Жаңалық

«Балапанның» үздік 10 жобасы

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Balapan» телеарнасындағы топ 10 танымдық бағдарламалар мен мультхикаяларды назарларыңызға ұсынамыз.

1.«Көжектер» танымдық-анимациялық мультхикаясы

Мультхикаяның желісі екі көжектің бастарынан кешкендері туралы баяндайды. Басты кейіпкерлер – бірі орман шетіндегі қояндар отбасының үйінде тұратын көжек болса, екіншісі – орманда мекендейтін қояндардың көжегі. Екеуі де епті, жайдары және өте білімпаз. Хикая тек бөлек әлемде (алаңқай мен орманда) мекендейтін қос көжектің достығы туралы баяндайды. Әрқайсысы үшін жұмбағы көп, тылсым дүниемен танысу барысында көжектер бастарынан көптеген қызықты оқиғаларды өткермек. Көжектер хиқаяттың әр сериясында кішігірім болсада, өздері үшін маңызды бір жаңалық ашып, бір сұрақтың жауабын алып, бір мәселені шешеді…

2. «Ауырма, балақай!» танымдық бағдарламасы

Ата-аналарға сәби күтімі және жыл мезгілдерінің өзгеруіне байланысты болатын түрлі вирустық аурулардың алдын алуға кеңес беретін медициналық бағдарлама. Қазір ата-аналар бірінші кезекте керекті ақпаратты теледидармен ғаламтор желісінен іздейтіні белгілі. Отандық телеарналармен әлеуметтік желілерде бала денсаулығына арналған бағдарламалар жоқтың қасы. Сол себепті ақпарат іздеген адамдар ғаламтор желісінде «Доктор Коморовский», «Жить Здорово!» секілді медициналық бағдарламаларды көреді. Бағдарламаның мақсаты отандық мамандардың кеңесін тыңдап және қазақ тілінде ақпарат беру. Сонымен бірге кішкентай көрермендерге тазалық сақтап, денсаулықты күту жолдарын көрсетету.

3. «Сәби» танымдық мультхикаясы

Мақсаты – қызықты 3D мультсериал арқылы балалардың әлемді тануын барынша мағыналы әрі көңілді ету. Мультсериалдағы сүйкімді кейіпкерлер мен қызықты оқиғалардың арқасында бала пішіндер, түстер, табиғат құбылыстары, қарым-қатынас және т.б. көптеген қарапайым түсініктермен танысады.

4. «Ертемір» мультхикаясы

Күнделікті өмірде Темірдің өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ болып көрінгенімен, еліне, айналасына қауіп төнгенде ол батыр Eртемiрге айналады. Ғажайып күшке ие, роботқа айналатын балақай Ертемірдің оқиғаларын бізбен бірге тамашалауға шақырамыз! Ол кішкентай көрермендерімізге қоршаған ортаға құрметпен, адамдарға жанашырлықпен қарауды ұғындырады.

5. «Еркетай» музыкалық-танымдық бағдарламасы

Музыкалық шығармалар балалардың танымдық дағдыларын дамытуға және музыкалық білімін жетілдіруге ықпал етеді. Көңілді әуен мен караоке мәтіні балалардың мектепке дейінгі оқу дағдыларын қалыптастырады.

6. «Алақай, балақай!» спорттық-танымдық бағдарламасы

Шынықсаң, шымыр боласың! Бағдарламаның мақсаты – жаттығуларды қызықты етіп көрсете отырып, балалардың қызығушылықтарын арттыру. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа баулу.

7. «Дара тұлға» танымдық-анимациялық мультхикаясы

Әр бөлім қазақтың бір ұлы тұлғасы жайында баяндайды. Бөлім барысында оның өмірбаяны мен жасаған еңбектері, жеткен жетістіктері мен көрген қиындықтары, 2D анимациялық техникасы арқылы, ерекше стильде, балаға түсінікті жолмен көрсетіледі.

8. «Шахмат патшалығы» танымдық-анимациялық хикаясы

«Шахмат патшалығы» анимациялық хикаясы өскелең ұрпақтың арасында шахматты дәріптеуге ықпал етеді. Сондай-ақ танымал шахматшы Дәрмен Сәдуақасовтың шахмат академиясында құрастырылып, мақұлданған шахмат ойнауды үйретудің ерекше әдістемесін кішкентай көрермендерге ұсынады.

9. «Дұрыс-бұрыс» бағдарламасы

Жобаның басты мақсаты – жас жеткіншектерді кез-келген жағдайда өзін-өзі қалай ұстау керектігіне үйрету. Сонымен қатар келеңсіз жайттардан шығу жолдарын көрсету. Ата-ананың айтқанын тыңдауға үндеу. Бұл жоба барлық жас ата-аналарға бала тәрбиесінде қосымша құрал ретінде таптырмайтын бағдаралама.

10. «Күлдір-бүлдір» бағдарламасы

Негізгі идеясы –бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айшықтау. Қазіргі таңда көптеген әкелердің балаға уақыты болмай жатады.Жұмыстан шаршап келіп, олармен сөйлесуге мұршасы жетпейді. Жоба ата-аналарға: «Балаңыздың қалай тәй-тәй басқанын, ең алғаш сөйлегенін, айналасын танудағы әсерін, тәтті қылықтарын, мінез-құлқындағы өзгерістерді назарыңыздан тыс қалдырмаңдар», – деп үндеу айтып, көрсетеді.Сюжет күлкілі оқиғалардан құралғанымен, әр серияның айтар тағылымы мол. Мәселен, қартқа күлме, кісінің затын рұқсатсыз алма, бала алдында байыппен сөйле, өтірік айтпа, өз тарихыңды біл, көршіңді құрметте, досыңды сыйла деген тәрбиелік мәні бар. Ең бастысы – осындай мол тәлім-тағылымды бала теледидар алдында, еш қиындықсыз санасына сіңіре береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button