Жаңалық

Басты мақсат - дамуға бағдар алу

Шешімі жоқ көрінетін күрделі қиындықтарға тап болғанда, мойыма, дамуға бағдар ал!

Қасиетті Құран Кәрімде айтылған:

«(Мұсылмандар!) Сендерге бұрыңғы өткендердің басына келген сияқты (жағдай) келмей жаннатқа кірулеріңді ойладыңдар ма? Оларға, ашаршылық, ауыру-науқас келді. Сондай-ақ Пайғамбар және онымен бірге иман келтіргендер: «Бізге Алланың жәрдемі қашан болар екен?»,- дегенге дейін (қиыншылықта) тербетілді. Естеріңде болсын. Негізінен Алланың жәрдемі жақын» (Құран Кәрім, 2:214).

Күрделі қиындықтарға тап болғанда, дамуға қалай бағдар алуға болады? Жалпы, дамуға бағдар алу дегеніміз не?

Өзіміз туралы ой біздің әрекеттеріміздің елеулі бөлігін қалыптастырады. Біздің өмірде жасайтын әр қадамымыз осы оймен тікелей байланысты.

Тапсырма. Сіз өзіңізді қалай көресіз? Өзіңіздің сыртқы кейпіңізді, өміріңіздегі ең маңызды бес құндылықты сипаттаңыз. Өзіңізді қандай иіспен (парфюммен), қандай түспен, қандай киім үлгісімен, қандай көлікпен, қандай орынмен, қандай тілмен, қандай мәдениетпен және де қандай елмен байланыстырасыз? Өзіңіздің бүгінгі кейпіңізді бейнелеңіз және таза қағаз бетінде сипаттаңыз.

Адам табысқа қол жеткізіп, күрделі сәтсіздіктерден аулақ болған уақытта ол өз көз алдында, ішкі әлемінде ақылды және табысты адамдардың қатарында болады. Ал жайлы зонадан шығуды қажет ететін мәселелер туындағанда, айналасын қайта бағалауды және ұзақ уақыт зейін сала еңбек етуді қажет ететін жағдайда адамның ішкі әлемінде қайшылықтар туындай бастайды және осы қайшылықтар реакциялар мен әрекеттер түрінде сыртқа шығады. Адамдарды, олардың сыни уақыттағы әрекеттерін (олардың сезімдерін, ішкі қайшылықтарын, өздерін қалай ұстайтындарын және айналасына не айтатынын) талдай отырып, ғалымдар екі негізгі топты анықтады: бірінші топ дамуға бағдар алуға бейім, ал екіншісі – бар дүниені сол қалпында қабылдайды.

Бірінші санаттағылардың пікірі бойынша, қиындықтар – бұл сыйлық, қосымша тәжірибе алудың, қажетті білім мен кәсібилікке ие болудың керемет мүмкіндігі. Осы санаттағы адамдар өз бойларында өмірдегі сәтсіздіктерді келешектегі табыстарға айналдыру қабілетін анықтап, дамыта бастайды. Осындай ойлау қабілетіне ие он жастағы бала күрделі тапсырмаға тап болғанда, «Қиын тапсырмаларды жақсы көремін!» деп белсене кірісіп кетеді. Ал бас бала тапсырмаға бірталай уақытың бөлгеннен кейін «Білесіздер ме, мен бұл мәселені танымды болады деп үміттенген едім!», – дейді. Осы санаттағы адамдар зияткерлік, физикалық немесе материалды базиске ие болу – дамудың қайнар көзі екенін жақсы түсінеді. Олар күнделікті күш-жігер, талап пен білімнің арқасында өзгеруге және дамуға болатынын айқын түсінеді. Оларда қиындықтар туындағанда, жеңіліске тап болдық деген ой мүлдем болмайды. Сонымен қатар, табысқа қол жеткізген осы санаттағы адамдар өзгелерге өзінің маңыздылығын дәлелдеуге талпынбайды және осы жайтты өздерінің үздік екендіктерін көрсету мүмкіндігі деп қарастырмайды.

Екінші санаттағы адамдар өздерінің қабілеттері мен мінез-құлықтарын граниттен жасалған деп сенеді. «Мен осындаймын – болды!». Олар барлық мәселелерді өздерінің қабілеттеріне қатысты жақсы немесе жаман жаңалық ретінде қабылдайды. Олардың шындыққа бейімделуі қайта-қайта өз ісінің дұрыстығын дәлелдеуге мәжбүрлейді. Егер оларға белгілі бір рухани қасиеттер берілсе, белгілі бір даралық, ақылдың белгілі бір «көлемі» болса, онда тек бір ғана нәрсе – осы игіліктердің барлығы өте көп мөлшерде екенін дәлелдеу ғана қалады.

