Жаңалық

Батысқазақстандық тұрғындар өздері мектеп салып алды

Жуырда ғана желіде Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары өздері мектеп салғаны туралы ақпарат тараған еді. Жаңалықты ести сала, БҚО, Қазталов аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айбек Көшеғалиевтен құрылыстың мән-жайын сұрап, сұқбаттасып көрдік. Мархабат!

Ruh.kz: Айбек аға, сәлеметсіз бе! Ауылдарыңызда жаңадан ашылған мектеп туралы сөз қозғасақ. Қай жерде салынды, қай уақытта басталды, пайдалануға қашан берілді және оны өздеріңіз салуға не түрткі болды?

Айбек Көшеғалиев: Сәлеметсіз бе! Қособа жалпы білім беретін бастауыш мектебі 2017 жылы Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Талдыапан ауылдық округі, Қособа елді мекенінде салынды. Басында сырты ғана салынып, қаражат болмай, тұрып қалды. Биыл, қыркүйек айында ашылып, халықтың игілігіне берілді.

Қособа елді мекенінде бұрын бастауыш мектеп болған. Бірақ ол Совет Одағынан қалған ескі ғимарат еді. Тозығы жетіп тұрған соң балалар онда оқи алмады.

Ruh.kz: Мектеп қанша оқушыға арналған, қанша кабинеттен тұрады, жоспарын сызған кім?

Айбек Көшеғалиев: Мектеп 30 оқушыға арналған, 6 кабинеттен тұрады. Білім ошағының құрылысы Талдыапандық шебер – Самат Сейткереевтің қолынан шыққан. Өзі тегін жоспарын сызып берді. Самат Сейткереев ағамыз тек осы жобаның ғана емес, басқа да жобалардың жоспарын сызып жүрген адам. Содан ауыл тұрғындары, шаруа қожалығының жетекшілері бірлесіп, сызба нұсқаға қарап, салды.

Ruh.kz: Салуға қанша қаражат жұмсалды, кім демеушілік етті, идея авторы кім?

Айбек Көшеғалиев: Салуға 10 миллион теңге қаражат жұмсалды. Демеушілік еткен де, идея авторы да Қособа елді мекенінің тұрғындары. Тұрғындар өздері бірлесіп салды. Бірі ішіне ағашын, тасын алып беріп, екіншісі фундаментін құюға көмектессе, келесілері шатырын жауып, есік-терезелерін алуға қолдау көрсетті.

Ruh.kz: Ауылда қанша тұрғын тұрады, салынған мектеп бұрын болған ба әлде жаңа білім ошағы ма?

Айбек Көшеғалиев: Қособа елді мекенінде 160 адам тұрады. Бұрын ауылда ескі мектеп болған. Алайда ашылып жатқан білім ордасы жаңадан салынды.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет, жаңа білім ордасынан тәлім алған балалардың болашағы жарқын болғай!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button