Баукең қалай жетілді?
Қазақтың бұл екі тұлғасын бір-біріне теңдестіруге келмейді. Абай асқар тау болса, Бауыржан Момышұлы сол таудың бір шыңы іспетті. Бірақ ол да ешкімге теңестіруге келмейтін жеке-дара тұлға. Солай бола тұра, әйтеуір Абай есімі аталғанда Бауыржанды, ал Бауыржан есімі аталғанда Абайды есіме алатын болдым соңғы кезде.
Неге соңғы кезде? Өйткені тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулер бұл екі тұлға туралы таным-түсінігімізді тереңдетті. Әсіресе, қазақтың біртуар ғалымы Мекемтас Мырзахметұлының Абайға ислам шығысының әсерлерін алпыс жылға жуық зерттеуінің қорытындысы болатын «Абайдың толық адам ілімі» атты кітабы («Қазығұрт» 2020 ж.) бізге бұл ілімді түбірлетіп түсіндіріп берді.
Бұрын ұлы ақынды қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, классик, гуманист, ағартушы деп қана білсек, енді мұның бәрін қоштағанымызбен қомсынатын болдық. Рас, кемеңгер данышпан деп те атайтынбыз. Алайда несімен кемеңгер, данышпан екенін дөп басып дәлелдеп бермей, жалпылама жалаулататынбыз. Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов білсе де, ашық айта алмай, меңзеумен шектеліпті.
Мекемтас Мырзахметұлының да ұзақ уақыт «жолы болмаған». Тіпті, докторлығын қорғай алмай жүрген.
Дегенде Абайға ислам діні мен исламдық шығыс ақындарының әсерін диссертациясынан алып тастамай табандылық көрсеткен ғалым ақыры ақынның өлеңдері мен қарасөздерінде көрініс беретін тосын ойларының үздік-создық пікірлер емес, белгілі бір ілім екенін жүйеледі.
Жай жүйелеген жоқ, Тұран жерінде тербелген бұл ізгілік туралы ілімнің алтын жүлгесі Қожа Ахмет Иасауидің Хал, Жүсіп Баласағұнның «Жәу-мәрттік», әл-Фарабидің парасат іліміне, Тұранның ұлы билеушісі Алып Ер Тоңаның жомарттық, мәрттік жосындарына одан әрі ежелгі грек ойшылдары мен Конфуций ілімдеріне жалғасатынын дәлелдеді.
Міне, осындай ұлылармен жалпылама ой ұқсастығы емес, нақтылы ілім жалғастығы дәлелденгеннен кейін барып Абайдың әлем ақыл-ойындағы орны анықталды деуге болады.
Абай Жаратушының өзінен бастау алатын ізгілік туралы ілімді қайталаушы, көшіруші емес, алдындағы ұлылар салған алтын жүлгені жоғалтпай жалғастырушы әрі өз заманына, халқына лайықтап жаңа ілім жасаушы екен. Мекемтас Мырзахметұлының ұзақ жылғы зерттеулері бізге осыны дәлелдеп берді.
Қазақта ақындығы мен ақылы керемет үйлесім тапқан суреткерлер жеткілікті. Бірақ Абайды олардан алабөтен ардақтайтынымыздың нақты себебі осында жатыр екен. Әділдік үшін айтуымыз керек. Абайдың қазақ мәдениетіндегі орнын дөп басып дәл айтқан тағы бір адам болыпты. Ол – Жамбыл Жабаев. Мұхтар Әуезов, Әбілда Тәжібаев бәрі тұрып, Абай қандай ақын деп сұрағанда жарықтық Жәкең: «Абай ақын ба?» деп қарсы сұрақ қойған ғой. Мұны естігендер, әрине, бастапқыда Абайды менсінбей тұр ма деп шошыған. Ал Жәкең өз сұрағына өзі «Абай пайғамбар ғой» деп жауап берген. Бұл жерде Жамбыл Абайды пайғамбарға теңдестіріп тұрған жоқ, өзге ақындардай тек суреткер ғана емес, олардан жоғары пайғамбарлығы бар, демек жол көрсетуші деп тұр. Ескіше оқыған Жәкеңнің бұл бағасын жаңаша оқығандар данышпан, кемеңгер деп ауыстырған сыңайлы. Міне, енді сол данышпандығының, кемеңгерлігінің де көзі ашылды. Сонымен Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерінен біз нені ұқтық? Соған келейік.
