Жаңалық

BBC: Цифрлық технология білім жүйесін өзгертуді талап ете ме?

2017 жылы Елбасы Жолдауына сәйкес елімізде «Цифр­лық Қазақ­стан» мемлекеттік бағ­дар­ла­масы бекітілген болатын. Осы бағдарламаға сәйкес цифрлық технология білім беру саласында да кең қолданысқа енгізіліп жатқаны белгілі. Осы ретте Baq.kz ақпараттық агенттігі назарларыңызға ВВС басылымында жарияланған цифрлық ұрпаққа қалай білім беру керектігі және жаңа технологиялардың білім саласына әсері туралы мақаланың қысқаша мазмұнын ұсынады.

 

Смартфондар балалардың назарын өзіне аударатындықтан, ұстаздар білім беру әдістерін өзгертулері керек пе?

Қазіргі заманның оқушыларында бір проблема бар. Олар қолдарындағы смартфон қосымшаларына үйренгені сонша,  сабақта бар назарын ұстазға ғана аударып отыра алмайды.

10- 24 жас аралығындағы Z ұрпақ пен 0-9 жас аралығындағы Альфа ұрпақ жаңа технологияларға етене жақын өсіп, оларды асқан жылдамдықпен меңгеріп алды. Енді ұстаздарда да бір проблема пайда болды. Олар дәстүрлі оқу бағдарламасын технология тәрбиесін көрген оқушыларға қарай қалай бейімдеу керектігін білмей отыр.

«Назар аударыңыз!»

Мидың ерте дамуы өте күрделі тақырып. Бірақ бүкіл әлем бойынша зерттеушілер смартфондар мен жаңа технологиялар мидың дамуына әсер етіп қана қоймай, оны бір уақытта бірнеше міндет атқаруға итермелейтінін айтып жатыр. Сонымен қатар жаңа технологиялар оқушылардың зейінін бұзатыны да жиі айтылып келеді.

«Көптеген зерттеулер технология, әлеуметтік желі, Интернеттің қолжетімдігі мен  смартфондардың балалар зейініне кері әсерін тигізіп жатқанын дәлелдеді. Балалардың ойлау жүйесі де, миының даму жолдары да өзгерді», дейді «Технология ұрпағы» (Raising Generation Tech) кітабының авторы доктор Джим Тейлор.

Мұны ұстаздар да байқапты. «Бұл үлкен проблема! Оқушылар орташа есеппен тек 28 секунд қана назар аудара алады», дейді Филадельфия мектептерінің бірінде сегізінші сыныпқа сабақ беретін Лаура Шад. Оның айтуынша, смартфондар оқушылардың ақыл қабілетіне әсер еткені анық. Бұл проблеманы қала шешу керек? Көптеген мамандар цифрлық технологияға етене жақын өскен ұрпаққа білім беру тәсілдерін өзгерту керек деп санайды.

Дәстүрлі білім беру жүйесінде технологиялардың әсері ерекше байқалады. Мысалы, кітаптағы мәтінді көрген оқушылар қолындағы телефонмен Instagram мен Snapchat секілді суретті қосымшаларға кіреді. Ол балалардың мәтінді қабылдауын бәсеңдетеді.

«Қазіргі таңда оқушыларға үзіліссіз күрделі әрі ұзын мәтін оқыту мүмкін емес. Бұрын оқушылар көп мәтін оқудан қашпайтын еді. Қазіргі балалар өте шыдамсыз», дейді Калифорния штатындағы Сакраменто бастауыш мектебінің ұстазы Эрика Свифт. Оның айтуынша, ұзақ мәтінді цифрлық технологияға салып беру де көмектеспейді. «Бұл проблеманың тамыры тереңде жатыр», дейді ол.

«Білім беру саласында баланың зейіні түсінген адамға өте құнды. Себебі ол есте сақтау қабілетіне әсер етіп, тақырыпты терең түсінуге, жақсы меңгеруге әкеледі. Ал тақырыпқа ықылас қоя алмаған балалар ақпаратты өңдей алмайтын болады. Осылайша тақырып балалардың естерінде қалмай, оқушылар анализ жасау, сыни ойлау, ақпарат туралы өз пікірін қалыптастыру секілді маңызды компоненттерден алыстайды», дейді ол.