Олар өздерінің мінез-құлықтары мен мүмкіндіктері өте сәтті үйлесім тапқандай әрекет етеді. Дегенмен, олар іштей өздеріне маңызды бір дүниенің жетіспей тұрғандығын сезінеді, осы жайтқа алаңдаушылық білдіреді. Олар дамуға бағдар алмайды, соның салдарынан іштегі сұрақтардың шешімін іздемейді. Олар өмірлерінде барлығы жақсы екеніне өздерің ғана емес, жақындарын да сендіруге тырысады. Жайлы зонадағы тыныш өміріне көңілі толатындай кейіп танытады.

Дегенмен, мұндай жандар өз-өздерімен үнемі қайшылықта өмір сүреді және өмірге көңілдері толмайды. Олар жай ғана өмір сүреді, ал көңіліндегі жайсыз сезімдерді жаман, не болмаса зиянды әдеттермен тыныштандырады, осылайша біраз уақыт ішкі қысым мен қайшылықтардың ауырлығын әлсіретеді. Кейде олардың көңілдері жай тапқан шақта, әдетте, олар өздерін дамуға бағдар алған адамдар секілді ақылды, тартымды, зор құрметке лайықты адамдардай сезінеді.

Бар дүниені сол қалпында қабылдайтын адамдарды айналасындағылардың қалай бағалайтындығы алаңдатады. Ал дамуға бағдар алғандар өзін-өзі жетілдіру мәселесін ойлайды.

Егер күрделі қиындықтар немесе сынақтар туындаса, әрине, екі санаттағы адамдар да бұл жағдайға разы болмайды. Мәселен, нашар баға алса немесе маңызды келісім жүзеге аспай қалса, барлығының көңілі құлазиды. Дегенмен! Дамуға бағдар алған жандар өздерін жамандамайды, ішкі күйзелістерге жол бермейді, барлығына қол сілтеп, тастап кетпейді. Олар өздерін көңілсіз сезінсе де, қиындықтармен күресуге және оларды жеңу жолдарын жан-жақты іздеуге дайын болады. Бұл жерде бар дүниені сол қалпында қабылдауға бейім адамдардың күш-жігердің, талап-талпыныстың маңыздылығын жоққа шығаратындығы – қорқынышты жайт. Олардан туындаған қиын жағдайдан қалай шығатындарын сұрағанда, олар «Ештеңе істемеймін!», «Бір мәнісі болар», «Ішіп аламын», «Тамақтанамын», «Тәтті жеймін», «Әуен тыңдап, жай жатамын», «Ваннада тығылып отырамын», «Бұл жерде не істеуге болады?» сынды жауап береді. Егер бір мәселе дұрыс болмаса, олар оны реттеу үшін жұмыс істемейді. Тек өз құзыреттілігі мен маңыздылығын тікелей бағалау ретінде қабылдайды. Олар ес жия алмай қалады. Осының салдарынан біреуге ұрысады немесе сүйікті адамдарына шағым жасап, өкінуді қалайды. Бұл санаттағы адамдар енселерін көтеріп, қиындыққа қасқая төтеп беріп, жауапкершілікті сезінуге, жаңа тың дүниелерді тануға құмартпайды.

Ақыл-ой саласын зерттейтін танымал ғалым Роберт Стернберг адамның белгілі бір салада табысқа қол жеткізуінің негізгі факторы «туа пайда болған қабілеттен емес, осы бағытта жұмсалған қажыр-қайратының арқасында» деп есептейді. Табыстың қарапайым формуласы – нақты мақсат қойып, осы жолда бар күш-жігеріңізді жұмсау.

Біз өзгелерге өз қабілетімізді дәлелдеуге неге тырысуымыз қажет? Қобалжуға, ашуға, немқұрайлыққа, алаңдаушылыққа кеткен уақытты өзін-өзі жетілдіруге жұмсауға неге талпынбаймыз? Кемшіліктерімізді жеңудің орнына неге жасыруға тырысамыз? Неге қабілеттеріміз бен істеген әрекеттеріміздің дұрыстығын өзге біреудің мойындауын күтеміз?

Өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін арттыруға деген ұмтылыс дамудың басты белгісі болып табылады. Бұл – кейде тіпті өміріміздің ең күрделі кезеңдерінде өмір сүруге, дамуға мүмкіндік беретін жайт.