Абай есі кіріп, етегін жапқан заманда қазақ даласы біржола отарланып болған-ды. Хандық дәуірі келмеске кетіп, басқарудың жат жүйесі енгізілді. Ол жүйе көбіне халықтың салт-дәстүрлерінен де, ислам жолынан да үстем тұрды. Бұрынғы қазақ ешуақытта би сайлап көрмеген-ді. Кім әділ, соның төрелігіне жүгінетін. Ал ол әділдіктен тайса, қайтып оған жүгінбеді. Араларында кім жауды жасқап, ұрысты ұйымдастыра алатын батыр, соның соңынан ерді. Кім көші-қон, өріс-қоныстың жайын өзгелерден жақсы білетін шаруақор, кісілікті адам әулеттің ауыл-аймақтың тізгінін сол ұстады. Ал отаршылдар болса бұлардың бәрін сайлайтын жүйе енгізіп, бірақ сайлаудың тізгінін өз қолында ұстап, қалаған кандидатурасын өзі өткізді. Сөйтіп, халық өз қалауымен емес, отаршыл биліктің қалауымен болған би-болысқа жүгінуге мәжбүр болды. Ал олар болса халық менен теріс айналып, басқа әділ би-болысқа жүгінеді деп қорықпай пара алуды әдетке айналдырды. Осылай ел ішіне індет кірді. Сол кезде Абай бұрынғы қазақтардың, әсіресе екі мінезін: біз жоғарыда мысалға келтіргендей «елбасы», «топбасыларының» қара басының емес, халқының қамын жегенін, екіншісі намысқой болғанын жоқтады. Жоқтады да «қазақты я қорқытпай, я параламай ақылменен, не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген… Енді не қылдық, не болдық!» деп күйінді. Тіпті түңілді деуге болады. Бірақ «ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп қара сөздеріне кірісуінің өзі түңілсе де түк бітірмей тағы отыра алмағанын көрсетеді.
Сөйтіп, жасында барлық заманның ақындары секілді алғашқы махаббатын, туған жерінің табиғатын, өзінің қуанышы мен қайғысын жырлаған ақын қырық жасында-ақ қартайып, қайғы ойлады. Қайғы ойлады да, өзінен бұрынғы Бұхар, Ақтанберді, Махамбет жыраулардай халқын қарулы күреске үндеудің уақыты өтіп кеткенін түсінді. Шортанбай, Мұрат құсап өткенді аңсап құр зарлай берудің де мәні жоқ-ты. Рас, өз ұстаздары Дулат, Шөже ақындар секілді қоғамын, қоғамының тұтқасын ұстаған би-болыстарын өлтіре сынады. Бірақ, көп ұзамай құр сынаудан да түк шықпасын түсінді.
Даласы ғана емес санасы да жауланып, алып киттің аузына жұтылып бара жатқан халықты құтқарып қалу үшін жаңа бірдеңе керек еді.
Сол бірдеңе толық адам ілімі. Адамның жетілуі ұзақ процесс. Абайда жарты адам, инсанияттың кәмәлаттығы, пенденің кәмәлаттығы, тағы басқа толып жатқан ұғымдар бар.
Олардың бәрін оқырман Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерінен танып, біледі деген үмітпен мен мақаламның мақсатына орай Абайда сипатталатын адам жетілуінің соңғы нәтижесі болып табылатын толық адам туралы тек қысқаша мәлімет беремін.
