Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет
3 қыркүйек күні «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы: Сапалы білім беру» тақырыбындағы «Азаматтық алаң» кезекті онлайн отырысы өтті.
Мемлекет басшысы «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдаған жолдауында білімнің маңыздылығы мен қажеттілігі күн санап артып келе жатқанын, осы ретте еліміздің білім беру ісінде біршама олқылықтар бар екенін сөз етті. Тиісті тапсырмалар да берді.
«Рухани Жаңғыру» институты қызметінің призмасы арқылы Елбасының бағдарламалық мақаласы принциптерінің бірі ретінде білімнің салтанат құруы жайлы ойыммен бөліскім келеді. Біз институтта өмір бойы оқыту тұжырымдамасын (lifelong learning) кешенді түрде алға тартып келеміз. Халықтың бейресми білімге тартылуы төмен деңгейде екендігі ешкімге құпия емес деп ойлаймын. Шын мәнінде, ата-аналардың білімге деген салғырт көзқарасы балаларда да сондай көзқарасты қалыптастырады», – деп шараны бастаған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев Жолдауда білім беру саласында берілген жаңа тапсырмаларға да тоқтала кетті.
Мемлекеттік тапсырма аясында «Рухани жаңғыру» институты биылдыққа «Азаматтық алаң» отырыстарын тұрақты түрде өткізу жоспарланған. 2021 жылдың екінші жартыжылдығының екінші отырысында сөз алған ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков: «Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Берілген тапсырмаға сәйкес заң жобасының тұжырымдамасы да дайындалды. Ғылымды қаржыландыру механизмдерінің негізді жетілмеуі секілді анық кедергілер бар екені жасырын емес. Бұдан өзге де біршама олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ҚР қолданыстағы 3 кодексі мен 6 заңына толықтырулар мен өзгерізтер енгізу көзделген», – деп атап өтті.
Білім беру саласы кезек күттірмейтін, маңызды сала екені даусыз. Бұл сала төңірегінде де, онлайн білім берудегі кедергілер мен ғылым дамуындағы олқылықтардан бөлек бірнеше мәселе туындап отыр.
«Мектепке келетін бала санында демографиялық өсім көрсеткіштері бар. Сонымен қатар, мектептегі орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту жүйесі секілді мәселелерді орнына келтіру бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Оқу бағдарламаларына жүйелі түрде адаптация жасап, өзгерте отырып, қашықтықтан оқыту ісіндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. «Цифрлы білім» жобасы да ары қарай жалғасады. Аталмыш жоба аясында цифрлық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану сабақтарынан бастап, оқушыларға жан-жақты көмек көрсету сабақтары мен өзге де жұмыстар жүргізіледі», – деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім Комитетінің төрағасы Мелдебекова Майра.
Мектепке қадам басқан бүлдіршіндер санының артуы қуантарлық жағдай. Десе де, мұның соңында үш ауысымды оқу үрдісі, орын тапшылығы, «Ы» сыныбы секілді өзге де мәселелер туындайды.
Осыған байланысты «Үш ауысыммен оқитын мектептер бар. Бұл мәселе болашақта өз кедергілерін келтіруі әбден мүмкін. Мегаполистердегі мектептердің сапасы мен аудандық, ауылдық мектептердің сапасы бірдей болуы да аса маңызды. Ауылдық мектептің жабдықталуы қалалық мектептен төмен болса, біз «жабайы» миграцияны қалыптастырып аламыз. Бұл үш ауысымды мектеп мәселесінің ешқашан шешілмейтіндей етеді. Сондықтан осы мектеп мәселесіне нақты жүйелілік қажет», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы 90-гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы.
Отырыс аясында дарынды балаларды қолдау, NEET санатындағы жастардың келешегі секілді бірнеше маңызды мәселе көтерілді.