Азияда алдыңғы қатардамыз
Үндістанның бас шаһары – Делидегі Индира Ганди атындағы жабық стадионда велотректен ересектердің 41-ші, жасөспірімдердің 28-ші және пара-спортшылар арасындағы 10-шы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.
Жыл сайын ұйымдастырылатын Сары құрлық біріншілігіне биыл 15 елдің үздіктері жиналды. Мұнда Париж Олимпиадасының іріктеуіне ұпай беріледі.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша қазақстандық спортшылар Делиде тәуір нәтиже көрсетіп, бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Атап айтар болсақ, жасөспірімдер арасындағы бір шақырым қашықтықты уақытқа жарыс бәсекесінде қазақстандық Кирилл Курдиди алдына жан салған жоқ. Чемпионның көрсеткіші – 1:02.840 секунд. Оңтүстіккореялық Чон Ву Ким күміс, жапониялық велошабандоз Минато Наканиси қола жүлдегер атанды.
Екі Олимпиадада бақ сынаған тәжірибелі отандасымыз Артём Захаров омниум бағдарламасында 123 балл жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Бұл сында жапониялық Сюнсуке Имамура топ жарса (152 ұпай), Мұхаммед Ганджханлу 120 ұпай жинап, Иран қоржынына кезекті қола жүлдені салды.
Сондай-ақ әйелдер арасындағы омниум жарысында қазақстандық Рината Сұлтанова 121 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Жапония спортшысы Цуяко Учино Азия чемпионы атанса (139 ұпай), индонезиялық Делия Аюстина Приатна 123 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.
Айта кетейік, омниумды велотректегі көпсайыс деп атауға болады. Яғни велошабандоздар бір күнде бірнеше бағдарлама бойынша жарысады. Омниумнан Олимпиада жүлдесі алғаш рет 2012 жылы Лондонда сарапқа салынды. 2016 жылдан бастап көпсайыстың құрамында 4 бағдарлама қалды. Олар: скретч (мұнда мәреге кім бірінші келсе, сол жеңеді), ұпайға талас, жан бағу (әр белгіленген айналымда соңғы болып мәре сызығын кескен спортшы жарыстан шығып отырады) мен із кесу жарысы. Байқағаныңыздай, нәтижесінде ең көп ұпай жинаған атлет жеңіске жетеді.
Ал кейрин бәсекесінде өнер көрсеткен отандасымыз Сергей Пономарёв ел қоржынына екінші қола жүлдені салды. Ол бұл жарыста Кохей Терасаки (Жапония) мен Шах-фирдаус Мұхаммед Сахромға (Индонезия) есе жіберді. Осы бағдарламада жарыс жолына шыққан тағы бір қазақстандық Андрей Чугай алтыншы сатыға жайғасты.
Кейрин – өткен ғасырдың ортасынан бастап Жапонияда қарқынды дамыған тректегі веложарыс түрі. Спортшылар 2 шақырымға жарысады. Тректегі сынға бір мезетте кем дегенде 6, әрі кетсе 9 спортшы шығады. Позиция жеребе арқылы анықталады. Олар сөреде жанкүйерлерге қарап 2 рет иіліп сәлем беруі қажет. Велошабандоздар бір жарым шақырым бойы көш бастап жүретін арнайы адам – пейсердің соңынан еріп, өзіне ыңғайлы позиция үшін таласады. Ал 500 метр қалған кезде пейсер шетке шығып, мәреге дейін қызу талас жүреді. 2000 жылдан бастап бұл жарыс Олимпиада бағдарламасынан түскен емес.
Айта кетейік, трек пен тасжолдағы велоспорттан құрлық чемпионаты 2017 жылдан бастап бөлек ұйымдастырылады.