Жаңалық

Барсакелмес әлемі

Балаларға арналған тағы бір кітап жарық көрді!

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханада балаларға арналған «Приключения Бату и его друзей в стране Барсакелмес» атты кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа кітап 2014 жылы жарыққа шығып, «Меломан» желілік нұсқасына сәйкес қазақстандық бестселлер кітаптардың ондығына кірген «В поисках Золотой чаши. Приключения Бату и его друзей» атты алғашқы еңбектің жалғасы. Авторлары жазушы, қазақ мифологиясының маманы, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты, журналист-аналитик, киносценарист, Otuken.kz қазақ мәдениеті, мифологиясы және дәстүрлі әндер туралы сайтының модераторы Зира Наурызбаева және жазушы, филолог, әдеби редактор, сценарист, радиожүргізуші, суретші Лиля Калаус.

 

Айтып өткеніміздей, бұл қос жазушының бірлесе жұмыс істеуімен жарыққа шыққан екінші кітап. Алғашқы туындыларын осыдан 14 жыл бұрын жазған. Авторлардың айтуынша, екі кітаптың да аудиториясы 8-12 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналғанымен, оны балалардың ата-аналары, ата-әжелері мен аға-тәтелері де сүйсініп оқиды.

Біз арнайы сіздер үшін кітап авторларының бірі, мифология маманы, жазушы Зира Наурызбаевамен аздаған сұқбат құрып, бірнеше сауалдарға жауап сұраған едік. Заманауи бағытта ержетіп келе жатқан балаларыңызға, олардың өсіп-жетілуіне, тәлім-тәрбиесіне біраз пайдасы тиіп қалады деген ниетпен назарларыңызға ұсынамыз.

Ruh.kz: Балаларға арнап мифологиялық кітап жазып, шығаруға итермелеген негізгі себеп не болды?

Балаларым алғашқы кітабымызды жазарда 10-11 жаста болған. Өзім мифология маманы болғандықтан олардың тек Джоан Роулингті оқып, пір тұтып жүргендерін ұнатпадым. Содан Лиляға біріміз жазушымыз, біріміз мифология зерттеушісіміз, бірігіп бір дүние жасайық деген ұсыныс айттым. Біз 8 жыл демеуші іздеп, 5 жыл бұрын ғана «В поисках Золотой чаши. Приключения Бату и его друзей» атты бірінші кітабымызды жазып, шығардық. Кейбір балалар кітапты 50-60 рет оқып шыққан. Олар: «Кітаптың жалғасы қашан шығады? Жалғасы шыққанша басын оқи беремін» деп бізге қолқа салды. Яғни екінші кітапың жарыққа шығуына балалардың сұраныстары сеп болды. Алдыңғыға қарағанда екінші кітапқа демеушілер оңай табылды.

Ruh.kz: Бірінші кітап не жайында?

– 10-11 жастағы қазіргі заманның балалары мифологиялық кейіпкерлермен, «Аспара» атты алтын адаммен кездеседі. Ол көне 3000 жыл бұрын жоғалып кеткен алтын тостағанды іздейді. Балалар оған көмектесемін деп әртүрлі оқиғаларға тап болады: жезтырнақпен де соғысады, зұлымдық иесімен де соғысады, Самұрықты да көреді. Кітапта балалар Алматы өңірінен Семей жаққа сапар шегеді. Яғни Дегеленге, Семейдегі ядролық полигонының қалдықтарына барып, сол жердің үңгіріндегі зұлымдық иесімен соғысады.

Ruh.kz: Екінші кітаптың мазмұны.

Екінші кітабымызда балалар Қызылорда қаласына барады. Қалаға іс-сапарымен барғанымда көптеген археологиялық орындарда, киелі жерлерде, Оқшы ата кесенесінде болғанмын. Сол жерден алған әсерлерді кітапқа сыйғызуға тырыстық. Қызылордада Тартоғай деген темір жол бекеті бар. Кітаптың ішінде кей балалар пойызбен сол бекетке барады. Мысалы осы күнгі «Гарри Поттерді» жақсы көретін балалар Лондондағы вокзалға барады. Онда жанкүйерлер келетін болған соң белгі қойып қойған. Біздің елде туризм дәл ондай деңгейде дамыған жоқ. Дегенмен кейін осы кітапты оқып өскен біздің балаларымыз: «Мынау Оқшы ата, мынау Барсакелмес. Сол жерлерге барып келейін» дейтін болады. Солай-солай еліміздің туризм саласы да дамиды деп сенеміз.

Ruh.kz: Кітапты шығарудағы негізгі мақсат не болды?
– Мақсатымыз – балаларға қазақ мифологиясынан, мәдениетінен қызықты мәлімет беру. Сондай-ақ қалада тұрып жатқан балаларымыз мемлекетімізде осындай қалалар, киелі орындар бар екенін білсін дедік.

Ruh.kz: Кітаптар тек орыс тілінде жарық көрген бе?

– Біз орысша жазамыз. Бірінші кітапты Айнаш Садық деген мықты аудармашыға қомақты ақша беріп аударттық. Бірер жыл бұрын министрліктің тапсырмасымен бұл кітап «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шықты. Ол шамамен 3000 дана болды. Екінші кітаптың енді ғана орысша нұсқасы шығуда. Қазақ тілінде шығаруға да қаражат іздейміз. Қаражатты қалай табуға болатыны жөнінде бір идеяларым бар. 

(Жазушылар алдағы уақытта кітаптың үшінші томын жазып, шығару ниетінде).

Ruh.kz: Келесі кітапты еліміздің қай аймағы туралы жазу жоспарда бар? Егер құпия болмаса айта кетсеңіз.

– Лиля өмірінде Бурабайда болмаған екен. Ол Алматылық. Бурабайға барып, есімізді жиып, сонда талқылап, асықпай жазамыз. Дегенмен әлі де белгісіз. Түрлі идеялар бар.

Ruh.kz: Жақсы, сұқбатыңызға көп рақмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button