Жамбыл облысы

БЕРІКҚАРА ШАТҚАЛЫ (1971 ж.)

Орналасқан жері: республикалық маңызы бар мемлекеттік кешенді табиғи қорықша. Өсімдіктердің жойылып бара жатқан түрлерін сақтап қалу мақсатымен 1971 жылы Жуалы ауданының солтүстік шығысында, аудан орталығы Б. Момышұлы ауылынан 30 шақырым жерде құрылған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2002 жылы желтоқсан айында Берікқара мемлекеттік қаумалы ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына енгізілді. Жалпы ауданы 17,5 гектарды құрайды.

Жергілікті аңыз-әңгімелерде жаугершілік заманда жұртты бастап жауға қарсы қол бастаған, бейбіт заманда тау аңғарында елді егіншілікке үндеп  арық қаздырып елге шарапаты тиген Берік есімді кедей жігіттің есімімен қойылған атау делінсе, жазушы К. Баялиев «Жасарған Жамбыл жерінде» атты кітабында жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл шатқалда берік қамал болған, сондықтан елді жаудан аман алып қалған осы қамалды «Берікқара» атаған деп көрсетеді. Осы өңірде көктем, күз айларында тұратын алапат желдің атын да жұрт Берікқара желі деп атайды.

Берікқара шатқалында Қызыл кітапқа енгізілген ағаш-бұта және шөптердің сирек тұқымдары кездеседі. Жабайы алманың сирек түрі, зерафшан аршасы, жіңішке штубендорфия, речель алмұрты, кәдімгі пісте, рауағаш, Тянь-шань жоңышқасы, кәдімгі тау сағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы мен Берікқара терегі бар. Өлкетанушылардың айтуынша сирек кездесетін терек шатқалдың терең түкпірінде 4-5 түп қана және мұндай терек тек Американың бір шатқалында ғана кездеседі екен.

Берікқара шатқалынан төмен Әбдіқадыр ауылының оңтүстігінде Тараз-Қаратау автомобиль жолының екі жағында орналасқан ІІ-V ғасырларға жататын  Берікқара қорымдары бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button