Жаңалық

«Бастаңғы» қандай жиын?

Осы сәтке дейін «Дәстүр айдары» балаларға қатысты жөн-жоралғыларды жариялап келді. Құрсақ той, шілдехана тойы, итжейде киюі, қырқынан шығару, ары қарай сүндет тойы, атқа міну секілді қызықты әрі тәрбиелік мәні зор 40-тан аса салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар туралы танымдық мақалалар жарық көрді. Баланың ес біліп, ақыл тоқтатқан шағына дейінгі кезеңді қамтыған материалдар көңілдеріңізден шықты деп сенеміз. Енді біз алдағы уақытта жасөспірім шағынан бастап үйлену кезеңіне дейінгі аралықтағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды назарларыңызға ұсынатын боламыз. Парақшамыздан алыстамаңыздар, сүйікті оқырман!

«Бастаңғы» деген не?

Халқымыз ырым-тыйымға ерекше көңіл бөлген. Әсіресе, «қызға қырық үйден тыйым, мың сан үйден сын», – деп қыз баланың тәрбиесін жіті назарда ұстаған. Дегенмен арасында жастардың сауық кешіне қатысып, ойын ойнауына ата-аналар өздері келісім берген. Сондайда ұйымдастырылатын дәстүрлі құндылығымыз – бастаңғы. Бастаңғы – отбасы мүшелері, үлкендер алысқа сапарлағанда немесе қонаққа кеткенде орындалатын жиын.

«Бастаңғы» қалай өтеді?

Бастаңғы көңіл көтеру үшін жасалатын кеш болғандықтан, қыздың әке-шешесі бойжеткеннің жанына жеңгесін не інілерін ертіп жіберген. Қыздарын ойын-сауыққа баруға жібергенімен, оларды үнемі қатаң қадағалап отырған. Қыз баланың ары әрдайым бастапқы орында тұрады. Ол – бір әулеттің абыройы. Егер ата-ананың келісімінсіз сыртқа шықса, өзінің ғана емес, отбасының намысын қорлаған болып есептелген.

Бастаңғы кеші қызықты өту үшін кейде сал-серілер мен домбырашы-термешілер шақырылған. Алайда бойжеткендер мен бозбалаларға өлең айтып, шу шығаруға рұқсат етілмеген.

Бастаңғыда әртүрлі әзілдер айтылып, ойындар ойналады. Бозбала мен бойжеткен айлы түн кешінде алтыбақанда тербелген. Жүргізуші алысқа лақтырған қой не ешкінің тоқпақ жілігін екі жас бірге іздейді. Сөйте жүріп ішкі ойын сыртқа шығарып, сезімдерін білдіре алған.

Қыздар өздерімен бірге дастарқан жаюға арналған керек-жарақтарды (құрт-май, тәттілер, шай, қант, бауырсақ және т.б.) әкеледі. Сонымен бірге жастар ол күні «бастаңғы» деп аталатын кештің басты тағамын дайындайды.

Жастар үлкендер келіп қалып, көздеріне түсіп қалмас үшін ауыл ішіндегі ең сенімді, тіл алғыш балақайларды есіктің алдына қояды. Оларға бар тәттіні беріп, өздерін күзетуді сұрайды. Бұл үлкендерден әлденендей жағдайды жасырғанын білдірмейді. Олар ұйымдастырылған сауық кешінен ұялып, жиынды әбестік деп түсінген.

«Бастаңғының» тәрбиелік мәні қандай?

Бастаңғы жастардың өмірге деген көзқарасын дамытып, түзу жолға қалыптасуына зор ықпал етеді. Себебі ол үлкендер өздері қолдап, рұқсатын беретін жиын. Аталған дәстүр екі түрлі тәрбиелік мәнге ие. Оның бірі – баласының адаммен араласпай, тұйық болып қалмауына қатысты болса, екіншісі –  бойжеткеннің өмірлік жолымен тығыз байланысты. Жоғарыда айтып өткендей, бастаңғыға қыздар жағы ас-дәмдерді әкеледі. Қыз баласы – болашақ отанасы, бір үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын жан. Бастаңғы арқылы олар тамақ әзірлеп, табақ тартуға жаттыға түспек. Қысқасы, бастаңғы ер баланы да, қыздарды да ертерек үлкен өмірге баулиды. Келешек бірі отағасы, енді бірі отанасы екенін сезіндіріп, отбасылық тұрмысқа бейімделуді үйреді.

Заманауи форматтағы бастаңғының пайдасы бар ма?

Ерте заманда бұл дәстүрдің маңызы ерек болғанын мойындау керек. Бірақ,  қазіргі күннің жастары бастаңғыны өзгеше бұрмалап алғаны жасырын емес. Бастаңғы тәртібі кейде сақталса, кейде оған мән беріле бермейді. Тіпті, сирек те болса ұйымдастырылатын мұндай жиынның атауы бастаңғы болғанымен, заты мүлде басқа. Сондықтан заманауи форматтағы бастаңғы жиынының жастарға берер өнегесі мен пайдасы бар деп айту шындыққа жанаспайды…

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button