Болашақтың мектебі

Оқушылар ұзақ дәрістерге назар аудармаса, ұстаздар сабақты бірнеше бөлікке бөлуі керек. Америкадағы мектептегі техникалық интеграция мамандарының бірі Гейл Деслердің айтуынша, көптеген ұстаздар қысқа мәтіннің жақсы екеніне көз жеткізе бастаған.

Сонымен қатар Гейл Деслер кейбір мұғалімдер сабақты оқушыларға медитация жасатудан бастайтынын айтады. «Әрине, балалардың назарын қажет ететін кезде мұғалімдер медитация жасайды. Бұл әр ұстаздың өзінің жеке таңдауы, сабақ беру тәсілі. Дегенмен, кейбірі оқушыларға медитация жасауға көмектесетін қосымшаларды пайдаланады екен. Ал зерттеулерге сенсек, кез келген техникалық үзіліс жаңа тақырыпты меңгеруге кері әсер етеді», дейді Деслер.

Кейбір мұғалімдер оқушымен YouTube және Instagram секілді платформаларда кездескенді жөн санайды. Pearson атты білім беру саласындағы жаһандық зерттеулер компаниясының вице-президенті Аша Чоксидің айтуынша, кейбір ұстаздар кітаптағы іш пыстырарлық тақырыптарды немесе түрлі тәжірибелерді видеоға түсіріп, оны оқушыларға көрсетеді. Кейбірі Instagram арқылы оқушылармен байланыс орнатып, оларға үй тапсырмасы туралы еске салып отырады.

Оқушылар мұндай платформалар қолданылған сабақтарды жақсы қабылдайды. Деслер де осы секілді әдістерді пайдаланатын ұстаздар кез келген мақтауға лайық екенін айтады.

«Оқушыларға ақпаратты осындай жолдармен беруді білім бағдарламасына міндетті түрде енгізу керек. Бұл студенттердің білімге деген қызығушылығын арттырады. Олардың өмірінде қазір болып жатқан дүниелер арқылы білім беру, олардың әлеміне ену оқушының білімге құштарлығын оятатыны сөзсіз», дейді ол.

2018 жылы Пирсон зерттеуі көрсеткендей, Gen Z ұрпағы кітаптан бас тартып, ақпарат көзі ретінде видео көруге басымдық беріпті. Сол себепті оқушыларға арналған видео алмасатын платформаларды да арттырған жөн. Кейбір мектептерде цифрлық күнделік жүйесі енгізілген. Google Classroom платформасы оқытушылар мен ата аналарға баланың сабақ үлгерімін бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Технология білім беру саласындағы кемшіліктерді жоюға көмектесе алады. Мысалы, Филадельфияда мұғалімдер оқушыларға геймификация тәсілін, яғни, ойын үлгісін қолданады. Lexia бағдарламасы оқушыларды сабақ үлгеріміне қарай автоматты түрде топтарға бөледі. Осылайша сабақ үлгерімі жақсы оқушыларға күрделірек тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар бағдарлама цифрлық жаттығулар арқылы оқушы тақырыпты толық меңгергенше түрлі жаттығулар жасатады. Мұндай әдістер технологияның әсеріне тез дағдыланатын оқушылар арасындағы айырмашылықты жоюға әсер ете алады.

АҚШ білім беру технологиялары бойынша көш бастап тұр. 2018 жылы жаңа технологилар өндіретін компаниялар 1,45 млрд доллар табыс тапқан. Дегенмен, Шығыс Азия мемлекеттері білім технологияларын жылдам дамытып жатыр. Бұл жаһандық деңгейде мектептерді цифрлық оқушыларға қарай бейімдеу керектігін көрсетсе керек.

«Аралас білім беру әдісі»

Кейбір мұғалімдер сыныпта жаңа технологияларды енгізе бастағанымен, зерттеулер дәстүрлі білім беру әдісінің өз артықшылықтары бар екенін көрсетті.  2015 жылы Лондон экономика мектебі жүргізген зерттеуге сенсек, Бирмингем, Лондон, Лестер мен Манчестерде мектепте телефондар қолдануға тыйым салынған кезде GCSE тест нәтижелері жоғары деңгейде болған. Нейробиология профессоры Уильям Клеммнің айтуынша, ноутбукті пайдаланғаннан гөрі, қолмен жазу оқушыларға ақпаратты есте сақтауға көмектеседі.

