Бекзат бабалар ұлықталды
ҚР Мемлекеттік хатшысы, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хаттамасына сәйкес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әйтеке би ауданының Толыбай елді мекеніне қарасты «Хан моласы» қорымы маңында кіші жүз ханы, саясаткер, даңқты қолбасшы Әбілқайыр хан мен жары ел басқару ісіне араласқан ержүрек қайраткер, ауызы дуалы мәмілегер Бопай ханымның елге ардақты есімдерін ұлықтау, рухтарына тағзым етуге арналған республика көлемінде игілікті шара ұйымдастырылды.
Мәдени, рухани шара алдымен Ақтөбе қаласында Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтері туралы танымдық конференциямен басталды. Басқосуда Әбілқайыр хан және Бопай ханымның өмір тарихына зерттеу жүргізуші тарихшылар мен өлкетанушылар пікір алмасты.
Рухани шарадан кейін зиялы қауым өкілдері Әбілқайыр хан мен Бопай ханым ұрпағы Әбілқайырдың мәңгілік мекен тапқан Әйтеке би ауданына ат басын тіреді.
Рухани іссапар Толыбай ауылындағы «Әбілқайыр хан» музейінде жалғасты. Музей қызметкері Алпамыс Жалмұханбетов Әбілқайыр ханның өз заманындағы жүргізген саясаты мен оның өмірінен сыр шертетін дәлелдемесі нақты ақиқатқа ұласатын тың деректерді келуші қонақтарға мағыналы да, мәнді етіп жеткізді.
Жиын соңында «Әбілқайыр хан» музейіне ел басқару ісіне араласқан ержүрек қайраткер, ауызы дуалы мәмілегер Бопай ханымның портреті сыйға берілді. Тарихи туынды музейдегі Әбілқайыр хан портретінің қасына орналастырылды.
Рухани шараның шарықтау шыңы «Хан моласы» Әбілқайыр хан кесенесінің басында өтті. Қорым басындағы сарбаздарға, Әбілқайыр хан мен Бопай ханымға құран бағышталды.
Шара Ақтөбе қаласындағы «Жүрсіннің жүйрік» ақындары сүбелі айтысымен жалғасты. Аудан өнерпаздары концерт қойып, облыстық Т. Ахтанов атындағы драма театрының әртісі Шалқия апамыз Бопай ханымның кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттерін суреттейтін монологынан үзінді оқыды.
Жиынға Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай облыстарынан зиялы қауым өкілдері қатысып, рухани шараны 300 тарта аудан тұрғындары тамашалады.