«Балуан Шолақ» фильмі көрерменге жол тартты
Қазақ киноиндустриясының қоржыны тағы бір туындымен толықтырылды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киноиндустриясы көрермен назарына «Балуан Шолақ» кинофильмін ұсынды. Тарихи тұлғаның азаматтық қырын аша түскен туынды туралы бірер пікір
Еркебұлан Дайыров, «Балуан Шолақ» фильмінің басты рөлін сомдаған кино және театр актері: Бұл шығарма 2010 жылдан бастап М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанып келеді. Сол спектакльде де Балуан Шолақтың бейнесін сомдаймын. Киноның сценарийі сол спектакльге негізделіп жазылды. Сондықтан Балуан Шолақтың рөлін 2010 жылдан бастап ойнап жүрмін деуге болады. Тек өнер адамы ғана емес, тек алып күштің иесі ғана емес ел тарихы жолында ерең еңбек еткен қайраткер екенін де білеміз. Аталмыш шығармада осы қайраткерлік қырын ашуға тырыстық. Балуан Шолақтың әр әнінің шығу тарихы бір серияға татитын дүние. Екі сағатқа сыйдыру мүмкін емес. Біз (қазіргі кезде жастардың бойынан табыла бермейтін) отансүйгіштікке, патриоттық рухқа назар аудардық. Қара күштен басқа, ақыл-айланың да шебері болған тұлғаның күллі қазақ даласын отаршылықтан құтқару жолында ғұмырын сарп етпесе де туған жері үшін, ұлтарақтай Қайрақты маңы үшін, ағайын-туысы үшін төккен тері әрқайсымызға да сабақ болатындай дүние. Біз осыдан үлгі алуымыз керек.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, сценарий авторы: О баста жастарға тарихи тұлғаларды, олардың еңбегін насихаттау, санасына сіңіру мақсатында жазылған дүние. Балуан Шолақтың балуандығын емес, композиторлығын емес рухани жан дүниесінің байлығын, елін, жерін сүйетіндігі, ол үшін жан аямай көзсіз ерлікке баратындығын жаздық. Қазақ халқы өзінің тарихи жолында көптеген сыннан өткен халық. Азаттығы жолында тәуекелге тіккен жер мен бас туралы да айтылады бұл фильмде. Сахнаның тілі бір басқа да, экранның тілі бір басқа. Көптеген өзгерістер еңгіздік. Кино әрекеттеріне қарай эпизодтар да өзгеріс көрді. Ондағы мақсатымыз біздің кім екенімізді, қазақпыз деп мақтанамыз, сол мақтанның артында не тұрғанын, «отанды сүйеміз» деп жалаңаш сөзді қуып жүрмей, әрекетпен сүйе алатынымызды көрсету. Батырлық тек білекке біткен күш емес, жүректің күші. Жастарға «еліңді сүйсең осылай сүй» деген ой тастауды көздедік. Әрине Балуан Шолақтың заманы басқа да, қазіргі заман басқа. Әйтсе де, ешкімнен тайсалмау, жаныңа жақын адамдар мен тамырың байланып жатқан жер үшін көзсіз батырлыққа бара білу үлкен жүректі қажет етеді. «Еуропа шикі ет жеп, дамбалсыз жүргенде, бізде «Тұран» империясы болған» деудің өзі батырдың ғана сөзі емес. Біз осымен мақтанамыз. Тарихымызды айта отырып, күш жинаймыз. Өткеніңді білмей алға жылжу мүмін емес. Өткенді білу керек. Елді сүю керек. Паң Ата: – «Найман, Қыпшақтың қатындары жабылып жүріп, қайдағы бір кірмеге барлық сый-сыяпаты беріп қоятын ұл емес, ез туған екен ғой» дегенде Балуан Шолақ: –«мен орыс балуанымен күрескенде Үйсін яки Керей болып емес, Қазақ болып күрестім» дейді. Патриоттық сезім деген осы. Тарихқа басқа қырынан қарап, қазаққа қымбат дүниелерді қайта жазу керек. Шоқан Уалихановтың, Кенесарының тарихы Кеңестік цензураның кесірінен дұрыс зерттелмеді. Осы олқылықтың орнын толтыру керек. Алдымызды тағы да басқа жоспарлар бар. Соны жүзеге асыра бермекпіз.
