Бата-тілектер - ұлт жанының айнасы

Қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – бата-тілек сөздер. Бата-тілек сөздер қай дәуірде пайда болды дегенді тап басып айта қою оңай емес. Бірақ қалай болғанда да, бата сөздер – адамдар арасындағы ізгілікті қарым-қатынастың ежелден бергі жарқын белгісі ретінде көрініс тауып келе жатыр. Бата сөздер – адамдардың бір-біріне жақсы тілегін, ықылас-ниетін білдірудің құралы. «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жақсы сөзге жан семіреді» – дейтін қазақ халқы әрбір орайы келген жағдайларда бір-біріне жақсы сөз арнап отырған. Тіпті біреудің туысы, жақыны өмірден өткенде оған жұбату айту үшін барудың өзін «жақсы сөз айту» деп атаған. Соныменен, қазақ халқының ауыз әдебиетінде ежелден өзіндік орны бар, есте жоқ ескі замандардан қазіргі күнге дейін айтылып келе жатқан, ғұрып-салттық сипаттағы рухани құнды қазынамыздың бірі – бата-тілек сөздер және бұл да біздің ұлттық кодымыздың бір ғажап тылсымы деген болар едік. Әдеттте, жоғарыда атап өткеніміздей бірадамның келесі бір адамға немесе адамдарға арналған лебіз сөздері «бата-тілек» деп аталады. Бір қарағанда, бата мен тілек бір болғанымен, олардың өзіндік айырмашылығы да бар. Сондықтан да бата мен тілек сөздердің өзіндік ерекшеліктерін білу қажет болады. Бата мен тілек сөздер күнделікті өміріміздің барлық дерлік жағдайларында жиі ұшырасып жатады. Бата – қазақ және басқа да халықтардың дәстүр-салтында өзінің ізгі ниетін, ақ көңілін білдірудің бір түрі болып есептеледі. Баталар көбінесе өлеңмен, кей-кезде түйдектелген қара сөзбен де берілетіндігі белгілі. Байыптап қарайтын болсақ, бата қазақ халқының өмір-тіршілігіндегі барлық маңызды делінген оқиғаларға, тіршілік-шаруаларға, көңіл-күйлік құбылыстарға байланысты айтылады. Мысалы, алыс-жуыққа жол жүру, келін түсіру, қыз ұзату, көлік алу, жарыстарда жеңіске жету, ауру-сырқаудан айығу, қандай бір апаттан, пәле-жаладан сақтану т.б. жағдайларда ел сыйлайтын ақсақалдардан, жолы үлкен ел ағаларынан, ауылдың, әулеттің үлкен кісілерінен, қадірлі, құрметті жасы үлкен қариялардан «Әумин!» – деп арнайы бата тілелінеді.
Жалпы, бата-тілек сөздерді ауыз әдебиетінің жанры ретінде қарастырып, оларға ғылыми анықтама беріп, тұжырымдар жасаған ғалым, зерттеушілер де кейінгі екі ғасыр жүзінде біршама бар екендігін атап өткен жөн. Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинастырып, зерттеуді алғаш Ресей патшалығы арнайы ел арасына жолдаған ғылыми экспедиция мүшелері жүзеге асырды. Сондай-ақ қазақ арасынан шыққан көзі қарақты ел ағалары да бұл іске жұмылдырылғанын білеміз. Осыған орай, бата-тілек сөздер жайында берілген сан түрлі анықтамалар мен зерттеулерді қарастыру барысында, аталған тақырыптың барынша зерттелеген тақырыптар қатарына жататындығына қоса, зерттеу еңбектер неғұрлым көп болған сайын, олардағы пікір алуандығы да соғұрлым көп бола түскендігін байқаймыз. Бата-тілек жайында зерттеу жасаған филолог ғалым Ғалым Доскен фольклорлық бұл жанрға мынадай анықтама берген екен: «Бата сөз қазақ фольклорының дербес шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата сөз – халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктердің айғағы іспетті.» Демек, бата – қазақ фольклорының дербес жанры ретінде қарастырылатын, әрі поэзиялық өлшемдерге ие, мазмұны гуманистік сарындағы сөздер болып есептеледі. Осы тұрғыда бір ескерерлігі: бата-тілек сөздер тек қазақ халқында ғана бар деуге болмайтындығы. Бата-тілектер – әлемдегі бірталай халықтардың фольклорында бар үрдіс. Соның ішінде түркі халықтарында кеңінен тараған дәстүр десе де болады. Осы тұрғыдан алғанда, бата беру – әсіресе, көшпелі халықтардың барылығына дерлік тән десек дұрыс болады. Орта Азияның көшпелі халықтары қазақтар, монғолдар, қырғыздар, ауған даласындағы тайпалар арасында бата беру дәстүрі әлі күнге жойылмай, сақталып келе жатыр.
