Жаңалық

Бейсен Құранбек атындағы байқау жарияланды

Бейсен Құранбек атындағы байқау – орны бөлек, салмағы ауыр байқау!

Қазақ телевизиясының талантты журналисті Бейсен Құранбектің өмірден өткеніне көп уақыт өте қоймады, сондықтан да халқымыздың жүректі баласына деген сағынышы көк аспан секілді терең. Құлаштап сермеген қыл қаламын артынан ерген «батырларына» – талантты жас журналистерге қалдырған Бейсен Құранбек есімін мәңгі жадымызда сақтап қалу үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрілінің қолдауымен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры Бейсен Құранбек атындағы жас журналистер байқауын жариялап отыр. Бүгін, яғни 15 маусым күні байқауға қатысу үшін өтінімдерді қабылдаудың соңғы күні.

«Жігер» байқауы туралы ақпаратты назарларыңызға ұсыну үшін “Медиа дамыту қоры” корпоративтік қорының бас менеджері Бибігүл Бөкенбайқызын әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Қайырлы күн! Кез-келген конкурстың мақсаты мен шығу тарихы болады. Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының мақсаты қандай?

– Қайырлы күн! “Жігер” байқауы басқа байқауларға қарағанда ерекше және оның орны бөлек деп айтсақ, артық айтпағанымыз. Себебі, Бейсен Құранбектің қазақ журналистикасы үшін атқарып кеткен еңбегі орасан зор. Телевидениядағы ток-шоу жанрының ең салмақты бағыттарының бірі – әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуға жаңадан дем бергендей болды.

Бейсен Абайұлы елге деген құрметін «Айтуға оңай…», «Қарекет» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоулары арқылы көрсете білді. Журналистің өзі айтқандай, «Бағдарлама, ток-шоу жасауда менің түк қызығушылығым жоқ. Баяғыда ток-шоуға келгенде айтқанмын, бір адамға болса да пайдамыз тисін деп. Неге «Айтуға оңай» осы күнге дейін елдің көңілінен орын тапты? Себебі оның бір адамға болса да пайдасы тиді. Біз қоғамдағы проблемаларға “точечный удар” беруіміз керекпіз. Осы проблемаларға жанымызды салып, жұмыс істейтін болсақ, әрқайсысын зерттейтін болсақ. Сол дұрыс!». Оның бағдарлама барысында әр кейіпкердің қайғысына қамығып, үлкен жүрекпен қабылдауы және бағдарламаға жылап келген халықтың қуанып кетуі қалың бұқара арасында әлі талай айтылары анық.

Міне, осыдан келіп түйіндейтініміз, байқауының басты мақсаты – қазақ телевизиясының тарланы Бейсен Құранбек салып кеткен сара жолды насихаттау және де  жас журналистерді қолдау, әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялаумен айналысатын журналистер мен БАҚ қызметін ынталандыру, көтермелеу.

– «Жігер» байқауының мақсатын таныдық. Ал, байқауға қандай номинациялар бойынша қатысуға болады?

Кез-келген үлкен істің мақсаты болады. Сол мақсат айқындалып, стратегия құрылады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған “Жігер” байқауының да стратегиясы бар. Межелі орынға жету үшін Бейсен Құранбек қызметін арнаған телевизиядағы әлеуметтік материалдарға және әлеуметтік желілердегі әлеуметтік тақырыптарға бет бұрдық. Сыйлық келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

●                    Әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ сюжет;

●                    Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала;

●                    Әлеуметтік тақырыптағы үздік жарияланым (әлеуметтік желідегі);

●                    Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет.

– Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпазы атанғысы келетін қатысушыларға айтар тілегіңіз.

– Алмастан соққан қылыштай жарқылдап, өз өмірін жастарға өнеге етіп кеткен Ұлттың ұлы азаматы Бейсен Құранбектің салып кеткен сара жолы журналистикаға қызыққан жастар үшін талай мәрте тәлім болары анық. Байқау қатысушыларына айтар бір тілегім бар – Арда азаматтың ұстанған өмірлік және журналистік қағидаларына сай болыңыздар!

Сіздердің еңбектеріңіз арқылы Бейсен Абайұлының өмірлік және кәсіби ұстанымдары мәңгі жадымызда қалады.

«Жігер» байқауының ұйымдастырушысы – «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры өкілдерінің айтуынша, жас журналистерді қолдауға, БАҚ өкілдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған байқаулар мен конкурстар, онлайн оқулар мен семинарлар дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Мысалы, 17 маусым күні қазақ тілді журналистер үшін онлайн оқулар басталмақ. Оқулар және де Қорымыз туралы толық ақпаратты mdq.kz сайтынан біле аласыздар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button