Жаңалық Редакция таңдауы

Баланы еңбекке баулудың нақты 8 қадамы

Ата-ана балаларының ақылды, мейірімді, мықты әрі өнерлі болғанын қалайды. Алайда, «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» демекші, өнерпаздық, байқампаздық секілді қасиеттерден бұрын еңбекқорлық бала үшін маңыздырақ деп есептеледі. Кейбір ата-аналар кішкентай балалардың қаржылық сауаттылық пен еңбекқорлыққа үйренуі тым ерте деген ойда. Бірақ та аталмыш бейімділіктер ерте жастан үйретілмесе, кейін тым кеш болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада «Баланы еңбекке баулудың нақты 10 қадамы» туралы бөліскенбіз. Бүгінде сол тақырыпты жалғастырамыз.

Бір қадам артқа шегініп, балаңыздың сәтсіздіктермен күресуіне мүмкіндік беріңіз

Мықты еңбек ету мәдениетін қалыптастыруда ең қиыны – баланың ынтасы мен жоғарыға өрлеуін жаншып, нәтижеге жетуіне кедергі болу. Балаларға күресу мүмкіндігін бере отырып, оларға табандылықты үйретесіз. Ғалымдардың айтуынша, балалардың көңілі түсіп, мазасызданулары қалыпты жағдай. Сәтсіздіктермен бетпе-бет келе отырып, олар өз күштеріне одан да сенімді болып, еңбек ету мәдениеті күшейеді. Егер де баланың жасай алатын жұмысын шыдамсыздық танытып, өзіңіз жасайтын болсаңыз, баланың көзінде оған сенімсіздік танытқан болып көрінесіз. Кейде баланың қиналып жұмыс істеп жатқанына жай қарап отыру қиынға түседі. Біз олардың жұмысын жеңілдетіп, үлесімізді қосқымыз келеді. Алайда олай балалардың жетістікке жету мүмкіндігін тартып аламыз. Балаға өздігінен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру – ата-ананың баласы үшін істеген ең үлкен көмегі болып саналады.

Ата-ана ретінде сіздің міндетіңіз балаңызға ұрысу емес, оларға үйрету

Қателіктері үшін жазалаудың орнына қиыншылықтармен қалай күресу керектігін үйрету қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілетін жетілдіреді. Әр қиындық туындаған сайын балаңыздың шеше алатынына сеніп, толықтай тапсырыңыз. Оларға ұрыса бергеннен пайда болмайды. Оның орнына «Қиындықты қалай шешеміз? Міндетті түрде шешу жолын табуымыз керек», – деп айтыңыз. Мысалы, балаңыз бөлме қабырғаларын сызатын болса, оған көңіліңіз қалғанын айтыңыз, артынша қабырғаны тазалау үшін не істеу қажет екендігін сұраңыз.

Балаларыңызға қызығушылық пен құмарлықтарын табуға жәрдем етіңіз

Себебі бала ата-ананың бақылауы мен дұрыс көмегіне зәру. Артынша сол қызығушылықтарын жетілдіру мақсатында практикалық іс-шаралар ұсыныңыз. Өйткені, құрғақ теория баланы жалықтырып, тіпті бездіріп жіберуі де мүмкін. Балаңызбен пікірталастар ұйымдастырыңыз. Осылайша балаңыздың ойлау қабілетін дамытасыз. Практикалық іс-шаралар болсын, теориялық оқу болсын, көңілді етіп, ойнау арқылы баланың жалықпауын қадағалаңыз.

Өзіңіздің жеке қызығушылықтарыңызды тауып, балаңызға үлгі болыңыз

Тағы қайталап айтамыз, ең маңыздысы — балаға ұрысып, жазаламау. Барлық мәселеде сөйлесіп, талқылап, түсіндіру арқылы дұрыс шешімге келуге көмектесіңіз. Балаңызды басып тастаудан аулақ болыңыз. Себебі бұның барлығы келешекте қиыншылықтарға әкеп соғады. Балаңыздың бастауларын да, қызығушылықтарын да қолдап, жігерлендіріп отырыңыз. Бұрыс жолмен бара жатса, түсіндіріңіз.

Бір істі жасау үшін себеп табылса, атқару жеңілірек болады

Балаға «Не үшін?» деп сұрақ қоюды үйретіңіз. Сол кезде барлығы оңай әрі анық болады. Мысалы,«кешке не үшін ойыншықтарды жинау керек?» – Таңертең сүйікті ойыншығыңды оңай тауып алу үшін; «Тақпақты не үшін мәнерлеп жаттау керек?» – Сыйақы ретінде жақсы баға алып, ата-ананың мақтанышы болу үшін. Сол себепті «Не үшін?» сұрағын қоя білу және ол сұраққа жауап беруді үйрену қажет. Яғни, ынтаны жетілдіру үшін себептерді көру. Сонымен қатар нәтиженің қандай болатынын қиялдап, көзге елестету.

Біткен істің нәтижесіне қуана білу Біткен істің нәтижесіне қуана білу

Ата-аналар ұл-қыздарын мақтау, мадақтау арқылы оларды жігерлендіре алады. Уақыт өте келе ата-ананың жұмсақ дауысы ішкі дауысқа айналып, балаға іштен жігер беріп, жақсы нәтижелерге итермелейді.

Баланы еңбекке баулу әр отбасының салтына айналуы тиіс

Еңбекқорлық, қаражаттың жеткілікті болып-болмауына байланысты емес. Яғни, қаражаты жеткілікті болып, жұмыс істеуге мұқтаж болмаса да, баланың еңбекқор болуы абзал.

Күнделікті қайталанатын жұмыстар

Еңбек ету мәдениетін қалыптастырудағы келесі бір тәсіл – күнделікті қайталанатын жұмыстар. Күнделікті жатар алдындағы әдеттер немесе кешкі ас тәртібі болсын, әр істің басы, ортасы және соңы болады. Бұл әр істің жалғасы бар екенін және соңына дейін жеткізу керектігін білдіреді. Осылайша бала бастаған ісін соңына дейін жеткізетін болады. Егер бала бір істі әдетке айналдырса, марапаттап отырыңыз.

 

Дереккөз: «Баланы еңбексүйгіштікке қалай баулимыз?» Мұхамеджанов Сәбит Ерболатұлы, Есжанова Гүлнұр Нұрмашқызы

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button