Жаңалық

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы: Жамбыл облысында мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

Осыдан бір жыл бұрын Жамбыл облысында ұлтаралық келісімді сақтауға және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» республикалық жобасы басталған болатын. Биыл жоба аясында аз шаруа атқарылған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жобаның нәтижелері жан-жақты сараланды деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев «Бейбітшілік пен келісім» жобасының қорытындыларына арналған кеңесте жоба аясында тұрғындар өз мәселелерін шешуде мемлекеттің қолдауы мен көмегін сезінуі тиіс екендігін атап өтті.

««Бейбітшілік пен келісім» жобасы жамбылдықтарды ұйыстыра түсті. Оны іске асыруға тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері де атсалысуда. Алдымен облыстың бірнеше ауданындағы ондаған елді мекен қамтылды. Содан кейін біз арнайы штаб құрдық. Енді жобамен 145-тен астам елді мекен қамтылуда. Ағымдағы жылдың төрт айдағы жұмысын қорытындылайтын уақыт жетті», – деп атап өтті Б. Сапарбаев.

Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың, діни және іскер топтардаың өкілдерінен тұратын үш жұмыс тобы қатысуда. Осы жылдың алғашқы төрт айының өзінде топ мүшелері 145 елді мекеннің тұрғындарымен кездескен. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтың айтуынша, ауыл тұрғындары негізінен ауыз су мен суармалы судың тапшылығы, жайылымдарға қатысты мәселелер бойынша жүгінуде.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков түрлі этнос өкілдері шоғырланған жеті аудандағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмыстың қорытындылары туралы баяндады.

«Ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, білім беру, медициналық қызмет сапасын жақсарту, діни білім деңгейін көтеру мәселелері назарға алынды. Осы мәселелерді шешу үшін арнайы жол картасы әзірленіп, оны іске асыру аясында 812 іс-шара, 204 кездесу және 111 қоғамдық қабылдау өткізілді. Нәтижесінде 1070 азаматқа әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау білдіріліп, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілді, ал 170 ауыл тұрғынына өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз гранттарды рәсімдеуге көмек көрсетілді», – деді ол.

Сонымен қатар, жеті ауданда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп, тұрақты жұмыс орындарына 347 адам орналасса, жастар тәжірибесіне 245 түлек, әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 129 адам тартылған.

Өңір басшысы жұмыс топтарының қызметіне оң баға берді. Бердібек Сапарбаев жұмыс тиімділігін арттыру үшін «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыруға жауапты ретінде ауылдық округ әкімдіктері аппараттарынан бір қызметкерден бекітуді тапсырды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button