Жаңалық

БЕЙНЕДӘРІС БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ – БОТАГӨЗ

Солтүстік Қазақстан облысындағы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың «Қазақстан халық ассамблеясы» кафедрасы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы негізінде университеттің оқытушылары арасында бейнедәріс байқауын ұйымдастырып, жеңімпазын анықтады.

Бұл сайысты жобаны жүзеге асырудың бір жолы ретінде республика бойынша қолға алынған ұтқыр тәсіл деп айтуға болады. Шараның мақсаты – жаңа басылымдарды насихаттау ғана емес, жаңа оқулықтарды дұрыс пайдалануға бағдар беру.

Университеттің оқытушы-профессорлық құрамынан он үміткер қатысқан біліктілік пен білім додасында Тіл және әдебиет институтының оқытушысы, білім магистрі  Ботагөз Тауқұдіретова жеңіске жетті. Ботагөз Бейбітқызы «Фонетика және фонология» тақырыбын таңдап, дәрісті қазақ және ағылшын тілдерінің мысалдарымен түсіндірді. Қазылар алқасының құрымында болған өңірлік «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері Эльмира Танақұлованың айтуынша, жеңімпаз тақырыпты ашу үшін тыңдаушысын қызықтырудың түрлі амалдарын қарастырған. Тақырыпты еркін меңгерген ол ағылшын тілін де жақсы білетіндігін көрсетті. Жас та болса талабы зор сайыскерді қазылар алқасы бірауыздан жеңімпаз деп таныды.

Байқаудың шарты бойынша жақсы деп таңдалған дәрістер әлеуметтік желіге салынып, көпшіліктің назарына ұсынылады. Бұл – қазақ тіліне аударылып, қолданыста жүрген жүз кітаптың 18-ін қалай пайдалану керектігіне көрсеткен үлгі болмақ.

Байқауға қатысқан он оқытушы бағалы сыйлықпен және арнайы дипломмен марапатталды.

Айнұр Нұрманғалиева,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button