Жаңалық

Баланы мектепке дайындауға қанша қаржы керек?

Ұзаққа созылған карантин шектеулерінен соң биыл алғаш рет мектептер ашылып, жаңа оқу жылы зор қуанышпен басталды. Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелерін дәстүрлі форматқа көшіре отырып, жаңа оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып штаттық форматта бастады. Осы орайда Ruh.kz тілшісі оқушының керек-жарағын түгендеген ата-анамен тілдесіп, базардағы бағаның жайын біліп қайтқан еді.

Әуелі мектеп формасын сататын дүкенге бас сұқтықсаңыз, мұндағы бағаның шарықтап тұрғанын көресіз. Ал киім-кешек пен оқу-құрал жабдықтарын іздеген жұрт көңілге қонымды баға кездесіп қала ма деген оймен әр дүкенді жағалап жүр. Сатушы Ақсұлу Әшкенқызының айтуынша, нарықтағы жағдайға байланысты бағаның құбылуы заңды.

«Баланың мектеп формасы 16-17 мың теңгенің маңайында. Оған жемпір, жилет, шалбар, белдемше кіреді. Бағаны соншалықты өсірген жоқпыз», – дейді ол.

Әйтсе де сатушының сөзімен келісетіндердің қарасы аз. Баласын жетектеп жүгірген анамен сөйлессеңіз, мектепке керек-жарақ құралдардың «қымбат» екенін айтады.

«Өткен жылғымен салыстырғанда баға әжептәуір қымбаттаған. Міне мынау 18500 теңге тұратын костюм. Қалтамда 50 мың теңге ғана қалды, оған екі баланы қалай киіндіремін?», – дейді Айгүл есімді қала тұрғыны.

Базардағы баға:

Енді базардағы бағаларға көз жүгіртіп шықсақ. Орта есеппен:

* Күнделік – 400 теңге;

* Жұқа дәптердің 20 данасы – 500 теңге, қалың дәптердің бір данасын, орта есеппен, 150 теңгеге табасыз.

* Қаламсап жиынтығы – 550 тенге;

* Түрлі-түсті қарындаш – 700 тенге болса, қылқалам мен бояу 1 200 теңгеге шығады.

* Фломастер орта есеппен – 580 тенге;

* Сызғыштар жинағы – 580 тенгеге шақ.

* Пеналдың орта бағасы 850 теңге. Ал осылардың бас қосар жері –сөмкенің бағасы – 12 000 теңге.

* Ал мектеп формасының құны – 18 мың мен 30 мың теңгенің арасында.

Орта есеппен алғанда бір баланың мектепке дайындығы үшін кем дегенде 50 мың теңге қажет. Ал еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге өсетіндігін биылғы Жолдауда Президент мәлімдеген еді. Экономист сарапшы Бауыржан Ысқақов мектепке қажетті құралдар мен киімдердің бағасына билік тарапынан бақылау болу керек деп санайды. Бағаның негізсіз қымбаттау себебі сырттан келген тауарлардың есебінен болып отыр дей келе, бірнеше кеңес ұсынды.

«Бірінші кезекте өзіміздің Қазақстандық тауар өндірушілер үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеу керек. Қосымша құрылғылар алуға рұқсат берілсе және жұмыс істейтін мамандарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген мүмкіндіктер қажет», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, Қазақстан өнімдеріне «20 пайыз көлемінде үстеме баға қосып, сырттан келетін тауарлардан арзан етіп сатқанда» ғана отандық өнеркәсіп дамып, бағаның жыл сайын негізсіз көтерілмейтінін атады.

Мектеп формасы міндетті ме?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылындағы мектеп формасына қатысты мәлімдеме жасады.

«Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар, классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық», – деді министр Facebook парақшасында.

Асхат Аймағамбетов ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын,  мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады.

«Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button