Балқадишаның жерленген жері
2015 жылы Зеренді ауданының Зеренді ауылының кіреберісінде Бақадишаға арнап ескерткіш тұрғызылды, ал Балқадиша бейіті Зеренді ауданы, Кеңөткел ауылының мұсылмандар зиратында орналасқан.
Күндердің күнінде Ақан сері шілдехана тойының үстінен түседі. Төрде отырған атақты әнші Ақанның маңына ешкім отырмайды. Бұл ел аузында Ақан сері туралы жын-періге үйленген, есінен ауысқан деген алып-қашпа сөздер жүрген кез. Сонда Қадиша қыз «Сері ағамның жанына мен отырайын» деп Ақанның жанына жайғасады. Қадиша қайтуға жинала бастағанда, Ақан сері қолына домбырасын алып, екі ішекті қағып жіберіп әнді орындай бастайды. Осылайша атақты «Балқадиша» әні дүниеге келеді.
1988 жылы белгілі өнертанушы ғалым, қазақ музыкалық фольклорын жинаушы Қайролла Жүзбасов «Балқадиша» әнінің 3 нұсқасын жинап-теріп, олардың мәтінін баспаға дайындады.
Ән кейіпкері Қадиша өз теңіне сүйіп қосылып, үлкен әулеттің босағасын аттап, үш қыз және екі ұлдың анасы атанды. Қадиша 1953 жылы қартайған шағында өмірден өткен.