Жаңалық

«Балуан Шолақ» қандай фильм?

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы негізінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Қазығұртфильм» жеке студиясының бірлескен жаңа туындысы «Балуан Шолақ» көркем фильмі көрермен назарына жол тартты.

Фильмнің сценарийін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы, сақа драматург Дулат Исабеков жазған. Режиссер Нұргелді Садығұловтың кинокартинасына қазақтың біртуар азаматы, өз заманының жаршысы, ақын әрі композитор, әнші һәм балуан Нұрмағамбет Баймырзаұлының өмір жолы арқауға болған. Сал-серілер заманының сарқыты болған Балуанның Шолақтың әншілік, композиторлық қыры емес, оның ел басына қиындық түскен, қазақтың қолынан билік, басынан ерік кеткен шақтағы қайраткерлік, азаматтық ұстанымы киноның негізгі желісіне өзек болған екен.

Енді фильмнің композициясы, жалпы көркемдігі хақында бірер ой толғасақ: картинада экшн, юмор, драма элементтері бар. Әсерлі әрі ұтымды пайдаланылған. Жақсы, келісті диалогтар мен ұлы дала жерінің әсем табиғаты әдемі көрініс беріп тұр. Сонымен қатар, сюжет желісінде «клиптік» тәсілдер де фон берген. Режиссер Н. Садығұловтың шешімі, өзіндік қолтаңбасы мен ұлттық көзқарасы анық байқалады. Фильмнің бас кейіпкері Балуанның рөлін сомдаған белгілі театр және кино актері Еркебұлан Дайыров өзіне тапсырылған образды келістіріп, шынайы алып шыққан. Жалпы фильмге қатысқан барлық актерлердің ойыны ұнады. Және  декорация, киім т.с.с. ұйымдастыру мәселелері орынды шыққан.

Айрықшалап айтар жәйт – фильмде нәзік лиризмге толы махаббат пен сүйіспеншілік, адами асыл қасиеттер және Отанға, туған жерге  деген перзенттік парыз, рух берер, намыс ойнатар жалынды сөздерге толы тәрбиелік мәні зор эпизодтар өте көп. Бұл фильм Сіздің де талғамыңызға, дүниетанымыңызға әсер берері анық. Көріңіз. Ұлт тарихын біле жүріңіз!

Елдос Тоқтарбай,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button