Бақтияр Артаев Ұлттық музейге жеке заттарын табыстады
Олимпиада чемпионы табыстаған жәдігерлер алдағы уақытта Ұлттық музей залында экспозицияланады деп хабарлайды Ruh.kz порталы музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық музейінің бірлескен «Спорт батырлары» жобасы аясында бокстан Олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаевпен жүздесу өтті. Іс-шара барысында боксшы музей қорына жеке заттарын табыстады. Атап айтқанда, 2004 жылы Афина қаласында өткен XXVIII жазғы Олимпиаданың 69 келі салмақтағы чемпионы Ұлттық музейге халықаралық жарыстарда киген спорттық киімдерін, бокс қолғабын, шлемі және Афина Олимпиадасы ойынында киген боксшы халатын салтанатты түрде табыс етті.
Шара мақсаты – дене шынықтыру мен спортты кеңінен насихаттау, жастарды салауатты өмір салтына баулу, Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғаларға тиесілі бірегей мәдени құндылықтар мен тарихи заттарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа дәріптеу.
Кездесуге мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ спорт және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Музейде мәлімдегендей, Бақтияр Артаевтың жеке заттары Ұлттық музей залында экспозицияланады.
Еске салайық, Бақтияр Артаев – 2004 жылы Афина қаласында өткен XXVIII жазғы Олимпиаданың 69 келі салмақтағы чемпионы. Олимпиаданың соңғы күні Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз алтын медаль салып, Вэл Баркер кубогының иегері атанды. Ол 2004 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен I-ші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.