Серік Оспанов, Балуан Шолақтың композиторлық қырын зерттеп жүрген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: Балуан Шолақ Арқа төсіндегі композиторлықты, ақындықты бойына дарытқан серілердің соңы. Кешегі өзі ұстаз тұтқан Ақан Сері мен Біржан Салдың әндерін ғана орындаған адам. 15 жасында Жетісу жеріне барғанда қой бағып жүрген Кенен «Көкшолағын» орындап беріп, батасын алған.
«Жетісуға келгенде Балуан Шолақ,
Аралап біздің елді болған қонақ.
Ән салудың өрнегін содан алдым,
Ән салуда мен бұрын болдым олақ»,- деген Кененнің сөзі содан қалған. Балуан Шолақтың музыкалық мұрасын 35 жыл зерттеген Марат Нәбиұлы деген азаматтың тапсырысымен біраз мағлұмат іздеп, жинадық. Бірнеше деректер де кездесті: біріншіден, ол кісінің қолы үсіген емес, отқа күйіп қалған. Ғалияға 30 асқан шағында емес, 15-16 жасында жолығады. Ғалия да сырнаймен, домбырамен ән айтатын жезтаңдай болған. Балуан Шолақтың 50 шақты әні бар. Тарихи тұлға барынша дұрыс дәріптелуі керек.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі: Балуан Шолақ, басқа да шығып жатқан өнімдер бүгінгі күнге ғана керек еңбек емес, болашаққа да қажет, келешекке жол ашар, санамыздың оянуына үлкен әсер етер туындылар деп білемін. Біз (өкінішке қарай) көшірме жасауға үйреніп қалдық. Осы құлдық санадан арылу үшін әлемді аузына қаратпаса да, жаһанға аты мәшһүр болмаса да ізіне көптеген азаматтарды баули білген, дұрыс ойлай білген тұлғаларды дәріптеуіміз керек. Аталмыш туындының сынайтын тұстары да бар шығар. Бірақ, өзіміз жазып, өзіміз түсіріп, өзіміз түскен дүниеге не жетсін?! Бастысы айғақты дүниеден тайғанамау. Қажымұқанның бойында ақындық, батырлық, серілік бар. Қай фильм болмасын, қай жаңалық болмасын азаматтардың санасын оятарлықтай, ой саларлықтай, өнеге болатындай дүние болмағы ләзім. Қажымұқанның әндері компьютерлік бағдарламалар арқылы жазылған ән емес. Қазақтың болмысын, қазақтың табиғатын, қазақтың сезімін, азаттығын арқалап жүрген ән. Бұл елдің аузында мәңгі айтылып жүруге тұрарлық мұра.
Көрермен – Әмірхан Оразбақ: Ер адам болған соң іштегі белгісіз бір сезімнің буырқанып шығуына әсер еткен туынды болды. Бәлки, ұлттық намыс, ұлттық болмыс деген сол да шығар. Жылқылардың тұяғының дүбірі делебеңді қоздырып, Балуанның күрескен сәтінде өзім күресіп жүргендей күй кештім. Бізге осындай дүниелер көптеп керек. Тарихи тұлғаларды осылай насихаттаса екен. Бұл фильмнің тағы бір артықшылығы қазаққа жарасымды әзілдердің айтылғаны болды. Қазаққа жарасымды әзіл, қазаққа жарасымды сабырлық, қазаққа жарасымды мінез – қазаққа жарасымды фильм.
Сұлтан МҰСТАФИН,
Ruh.kz