Жаңалық

Барзу Абдураззаков: «Театр құрамына ғашық болып қалдым!»

Барзу Абдураззаков: «Театр құрамына ғашық болып қалдым!»

Шығыс елдерінің ең танымал ғашықтық туындысы «Ләйлі-Мәжнүн». Бұл поэманы білмейтін адам кемде-кем. Ләйлі-Мәжнүн есімдері шығыс халықтарының арасында брендке айналған. Осы brend-туынды бұған дейін  қазақ театрларының сахналарында қойылмаған. Бұл олқылықтың орнын Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры толтырды.

Әзірбайжан халқының ақыны, ойшыл Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының премьерасына біздің редакция да барып келді және де спектакльдің режиссері – Тәжікстаннан арнайы шақыртылған танымал драматург, режиссер, театр және кино актері – Барзу Абдураззаковпен сұхбаттасып қалудың сәті де түсті.

Ruh.kz: Барзу мырза, кеш жарық! Сізді спектакльдің премьерасымен құттықтаймыз! Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлерімен жұмыс істеу қаншалықты жеңіл әрі ыңғайлы болды?

Барзу Абдураззаков: Мен бұл сұраққа жауап беруден шаршамайтын шығармын! Мың рет қойылса, мың рет жауап беруге дайынмын! Бұл театрдың командасы өте-өте керемет! Актерлердің шеберлігі мен рухани байлығы өте терең! Шынымды айтсам, Астанаға шақырту алған кезде, менде күмән болды, қазақ актерлері парсы елінің поэзиясын түсіне алады ма? Түсінген жағдайда көрерменге қаншалықты жеткізе алады? Бірақ менің командаға қатысты қорқуларым бекер болған. Себебі, актерлер репетициялар барысында «губка» тәрізді барлығын өз бойларына сіңіре білді. Иә, ол қиындықпен келді. Ұйқысыз түндер мен ұзақ сағаттарға созылған дайындық жұмыстары. Олар осы кедергілерден өте білді. Бір сөзбен айтқанда: «Мен ғашық болып қалдым бұл театрдың актерлеріне».

Ruh.kz: Керемет! Дайындық жұмыстары қанша уақытқа созылды?

Барзу Абдураззаков: Спектакльді көрерменге апарар жолдың ұзақтығы тура бір ай уақытты алды.

Ruh.kz: Ал актерлер құрамын қалай таңдадыңыз?

Барзу Абдураззаков: Ол қызық жағдай болды. Мен театрға алғаш аяқ басқан күні, театрдың фойесінде актерлер құрамының қабырғаға ілулі тұрған суреттерін көрдім. Сол суреттерден өзімнің қойылымыма «келеді-ау» деген кандидаттарды таңдадым. Кейін труппаға да айттым: «Сіздер, театрдың басшылығына алғыс айту керексіз. Себебі, мен сендерді суреттерден көріп, сендерге ғашық болып қалдым».

Ruh.kz: Сонда бұл таңдауыңыз 100%  көңіліңізден және талабыңыздан шықты ма?

Барзу Абдураззаков: Дұрыс айтасыз! Көңілімнен де, қойған талаптарымнан да шықты.

Ruh.kz: Барзу мырза, «Қаллеки» театрының ұжымымен жасаған алғашқы жұмысыңыз ба?

Барзу Абдураззаков: Иә, алқашқы жұмысым. Алдағы уақытта шақырса, міндетті түрде келемін.

Ruh.kz: Режиссер мырза, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, берген сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық шыңдарыңыз көбее берсін!

Барзу Абдураззаков: Сізге де алғыс білдіремін!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button