Тапсырма. Сіз аталған екі санаттың қайсысына өзіңізді жатқызар едіңіз? Бұл сауалға өз көзқарасыңыз бен ойыңызда туындаған мәселелерді ескере отырып, нақты және ашық жауап беріңіз. Өміріңізден алынған екі жағдайды қысқаша сипаттаңыз. Бұл қадам сіздің шешіміңіздің дұрыстығына кепіл болады.

Сауал. Сіз қай уақытта өзіңізді ақылды сезінесіз: қателік жасамағанда немесе білім алғанда?

Нәтижесінде, жоғарыда сипатталған екі санат адамға екі түрлі әлемді ашады. Бар дүниені сол қалпында қабылдайтындар үшін табыс сіздің ақылыңыз бен талантыңыздың дәлелі болып табылады. Осыдан өз-өзіңізді танисыз. Ал басқа әлемде – құндылықтарды өзгерте алу әлемінде (дамуға бағдар алғанда) – сіз жаңа дүниелерді меңгеруге талпынасыз. Өз біліміңізді жетілдіресіз.

Бірінші әлемде сәтсіздік жеңіліске ұқсайды. Сіз жаман баға алдыңыз. Сіз әріптесіңізден айырылып қалдыңыз. Сізді жұмыстан шығарды. Сізден бас тартты. Бұл сіздің ақылды немесе талантты емес екеніңізді білдіреді. Басқа әлемде сәтсіздік дамуға бағдардың осалдығы туралы айтады. Бұл сіздің өз әлеуетіңізді әлі де толық түсіне алмағаныңызды білдіреді. Сәтсіздіктер аяқтан шалады, бірақ өлтірмейді. Кез-келген мәселеге жіті көңіл бөліп, жан-жақты зерделеп, талдағаннан кейін, ең қиын деген мәселенің өзін шешуге болады. Дамуға бағдар алған адамдар күйзеліске тап болып, ұйқылары қанбай, шаршап жүрсе де, істі аяғына дейін бітіруге талпынады.

Бірінші әлемде күш-қуат дұрыс емес. Ол сәтсіздік секілді сіздің ақылыңыз бен талантыңызға күмән тудырады. Егер сіз ақылды және талантты болсаңыз, күш жұмсамайтын едіңіз. Екінші әлемде күш-қуат сізді ақылды және талантты етеді. Белгілі бір тосқауылдарды мүмкіндік ретінде қарастыратын боласыз.

Бар дүниені сол қалпында қабылдау дамуға кедергі келтіреді. Ал дамуға бағдар алу – бұл жаңа өзгерістерге жол ашатын қызық пен тың идеяларға, белгісіз дүниелерге толы таңғажайып әлем.

Сізде таңдау құқығы бар. Бар дүниені сол қалпында қабылдау немесе дамуға бағдар алу – бұл сіздің өзіңіз туралы ойыңыздан туындайтын бағдар. Ал сіз өзіңіз туралы ойыңызды әрқашан да өзгерте аласыз.

Профессор Кэрол Дуэкке белгілі кәсіби жүзгіштен мынандай бір қызық хат келген екен. Бұл жерде автор даму мен жетілудің ең маңызды тұсын ашық көрсеткен.

«Құрметті профессор Дуэк,

Менде өз-өзіме деген сенімділікпен мәселе туындайтын. Менің жаттықтырушыларым өзіме 100% сену керек екенін үнемі қайталап отыратын. Олар менің қабілеттеріме ешқандай күмән келтірмеді және өзімді ең үздік деп ойлауымды талап ететін.

Бірақ, мен мұны істей алмадым, өйткені жаттығу лагерінде жасаған кемшіліктер мен қателіктерімді үнемі білетінмін. Мен өзімді мінсіз деп ойлаған кезде, бәрі де дұрыс болмайтын. Содан кейін мен сіздің жұмысыңызды оқыдым да, білім алу мен өзін-өзі жетілдіруге баса назар аударудың қаншалықты маңызды екендігін түсіндім. Осыны түсінгеннен кейін бәрі өз орнына келді. Мен өз кемшіліктеріммен жұмыс істей аламын! Енді қателіктер маған соншалықты қорқынышты емес. Мен өзіме қалай сенетінімді үйреткеніңіз үшін сізге алғыс хат жазғым келді.

Рахмет!

Ізгі құрметпен, Мэри Уильямс».

Атақты әлеуметтанушы Бенджамин Барбер: «Мен қоғамды осалдарға және күштілерге немесе табыстыларға және жолы болмағандарға бөлмеймін… Мен қоғамды оқитындарға және білім алуға құмартпайтындарға бөлемін», – деген екен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button