Жаңалық Редакция таңдауы Зерттеу

Бабадан жеткен бағзы өнер

Қамшы және қамшыгерлік хақында.

Қамшы – ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандай да бір құрал қажет болған. Алғашында атқа мінген адам қамшы ретінде әртүрлі шыбық, ағаш қолданған. Уақыт өте келе бұл құралды малдың шикі терісінің өзінен жасаған, бертінірек өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа өрім, төрт тас­па, алты таспа, сегіз таспа, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа өрім болып бөлінген.

Қамшы сөзінің шығу тегі туралы көрнекті қолөнер маманы, ұста Дәркембай Шоқпарұлы мынадай жорамал келтіреді. «Қамшы» сөзіндегі қам түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі. «…Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты ма деген ой келеді…». Қазақта аттың қасасын қамшы деп айту жиі кездеседі және мәлімет берушілердің көрсетуінше ертеден келе жатқан сөз. Халқымыз сөзді нақты айтса да, тұспалдап айтса да әр нәрсенің шығу тегін, өзара байланыстылығын меңзеген ғой, сондықтан бұл жерде этнолингвистикалық тәржімелеу қажет.

Балаларға ат жалын тартып міне бастағанда (ұл, қыз бірдей – А.Т.) әдейі арнап ер-тұрман жасатумен қатар ата-анасы қамшы өргіздіріп бе­ретін. Қазақта әрбір отбасы мүшесінің өз қам­шысы болған. Көші-қонда, ас-тойларда салт атты адамның, ер­кек болсын, әйел бол­сын қамшысыз жүруі сөле­кет саналған. Қандай да болсын қамшы салдырмайтын жүрдек аттар­дың өзін сипай қамшылап отырады, бұл қазақтың әдетіне айналып кеткен. Жетісуда «жі­гіттің бесқасқа жүгені болса, алты өрім қамшысы болса сәні келеді» деп жатады, сондықтан кез келген бозбала, жігіт ағасы жақсы ер-тұрманмен қатар әдемі қамшы ұстағанды ұнатады. Бозбала, жас жі­гіт­тердің қолына екі бүктеп қам­шы ұстап, қызды ауылды қырындап, жастық жәр­мең­кесінің қызығына тоймаған шағын Кенен Әзірбаев былай суреттейді: «Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, бүрлен, бүрлен, Бүрленді аралайды жолын білген. Қамшысын екі бүктеп қолға ұстап, Қызығы бұл дүниенің бойдақ жүрген»… Ал қыз-келіншектер­дің қамшысын ерекше әшекейлейді. Мәлімет берушілердің айтуынша, қазіргі кезде Моңғолия мен Қытай қазақтарында жиі кездесетін сабына жез ораған сарыала қамшыларға ертеден алтын, күміс шыбықтарды шырмауықтай орап, шашақтарына дейін алтын, күміс домалақ салпыншақтар орнатқан. Мұндай қамшылар сән қамшысы, алтындалған қамшы, күмістелген қамшы деп айтылатын.

Атақты бағзылардың қобызымен, сайтан қашар қамшысымен жерлеу – бергі XX ғасырдың басына дейін жалғасқан дәстүр. Алты таспа қамшыны – бұзау тіс қамшы, сегіз өрімдіні – дойыр қамшы деп, Жетісуда сегіз өрімді қамшыны – қырғыз өрім деп атайды. Қамшының ең алғаш қандай бөліктерінің қалай аталғанын жазған Ш.Уәлиханов. Қамшының сабының өлшемі шынтақ пен жұдырық арасындай немесе 4-5 түйілген жұдырықтай не 7 тұтам, өрімнің ұзындығы бес алақанның көлеміндей, тұтаммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болу керек. Қамшының сабына қайыс таспадан бау тағылады, оны бүлдірге деп атайды. «Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген мәтелдің байыбына баратын болсақ бүлініп, қирап жатқан жерден еш қандай зат алма, тіпті бүлдірге сияқты ұсақ зат та алушы болма, кесірі тиеді» деген ұғымды білдіреді.Алайда қамшы бөліктерінің атауларын тәптіштей зерттеген Д.Шоқпарұлы: «Қамшы мынандай құрамнан түрады: өрім, сап, алақан, бас, дүм, кежеге, тұтамдық, айдар, мойнақ, бунақ, бүркеншік, шежемей, шырмауық, шашақ, бауыр, тығырық, шығыршақ, тобыршақ, түйін, тігіс, т.б…». Қазақта үйленуге байланыс­ты жөн-жоралғылар жүйесінде де қамшының өзіндік қызметі бар. Қызға құда түсуге келген жігіттің әкесі қамшысын белгі ретінде үйінің төріне іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, қыз жағы айныса, қамшысын кері қайтарған, бұны «қамшы қайтару» деп атаған. Баланы бесікке саларда жүгенді ат ұстайтын ер-азамат, ер қорғайтын батыр болсын деп қамшыны кебенекпен бірге жапқан және тақымыңнан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз бол деп бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп те тілек тілеген.

Қазақта «Қамшы сабы сынса – әйел өледі, Пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген әрі ырым, әрі сөз тіркесі бар. Ертеректе осы белгіні қолдана отырып, ерінің немесе әйелінің қайтыс болғанын білдірген. Қамшының түрлері: Тобылғы сапты қамшы, Мүйіз сапты қамшы, Ырғай сапты қамшы, Орама сапты қамшы, Сарала қамшы, Сылдыр қамшы, «Қасиетті (киелі)» қамшы, Жыланбауыр қамшы, Шыбыртқы қамшы (бишік), Дырау қамшы, Дойыр қамшы, Бұзаутіс қамшы, Жортуыл қамшы, Білеу қамшы, Бала қамшы, Өзекті қамшы, Шашақты қамшы, Жеңсе қамшы, Шолақ қамшы, Күдері қамшы, Күмістелген қамшы, Алтындалған қамшы, Ат қамшы (ат жүргіш).

Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі, қамшымен соғудың, ұрудың көптеген әдістері болған. Мәселен, олар: қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, шықпырту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсите тарту, салып қалу, сілтеп қалу.

Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандары­ның бірі болды. Қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айырылған жай қазаққа айналды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қам­шыгерлікті жас ұр­паққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді.

 

Ахмет ТОХТАБАЙ

тарих ғылымдарының докторы

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button