«BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы» құрылды
Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы» құрылды.
Бұл туралы ZOOM платформасында ұйымдастырылған бейнеконференцияда айтылды. «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының» басшысы болып белгілі журналист Зейін Әліпбек тағайындалды.
Салалық кәсіподақ басшысы Зейін Әліпбек құрылымның жоспары мен алдағы бағыттары туралы жан-жақты баяндап берді.
«Алда журналистердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсартуды көздейтін көптеген шаруалар, игі бастамалар тұр. Әсіресе, журналисттердің шеберлігін шыңдап, кәсіби өсуіне бағытталған және қазақстандық БАҚ-тың әлеуетін күшейтуге арналған ілкімді жобалар бар. Оны тек қана кәсіподақ атқарады деуге болмайды. Оның барлығына сіздермен, құрметті әріптестер, бірлесе отырып қана қол жеткізе аламыз», – деп атап өтті Зейін Әліпбек.
«Жаңадан құрылған ұйымның мақсаты – журналистика саласында қордаланған мәселелерді БАҚ басшыларымен бірлесіп шешу. Журналистер жұмыс барысында көптеген кедергіге тап болып жатады. Ақпаратты жылдам тарату кезінде оқиғаның анық-қанығын нақтылау үшін мекемелердегі қағазбастылық олардың жұмыс істеуіне кедергісін келтіреді. Айта берсек, біздің салада мәселе өте көп.
Сондай-ақ халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, елдің проблемасын шешуге атсалысатын журналистердің көпшілігінің әлеуметтік мәселесі шешімін таппаған. Атап айтқанда, баспана алу, еңбек демалысында ем алу, құқығын қорғауда кездесетін проблемалар шаш етектен.
Мәселен, журналистер баспанаға қол жеткізу үшін көптеген қиындыққа тап болады. Себебі, олардың заңда белгілі бір әлеуметтік статусы жоқ. Еңбек демалысында емдеу-сауықтыру шығындары да БАҚ-тағы кәсіподақ тарапынан толық төленбейді. Мәселен, «Хабар» арнасында шипажай шығынының 20 пайызы ғана төленеді», – дейді журналист.
Конференция барысында БАҚ басшылары мен журналистер кәсіподақтың құрылуын дер кезінде қолға алынған бастама деп бағалап, жүйелі жұмыс істеп, табысты нәтижелерге қол жеткізеді деген сенімін білдірді.
Айта кету керек, 2020 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 3669 БАҚ тіркелген. Барлығы 2964 мерзімді басылым, 161 телеарна, 73 радио, 471 ақпараттық агенттік және желілік басылым бар.