Жетілудің, толысудың жолы көп екен. Бірақ оның бәрі мұратқа жеткізе бермейді. Өйткені сәби туғаннан ішсем, жесем немесе білсем, көрсем, танысам деп туады екен. Оның біріншісі тән құмарлығы да, екіншісі жан құмарлығы. Есейе келе жан құмарлығы тежеліп, тән құмарлығы басып кететіні сонша адамдар бұл екеуін айыра да алмай қалады. Ең тәтті тағам жесем, ең жүрдек көлік мінсем, жайлы жиһаз алсам жаным жай табар еді деп жатамыз. Солай болуы үшін барымызды салып ұмтыламыз.Сөйтсек, оның бәрі жанымыздың емес, тәніміздің құмарлығы екен. Есейе келе жанымыз тәніміздің құлы болып келіпті. Міне, адамзаттың бар трагедиясы осында жатса керек.
Бірін-бірі көре алмай ор қазу, ақыры қан төгіске дейін апаратын кек қуу, ұрлық-қарлық, парақорлық, нәпсіқорлық, қу құлқыны үшін Отанын да сатып жіберетін опасыздық, барлығы – тән құмарлығының нәтижесі. Оған суық ақыл қосылса, салатын сойқаны тіпті орасан. Сондықтан Абай қарапайым қазаққа тән деген не, жан деген не екенін түсіндіріп, жәй түсіндірмей, тән құмарлығы басып кетпес үшін жан құмарлығын оятудың жолдарын, әсіресе жүректің рөлін көкірекке қонатындай етіп көрсетіпті.
Абай көрсеткен жолмен рухани азықты мол жинаған пенденің махаббаты да мағыналы әрі терең болмақ. Ол жары мен жақындарын сүюмен шектеліп қоймай, күллі адамзатты қамтып, бір Алланы сүюге қол жеткізеді. Ал адамзаты мен Алланы сүйген адам әділдікті сүймей тағы тұра алмайды. Міне, осы үш сүю – Иманигүл аталады. Көкірегіне Иманигүл ұялаған азаматтан «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» шығады. Ондай адамның еңбегі жамандыққа жұмсалмайды, тек жақсылыққа жұмсалып, ізгі, қайырлы іс атқарады.
Абай осы өсиетін тек қазақты ғана емес, бүкіл адамзатты рухани апаттан құтқаратын жол деп айтты.
Бірақ тән құмарлығының жарысына түсіп, өмірінің мәнін осымен өлшеп келе жатқан адамдар Абай түгілі Жаратушының сөзін жеткізген пайғамбарлардың да айтқанын аяғына дейін істемей келеді. Тыңдамаудың ақыры бақас-тақас, кесір, кесапат, соғыс, төтеннен келген апат, жұқпалы індет болып оралады ақыры адамзатқа.
Қазақ та мұндай жаманшылықты аз көріп келе жатқан жоқ. Сондықтан ақынды білетіндігін екі-үш ауыз өлең мен қарасөзін бер жағынан тақ-тақ еткізіп жатқа оқып, өзін де, өзгені де алдаудан түк шықпайды. Бірдеңе шығуы үшін ғалымымыз да, пақырымыз да, басшымыз да, қосшымыз да, байымыз да, кедейіміз де Абайға ниетімізді шын бұрып, түсінуіміз керек. Терең түсініп, болмысымызға сіңіргенде ғана ешкімнің бұйрық-нұсқауынсыз-ақ Абай өсиеттері өзінен өзі әр пенденің өмірлік бағдарламасына айналады.
Неміс философы Карл Ясперс б.з.д. VIII-II ғасырларды адамзат ақыл-ойының белтемірі деп есептейді. Өйткені, бұл ғасырларда алғашқы еврей пайғамбарлары, Будда, Заратустра, Конфуций, грек философтары және басқа ұлылар өмірге келіп, өз еңбектерімен адамзат санасына зор рухани өрлеу туғызған. Осы қағидаға сүйенсек, Абай қазақ ақыл-ойының белтемірі болып шығады. Ұлы ақын өзіне дейінгі ақыл-ойдың нағыз сұрыптаушысы – синтезі бола білді. Одан кейінгі рухани жетістіктің бәрі Абайдан бастау алды.