Бата беру дәстүрі түркі-моңғол халықтарының ішінде, Азияның сонау қиыр шығысындағы сахаларда, одан бергі алтай, қазақ, қырғыз, монғол, ойрат т.б. арасында көрініс тапқандығын білеміз. Бата беру, тілек айту рәсімінде аздап өзгешеліктер боғланы болмаса, олардың мазмұны жағынан пәлендей айырмашылығы жоқ. Бұлардың барлығына тән ортақ тақырып – бата арқылы ізгілікке шақырау, тілек тілеу екендігін көреміз. Бата беру – алда жасалар сапарға, әлдебір іске жол ашу мақсатында беріліп жатады. Бата беруші де, бата алушы да бұл арада жан дүниесі ізгі сипатта болатындығымен бұл рәсім құнды болып саналады. Бата беру – берушінің жан дүниесінің риясыздығын танытса, бата алушы да оның аурасын риясыз қабылдай отырып, сөз арқылы жағымды энергиямен қуаттанатындығына сенеді. Сондықтан да қазақ халқында бата беруді немесе бата алуды үлкен жауапкершілік санайды. Бата беруші адам – жайдан-жай, бейсауат жан емес. «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» дейтін нашарлар бата бере алмайды. Бата беретін адам – отты-жігерлі «баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас»,- деп орайы келген жағдаяттарда адамдардың өздері лайық көрген жандардан ізгі бата алуды мәртебе ретінде қарастырғандығын байқаймыз. Шындығында, жоғарыда атап өткеніміздей, бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Бата алушы риясыз берілген ақ батадан рухани қуат алады, ол берілген бата ары қарайғы өмір жолында жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батырлардан, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Бір айта кетерлігі, бата беру – негізінен ер адамға тән екендігі. Сонынмен қатар, кей кезде көп жасаған әз аналардан, ел ардақтап, таланты мен даңқ-дәрежесін мойындаған ақ жаулықтылардан бата алу дәстүрі де әредік кездесіп жатады.
Қазақ – қашаннан сөздің қадіріне жеткен, оны тыңдай білген, ұйыған халық. Сондықтан да батаның қазақ өміріндегі алатын орны ерекше. Қазақ халқы батаны жай ғана сөз ретінде емес, оны үлкен ғибрат көзі, рухани азық деп қабылдап, көңілге түйіп, жүрекпен екшей білген. Қазақ халқының сан ғсырлар бойы түзілген бай фольклорында тұнып тұрған байлығы – бабалардан жеткен бата-тілектер – олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ізгілік, адамгершілік дәстүрінің көрінісі, ғасырлар бойы данышпандық ой елегінен өткен, өмір тәжірибесінің жемісі. Бата-тілектер – қазақ халқының рухани жан дүниесінің паспорты. Жалпы алғанда, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінің қай-қайсысы түрін алсақ та, барлығы да халық өмірімен, өзіне тән тұрмыс-тіршілігімен, лайықты салт-санасымен, қалыпастқан әдет-ғұрпымен, тарихы барысында бастан өткерген сан алуан үлкенді-кішілі оқиғалармен тығыз байланыста екендігін байқаймыз. Міне, осыларда халықымыздың дүниетанымы мен эстетикалық көзқарасы, философиялық, қисындық ой-толғамдары ғана емес, өмір мен өнерді тануға деген талап-тілектері де жатыр. Қазақ халқы қай дәуірде болмасын, өз сезімін толқытқан, жүрек қылын тербеткен қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен қасіретін, өмірге келуі мен о дүниеге аттанған қазасын әнге салып, өлең етіп жеткізген. «Дүниенің есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп ұлы Абайдың да айтатыны осы. Бата сөздердің ұлтымыздың рухани ғұмыр жолындағы орны қашан да ерекше болған, солай болып қала да берері сөзсіз.
Дереккөз: Әдебиет порталы