында үш құрама өзара медаль алмасқан. Мысалға, 2003 жылы Жапонияда өткен ойындарда  Оңтүстік Корея алтын медаль иеленсе, жарыс қожайындары екінші, ал Қытай қола жүлдені қанағат тұтқан.

Дәл осындай жағдай 2007 жылы Қытайдың Чанчунь қаласында өткен Азия ойындарында қайталанды. Тек 2017 жылы Қытай жеңіс тұғырына шыққан еді.
 
Әйелдер құрамасына келсек, ерлерге қарағанда кішігірім өзгеріс бар. 2003 жылы өткен қысқы ойындарда Жапония бірінші орынды иеленген. Ал  2017 жылы Қытай әйелдер құрамасы алтынға қол жеткізген еді.
 
Енді аралас командалар арасындағы жарысқа тоқталып өтсек. Биыл Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарында алғаш рет аралас командалар арасындағы жарыстар өткізіледі. Бұл дисциплинада Қазақстан құрамасының соңғы нәтижелерін ескерсек, медаль жеңіп алуға мүмкіндік бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button