Азиядағы ең ірі кешеннің құрылысы басталды
Шымкент қаласында «SHOOTING PLAZA» әмбебап ату кешенінің құрылысы бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда.
Бұл жөнінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Кешен құрылысы аяқталғаннан кейін Шымкентте ату спорты түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар өткізу мүмкін болмақ.
Мамандардың айтуынша, «SHOOTING PLAZA» кешені бұрынғы Комсомол көлі ауданындағы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автожолына жақын жерде ату алаңы аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 14 гектарды құрайды. Нысан осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
«SHOOTING PLAZA» – жобасы толыққанды жаттығу кезеңін ұйымдастыру және ату спорты түрлері бойынша Әлем чемпионаттары секілді ірі спорттық іс-шараларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Спорт кешені Азия аймағындағы ең ірі ату кешені болатынын айта кету керек. Жобаның құрылысы ату спортын одан әрі дамытуға үлесін қосады.
«SHOOTING PLAZA» құрылысы – Халықаралық спорттық ату Федерациясы мен Азия ату конфедерациясының ұзақ мерзімді ынтымақтастығының нәтижесі.
Айта кетейік, ату спортының жүйріктері Токиодағы XXXIІ жазғы Олимпиада ойындарына алғашқы екі лицензияны жеңіп алды. Бүгінгі таңда ату спорт түрінен Қазақстан ұлттық құрама командасының негізгі құрамының 60% – ы Шымкентте тұрады.