«Бастау» кинофестиваліне 700-ден астам өтінім келіп түсті
Алматыда XI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі басталды, деп хабарлайды Ruh.kz.
Фестивальге қатысу үшін Испания, Франция, Румыния, Польша, Иордания, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 700-ден астам өтінім келіп түскен.
Біздің негізгі мақсатымыз – жастар киносын қолдау. Фестивальге 700-ден астам фильм жіберілді. Соның ішінен 70 кино таңдалды. Осы туындыларды алдымен елімізге, одан кейін әлемге таныту керекпіз. Жас өнерпаздардың туындылары шетелден келген қонақтарымыздың көңілнен шығады деген ойдамын. Фестиваль қонақтарының бірі әйгілі британдық продюсер Пол Бретт болмақ. Ол 30-дан астам түрлі жанрдағы толықметражды фильмдердің өндірісіне қатысқан. Сондай-ақ «Оскар» сыйлығын жеңіп алған. Пол фестиваль аясында «Фильміңізді әлемге қалай танытуға болады» тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді. Жастарымыз да ол кісімен тілдесіп, шеберлік сағатын аларына сенімдіміз. Осы жылы ең үздік қысқаметражды көркем және деректі фильм жобалары режиссерлеріне ақшалай 7 млн теңге беріледі. Бұл да жас режиссерлерге кішігірім қолдау болары сөзсіз, – дейді «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов.
Барлық көрсетілімдер «Арман» киноорталығында өтеді. Кіру тегін. Конкурстан тыс бағдарламалар да қызықтарға толы. Фестиваль кезінде қысқаметражды көркем және деректі фильм жобалары режиссерлеріне арналған Almaty Film Lab шеберханасы өтеді.