Клемм сабақтарды бірнеше бөлікке бөлу әдісін те түсінбейтінін айтады. Оның ойынша, қысқа қысқа дәрістер оқушының тұтас картинаны көруіне кері әсерін тигізеді.

Тіпті, жоғары технологгиялар саласында жұмыс істейтін оқытушылар да дәстүрлі білім беру тәсілдерінің артықшылықтары туралы көп айтады. Сол себепті мамандар мектептерде аралас білім беру әдісіне көшу керек деп санайды. Яғни, дәстүрлі білім беру әдістеріне жаңа технологияларды араластырып білім беру өте тиімді болады.

«Соңғы кездері ғалымдар дәріс оқу форматының кемшіліктері туралы жиі пікір таластырып жүр. Менің ойымша, жаңа медианың да өз артықшылықтары бар. Бірақ дәрістерден мүлдем бас тартуға болмайды», дейді Вашингтон университетінің профессоры Кэти Дэвис.

Бүкіл әлем бойынша педагогтардың рөлі  технологиядан да маңызды екені анық. Тіпті, мұғалімнің беделі де сол күйі өзгерусіз қалады. Вирджиния штатының мемлекеттік мектеп технологилары бойынша маманы Элизабет Гувердің айтуынша, ұстаздардың орнын еш технология баса алмайды.

«Ұстаздың оқушымен тікелей байланысы Білім беру саласында әлі де ең  маңызды компонент саналады», дейді Элизабет Гувер. Оның ойынша, технологияларды сабақ барысына тек оң әсер етсе ғана пайдаланған жөн. «Мұғалімдерде сабақты қызықты қылып өткізуге қажетті құралдар болмаған соң, олар технологияға жүгінуі мүмкін», дейді ол.

Ал Филадельфия мектебінің мұғалімі София Дейт қоғамдық ғылымдардан сабақ береді. Оның айтуынша, мұғалімдер технологияға өз қалтасынан шығынданғысы келмейді. «Мектептерде технологияға ерекше бетбұрыс байқалады. Бірақ қажетті ірі реформалардың орнына технологияларды енгізе берген де дұрыс емес. Грант алған ұйымдар планшеттер мен ноутбуктерге ақшаны қуана қуана береді. Бірақ ешқайсысы бір жыл бойы мұғалімге жалақы төлеп отырғысы келмейді», дейді ол. Оның айтуынша, технология жүйелі өзгерістердің орнын баса алмайды.

«Ойланып үйрен!»

Технологиялар білім беру саласының кейбір аспектілеріне кері әсер еткенімен, олар оқушыларға көп мүмкіндік береді. «Оқушылар технологияға көп көңіл бөледі, жалқау әрі апатияға бейім деген пікір бар. Дегенмен, біз технологиялардың білім беру саласында қандай маңызды рөл атқара алатынын өз деңгейінде бағалай алмай келеміз. Технологиялардың білім беру саласында өз күші бар», дейді мамандар. Олардың айтуынша, оқушыларда сұрақ туындаса, олар оны мұғалімнен сұрамайды. «Оқушылар өз сұрағына жауапты алдымен интернеттен іздейді», дейді олар.

«Қазір көп білуден гөрі сыни көзқарас пен шығармашылық ой маңыздырақ. Дегенмен, технология бұл қабілеттерге кері әсер етеді. Цукерберг, Гейтс технология әлемінде кодтай алатындықтан емес, ойлана алатындықтан жетістікке жетті», дейтін мамандар да бар.

Біз қаласақ та, қаламасақ та,, цифрлық технология білім беру саласына ене береді. Ал ұстаздарда өз өзін дамытудан басқа амал қалмайды. Өзін дамыту арқылы ғана ұстаздар оқушының жаңа технологияларды дұрыс пайдаланып,  өздерінің назарын аударуға тырысатын әлемде жетістікке жетуді үйрете алады.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button