Алдымен біз ұлы ақынның осынау тарихи миссиясын мойындауымыз керек. «Неге мойындамаймыз, мойындап жүрміз» деп маған қарсылық айтушы табылар. Олай қарсыласқаннан гөрі ғасырларға созылған отарлық тәуелділікке қызмет еткен сан түрлі саясаттар мен идеологиялар бізді өз құндылықтарымыздан жеріндіріп, бойымызға басқа құндылықтарды сіңіргенін және соларды басшылыққа алуды үйреткенін мойындағанымыз дұрыс. Сол түсініктің сарқыншағы әлі бар. Керек болса Абайды айналып өтіп, өзіміз данышпан атансақ деген ой да жоқ емес.
Әл-Фараби Аристотельді және басқа өзіне дейінгі данышпандарды игеріп барып әл-Фараби болды. Абайды игермеген халықтан екінші ұлттық данышпан шықпайды.
Әрине, Абай өз жемісін берді. Оның жарқын көрінісі Абайдан кейін қаулап шыққан Алаш арыстары аталған топ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бүгінгі жетістігі. Бірақ, бұл аз.
Біз еліміздің әрбір азаматы санамызда қалып кеткен құлдық және рулық психологиядан арылып, қу құлқынын ғана ойламай адамзатты, Алланы, әділетті сүйетін көкірегіне имангүл ұялаған нұрлы ақылды, жылы жүректі, ыстық қайратты болуы үшін мақсаткерлікпен жұмыс істеуіміз керек. Еліміздің оқу орындарында, тәрбие ұйымдарында ондай жұмыс жүріп те жатыр. Мен оларға баға беруден аулақпын. Тек біздің еліміздің өткен тарихында, бүгінінде толақ адам ілімінің барлық талаптарына сай тұлғалар бар ма, болса кімдер деген сұрақ келеді көкейіме. Өйткені ілімді құрғақ оқытпай осындай нақты мысалдармен оқытудың тиімділігі жоғары болатындығы өзінен өзі түсінікті.
Бірақ оны анықтау оңай емес. Өйткені ондай адамның қасиеті – алған марапатында, көтерілген қызметінде, жасаған рекордында ғана емес екенін жоғарыда жеткілікті айттық қой дейміз. Өз басым кемел, толық адамның үлгісі ретінде Бауыржан Момышұлын ұсынамын. Неге Момышұлы? Неге, мәселен жоғарыда аталып өткен Алаш арыстарын емес?
Әңгіме Момышұлы өмір сүрген заманның Абай заманына ұқсастығында болып тұр. Абай қазақ даласының отарлық бұғаудан әбден тырп ете алмайтын кезінде өмір сүрсе, Бауыржан ат жалын тартып мінгенде Алаш арыстары атылып, айдалып, ендігі қазақ отарлық орталыққа ү деп үн шығара алмайтын күйде еді. Сондықтан да Абайдың өзіне дейінгі жыраулар сияқты «аттан қазақ, атқа қон» деп шақыра алмайтыны сияқты Бауыржан да Алаш арыстары секілді автономия, азамттық бер деп айта алмайтын-ды.
