Батыс Қазақстан облысы: «Рухани жаңғыру» аясында 414 шара өткізуді жоспарлап отыр
Елбасы өткен жылдың көктемінде «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Батыс Қазақстан облысында былтырғы өткен 143 іс-шараның басым бөлігі жергілікті демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан.
Соның ішінде «Қазақстанның жеті кереметі» туристік-өлкетану аймақтық экспедициясы, «Жас экологтар» мен «Менің елім – Қазақстан» республикалық форумы, колледж студенттері арасында «Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі» фестивалі, балалар мен жасөспірімдер ансамбльдерінің шеруі, «Туған өлке News» аймақтық медиа-форумы, «Білім. Туризм. Интеграция» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. «Атамекен» атты туған жердің қасиетін, кереметтерін насихаттайтын кіші бағдарлама бойынша барлығы 93 жоба тізілімге енген. Сол мақсаты нақытланған арнайы жобалардың 67-сі лайықты түрде, өз дәрежесінде мәреге жетті. «Әлеуметтік бастамалар картасы» аясында жеке кәсіпкерлер тарапынан 60 жоба жасалды. Сөйтіп, Ақсай қаласында спорт кешені, Бөрілі ауданында балабақшалар, Қазталов ауданында 12 млн теңгеге ашық аспан астындағы музей бой көтерді. Міне, батыс аймақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көлемінде халықтың әл-ауқатын көтеру және салауатты өмір салтын сақтау бағыттарында осындай орасан зор тірліктер атқарып жатыр.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша өңірде Қазақстан бойынша алғаш рет Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Сонымен қатар, облыс аудандарына экспедиция жүргізу арқылы Қазақстанның виртуалды картасы үшін қасиетті нысандардың GPS координаттары анықталып, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына берілді. Енді аталған карта бойынша аймаққа келген туристер аралайтын нүктелерін электронды түрде анықтайды. Сондай-ақ, виртуалды карта арқылы аймақтың кез-келген тұрғыны республика көлеміндегі мұражайларға саяхат жасай алады.
Үстіміздегі жылда бағдарлама аясында облыс басшылығы 414 іс-шараны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобалар да негізінен демеушілер есебінен жүзеге аспақ. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 88 іс-шараға 60 мыңға жуық адам тартылады. «Ұлы Жібек жолы – ұлы достық жолы» атты Орал-Сарайшық-Атырау-Пятигорск бағытымен халықаралық тарихи экспедиция жолға шығады. Көш барысында облыс территориясындағы қасиетті орындар, киелі мекендер, ерекше ескерткіштер жолаушылардың назарына ұсынылмақ.
Ұлттық кодымызды сақтаудың бір жолы ретінде Батыс Қазақстан облысында көмейінен күй төгетін, қос ішекті, тоғыз пернелі, бір шанақты ұлттық аспапты кеңінен насихаттау қолға алынды. Дәулеткерей туған өлкенің азаматтарының аталған бастамасы ұлттық өнерді жандандыруға жасалған нық адысдардың бірегейі. Мектептерде домбыра үйірмелері ашылып, үзілістік қоңырау орнына күй әуені ойнатылады. Мамыр айының екінші онкүндігінде «Домбыра күнін» өткізу жоспарланған.
Облыс көлемінде меценаттардың көмегімен жалпы мөлшері 247 жоба атқарылмақ. Олардың ішінде ауылдық мәдениет үйі, сауықтыру кешені, таза ауыз сумен қамту жүйесі секілді ірі жобалар да бар. Осындай үлкен жобалардың бірі ретінде келесі жағдайды ерекше атап өтуге болады. Шыңғырлау өзенінен өтетін көпір құрылысын кәсіпкер Мирболат Тасмағамбетов өз қаражатынан салып, ауылдастарына сыйлап үлгерді.
Республикалық жалпыұлттық қасиетті нысандары қатарына кірген ортағасырлық Жайық қалашығы, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені, Алаш музейі, Тақсай обалар кешені, Жұмағазы хазірет, ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш пен күйші-композитор Дәулеткерей кесенелеріне ерекше назар аударылып, көңіл бөлінетін болады. Сырым ауданындағы Алаш музейі күрделі жөндеуден өтті. Дауылпаз ақын, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Ғұмар Қараштың басына кесене тұрғызылмақ. Жайық қалашығы аумағына ортағасырлық стильде кіреберіс қақпа орнатылады. Бұл соңғы аталған жұмыстар демеушілердің көмегімен жүзеге асырылмақ.