Жаңалық

Балаңыз кітап оқи ма?

Қазіргі күнде бала тұрмақ, ересек адам да кітап оқымайтын заман туды. Кеңестік кезеңді қанша жамандағанмен, жаппай қоғам болып кітап оқу дағдысы бар еді. Тіпті, анау жайлауда жүрген шопанның өзі «Жалын» мен «Жұлдыз» сияқты журналдарды жаздыртып алып, оқитынын көзіміз көрді. Әрине ол кезде әдебиет те, ғылым-білім де коммунистік идеологияға қызмет етті. Дегенмен, айла-әдісін тауып, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді де насихаттай алған шығармалар болды. Оның дәлелін «Абай жолынан» бастап көптеген шығармалар әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтпағанынан көруге болады.

Бірақ қазіргі проблема – кітап бар да, оқырман жоқ болып тұр. Әрине, елімізде бірлі-жарым кітапсүйер қауым бары рас. Бірақ оның үлес салмағы өте аз екенін ескерсек, кітап оқымайтын сауатсыз қоғамбыз ба деп қаласыз. Сол үшін балаларымызды кітап оқуға ерте жастан қалыптастырған дұрыс болар еді.

Бала – біздің болашағымыз деп айтқанмен, баламыз қазір кітап оқи ма деген сұрақты өзіміз ойға да алмаймыз. Ал, негізінде баланы тәрбиелеуде, оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда кітаптың пайдасы өте зор екенін ұмытып кеткен сияқтымыз. Баланы кітап оқыту арқылы жақсылық пен жамандықты айыра білуге, әрі әділеттілік пен мейірімділікке баулуға және өрескел жаман қылықтардан жирендіруге болады. Бұрындары баланы кітап оқуға ата-анасымен қатар мектептегі мұғалім мен кітапханашы рөл ойнаса, қазір интернетке бейімделіп, заман өзгеріп, мектепте ондай талап қойылмайтын да болды.

Бірақ, кез келген қолға түскен кітапты талғамсыз оқи беруге де болмайды. Ал, көркем шығарма оқу тіптен ұмытылып бара жатыр. Қазір бұрынғыдай цензура заманы жоқ. Кез келген шетелдік кітаптың аудармасын немесе түпнұсқасын кітап дүкенінен оңай табасыз. Тіптен кез келген байшікеш пен кәсіптің ар жақ, бер жағында жүргендер де кітап шығарғыш болып алды. Оған қазір «жұлдыз» болып жүргендер де қосылды. Сонда оқитын не бар дейсіз бе? Ауызды қу шөппен сүрткен болмас, қазірде ұлттың болмысын зерттеп-зерделеген, руханиатқа бағыт беретін де дүниелер баршылық екенін айтуға болады.

Дегенмен, баланы кітапқа қызықтыру үшін не істеуге болады деп ойланып көрсек, оның да айла-шарғылары шығатын сияқты. Әлбетте, ата-ана баланың жас ерекшелігін, мінез-құлқын және оның неге бейім екендігін ескеруіміз қажет. Мысалы үйдегі мектеп жасындағы балаларға кейбір шығармаларды бірлесе дауыстап, талдап оқу және пікір алысу өзінің жақсы нәтижесін береді. Мұндай әдіс шығарманың мәнін жете түсінуге, жеке эпизодтар мен табиғат көріністерін сезінуіне, кейіпкердің мінез-құлқын ашуға көмектеседі.  Дауыстап оқуды ерте жастан бастаған қолайлы. Себебеі, сәбилер ересектердің қызықты ертегілер мен әңгімелерді мәнерлеп оқығандарын қызыға тыңдайды. Осы арқылы баланың кітапқа деген құмарлығын бірте-бірте оятуға болады.

Кітапты талғап, таңдап және түсініп оқу жасөспірімнің ой-өрісін дамытып, білімін тереңдетеді, әрі дүниетанымын арттырады. Сондықтан бұл іске ата-анамен қоса мектептегі мұғалімі де жұмылуы керек. Сонда ғана жас ұланның өздігінен кітап оқуы игі нәтиже береді.

Кейбір оқушы өзіне ұнамаған кітапты аяғына дейін оқымайды. Мұндай жағдайда ата-ана баласына сол кітаптың маңыздылығын түсіндіріп, түгел оқып шығуға ықпал еткені абзал. Ол үшін шығарманы бірге талқылау да артықтық етпейді. Баланы кітап оқуға баулып қана қою жеткіліксіз. Оған қоса үй кітапханасын үнемі толықтырып, күтіп ұстауға, жауапкершілікпен қарауды да үйрету ләзім.Балаға арналған әдебиет – тәрбие мәселесіндегі үлкен көмекші құрал. Халқымыздың «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген аталы сөзі бекерге айтылмаса керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button