Абай дана адам. Қапас заманда халқына қол ұшын берудің жолын даналықпен тапты. Ал Бауыржанда сол жолды ұғар сара сана, ең бастысы халқының жоғалтқанын қасқайып тұрып жоқтай алатын жүрек болды. Оның алды-артында ондай әрекетке барғандардың бәрін қуғын-сүргіннің қылпып тұрған ұстарасы қырқып түсіп жатса да, ол аман қалды. Оған себеп болған оның Мәскеу түбіндегі шайқастарда шыққан даңқының шартарапты шарлап кетуі. Міне, сол беделін ол басын бәйгеге тігіп тұрып, халқының қамына жұмсады. Вершигора оның екі ерлігі туралы айтқан еді. Оның біріншісі – майдандағы ерлігі, екіншісі қолындағы қаруын қаламға айырбастап, көпшілік сүйіп оқитын жазушы бола білген ерлігі. Кеңестік коммунистік билікке оның осы ерліктерін насихаттау тиімді болды. Сондықтан оның үшінші, іс жүзінде ең басты ерлігі қалың бұқараға күні бүгінге дейін беймәлім болып келеді. Сол ерліктерін айғақтайтын түрлі құжаттар, хаттар оның көзі тірісінде көмулі жатты. Тек еліміз егемендік алатын 1991 жылы ғана Мекемтас Мырзахметұлы оларды архивтен алып, «Қанмен жазылған кітап» деген атпен жарыққа шығарды. Қалғандары осы ғалымның басшылығымен жарияланған жазушының отыз томдығына енгізілді. Бұл кітаптарды байырқалап оқыған адам оның басты ерлігі халқы үшін күрескен қайраткерлігі екендігіне көз жеткізеді. Осы күні бір адам аудан басқарды ма, демек ол мемлекет қайраткері, қоғамдық ұйымға жетекшілік етті ме, демек ол қоғам қайраткері деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде халықтың санасына ықпал еткен тұлға ғана қайраткер атануы тиіс. Бауыржан Момышұлы халқымыздың санасына ықпал еткен адам. Демек, ол шын мәнінде қайраткер. Ең алдымен біз осыны мойындауымыз керек.
Мен «Бауыржан Момышұлы кім? Бұл сұрақтың толыққанды жауабын беретін уақыт жетті» деген мақаламда («Егемен Қазақстан» 2016 ж.) бұл жөнінде кеңірек сөз еткен болатынмын. Онда Бауыржан Момышұлы 1937-1938 жылдары атылып кеткен Алаш арыстарының ісін жалғағанын, демек өзі де сол арыстардың жалғасы болғанын ол кісінің хаттары, еңбектері, басқа да әрекеттері негізінде дәлелдеуге тырысқанмын.
Сол жазғандарымды бірауыз сөзге сиғызып, шетін ғана шығарсам былай. Бауыржан Момышұлының 1942 жылдан бастап майдан шебінен республика басшыларына, жазушылары мен ғалымдарына жазған хаттары Алаш арыстарының 1904 жылы Ресей думасына жазған хаттарымен үндес, мазмұндас. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» оқулығын жазғаны сияқты Момышұлы да «Соғыс психологиясын» жазған. Сөзшең, сауатты қазақ офицерін сөйлетіп-сөйлетіп алып, өз қалауынша жазбақ болған Александр Бекке егер сен менің батальоным туралы жазатын болсаң, ол шығармаң «әскери көркем құрал» болуы керек деп шарт қойған. Демек роман көркем шығарма бола тұра оқулық ретінде оқылуы керек. Мұндай шартты қою алғы шептің ең мықты деген командирінің өзінің қолынан келе бермейді. Бұл шартта халқының қамын жеп, болашағын ойлаған қайраткердің көрегендігі жатыр.
Алайда қайраткерлік Абай сипатындағы толық, яғни кемел адамның бір қыры ғана. Демек, бұл тұжырымымызды осы жерден түйіндеп, Баукеңнің басқа сипаттарына тоқталайық.
Толық адам өзінен өзі тумайды. Оны отбасы, ортасы тәрбиелейді. Абай айтқан «елбасы», «топбасылар» бүлініп намысынан айырылғанымен қалың бұқарасының қаймағы бұзылмаған ауылда тәрбиеленді ол. Екі сөйлегеннен гөрі өлгенін артық көретіндіктен, кеудесін ешкімге таптатпайтындықтан олардың руларын адыр Құлилар деп атаған.
Тәрбиеленген ортасының өзіне әділдік пен адалдықты қалай сіңіргенін жазушы «Ұшқан ұясында» тамаша суреттеген.
