БАРАҚ САТЫБАЛДЫҰЛЫ КЕСЕНЕСІ - МАВЗОЛЕЙ БАРАКА САТЫБАЛДЫУЛЫ
Батырдың кесенесі Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Тұрыш ауылынан 13 шақырым оңтүстік бағытта орналасқан. Тікбұрыш пішінінде, жергілікті дәстүрлі сәулет үлгісімен қабырғасы үш қабат етіп салынған ескерткіш. Барақ батырдың бейітіне күмбезді кесене 1993 жылы тұрғызылды. Кесене авторы – сәулетші М.С. Нұрқабаев.
Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) – батыр, кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Барақтың батыр атағы 18 жасында (1761) торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шықты. XVIII ғасырдың 70-жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтармен соғысты. 1785-1792 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте көтеріліс басшыларының қатарында болғаны О.Игельстромның император әйел Екатерина ІІ-ге жазған хатында айтылады. Барақ батырдың қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді. Батыс Қазақстан жерлеріне әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеген.
Барақ Сатыбалдыұлының ұлы Асау мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. Барақ батыр жайында көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Бекет ата мен Барақ ата замандас, бір-бірін сыйлап өткен жақсы дос болып өтіпті. Бекет ата мен Барақ батыр аңызында жеті аққудың ұшуы бар. Ол аңызда Барақ батыр Бекет атаға: «Келе жатқаныңда алдыңнан жеті аққу ұшты, қасиетің жеті атаңа жетер», – десе, Барақ батырға Бекет ата: «Алдыңнан үш аққу ұшты, зайырлығың үш атаңнан аспас», – дейді. Сол Бекет атаның айтқаны дәл келді, Барақтың қасиеті тек өзіне, баласы Асауға, немересі Дәуітке ғана дариды.
Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=65