Бәсіре мал атаумен шектелмейді
Бәсіре – балажан қазақтың ұрпағын тәрбиелеу үшін қолданған әдемі ғұрыптарының бірі.
Ер бала дүниеге келгенде немесе сүндеттелгенде, оған ата-әжесі яки әке-шешесі тай атайды. Ер жігіттің бәсіре тайын ешкімге бермейді, сойып жемейді, мінбейді де. Бұл – баланың дүние-мүлікке иелік етіп, дәулет жинауының басы.
Бәсіре этимологиясы
Бәсіре мағынасы «бас ірі» деген сөзден пайда болған. Ол жеке меншіктің, болашақта жинайтын мал-дүниеңнің басы дегенді меңзеуден шыққан болса керек. Бәсіре тай атау арқылы жас баланы жауапкершілікке баулиды. Өйткені бала бәсіре тайын өзі бағып, үйретуі тиіс. Бала өзіне көрсетілген сый-құрметті сезініп, мерейі артады, өзіне деген сенімділігі пайда болады. Құрдастарына «менің бәсіре тайым» деп ерекше мақтанышпен көрсетеді.
Бәсіре атаудың тәрбиелік мәні
Бәсіре тайды атаған кезде үлкендер: «Баламыз осы құлынмен шауып, тез өссін, жүйрік болсын» деген ізгі тілектерін жаудырып, ырымдайды. Бәсіре тайды атап қоя салумен шектелмейді. Ол үлкен салтанат. Сол күні ер балаға бешпет, кестелі шалбар, бөрік сияқты киімдер кигізіп, тайына мінгізіп, той жасайды. Осындай жиындар баланың есінде ерекше сақталып, қоғамдағы орнын түсіндіре бастайды. Өзінің бәсіре тайын баптап, еңбекке үйренеді. Төрт-түлік малдың қадірін, мал бағудың бейнеті мен зейнетін ұғады. Бір жағынан, денсаулығы мықты, шымыр болып өседі.
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демекші, ата-бабамыз әр баланың орнын айқындап, әрқайсысына ерекше құрмет көрсеткен. Текті қазақтың бұл дәстүрі ұрпағына байлық пен дәулетті, еңбек пен табандылықты жастайынан үйретіп, жақсылыққа үндейді.