Бауыржанның тағы бір артықшылығы ол діни де, зайырлы да білім алған. Демек, Абай айтқан көрінетін де, көрінбейтін де әлемнен хабары бар. 1943 жылы желтоқсанда КСРО Жазушылар одағында өзі туралы роман талқыланғанда шығарманың позициясын автор емес, бас кейіпкер, яғни Бауыржан Момышұлы қорғайды. Сол кезде ол «абсолютті шындықты шебер жеткізе білу» мәселесін қозғайды. «Абсолютті шындықты жазу» деген сұмдық емес пе деп оған бұрқылдағандар да болады сол жерде. Шынымды айтсам, әскери адам «абсолютті шындықты атеистік тұрғыда ғана тайыздау түсініп тұрған шығар деп ойлағанмын мен де. Кейін оның отыз томдығына енген бұрын жарияланбаған өлеңдері мен жазбаларын оқығанымда ол кісінің Құран кәрімнің ғана емес, буддизмнің, інжілдің де негіздерінен хабардар болғанына көзім жетті.
Демек, оның әділетті сүюінің тамыры туған ауылында жатыр екен де ол кейін адамзатты, Алланы сүюге осылай ұласқан.
Бұған Абай жырларының да мол әсері болған. Абайды бойына бала кезінен сіңіргені «Ұшқан ұяда» айтылады. Содан да болар ол 1941 жылғы қанды қырғындардан кейін-ақ ел тұтқасын ұстағандарға жазған хаттарында Абайдың өлеңдерін қойын кітапшасы етіп басып шығарып, майданға жіберу керектігін айтады. Міне, сол кездерде ол жауынгердің жаны танкіден де, зеңбіректен де құдіретті қару, ал оның жан азығы – көркем әдебиет, деп жазушыларды майдан тақырыбына шығармалар жазуға үндейді, кеңес береді, керек болса нұсқаулықтар жазып, іс жүзінде Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы қазақ әдебиетінің қалыптасуының бастауында тұрады.
Бауыржан сол сұрапыл жылдары Абай өлеңдеріне өз пікірлерін жазып, орыс тіліне аударып жариялаған да. Мәселен, ақынның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын…» атты өлеңін 1944 жылы аударыпты. 1945 жылы жарияланған ақынның академиялық томдығының көптеген беттерінің шетіне һашия түрінде пікірлерін жазып қалдырып отырған. Ол пікірлерінің мән-жайын Мекемтас Мырзахметұлының Бауыржан Момышұлы туралы мақаласынан («Абай» энциклопедиясы, 1995 ж.) білуге болады.
Бұл айтылғанның барлығы Баукеңнің нұрлы ақыл мен ыстық қайратының жемісі екені түсінікті. Ал жылы жүрегінен туындайтын қайырымдылығына мысалды Баукең туралы жазған романдар мен естеліктердің кез келгенінен табуға болдады.
Баукең Алаш арыстарының ғана ісін жалғамаған. Абай сияқты ол да толық адамның үлгісін жасауды ойлаған. Тек басқаша, көркем бейне түрінде. Аты да толық адам емес, кеңес азаматының қалыптасуы деп аталған. Ең адал, әділ, патриот, батыр, еңбексүйгіш адам Кеңес азаматы ғана деп түсіндіретін кеңестік идеология жағдайында басқаша атау мүмкін емес еді. Қалың жұрт қызығып оқитын соғыс туралы емес, алғаш «Ұшқан ұясын» жазуының себебі осында жатыр. Өкінішке орай жас баланың, одан арғы нағыз үлгілі азамат болып қалыптасу кезеңін жазуына ақтаңдақ тарихымыз, сол қоғамдағы сөз бен істегі алшақтық мүмкіндік бермеген Баукеңе.
Міне, Абайдың аты аталғанда Бауыржанның, ал Бауыржанды атағанда Абайдың есімі ойыма оралатынының себебі осыдан. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген ғой Абайдың өзі. Елдің бәрінің Бауыржан болуы мүмкін емес. Бірақ, кез келген азаматтың иманигүлді, қайратты, қайырымды болуына мүмкіндігі бар.