Білім және тәрбие бағыты бойынша ата-аналар семинары өткізілді
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Зайсан ауданының Шілікті орта мектебінде «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» атты ата-аналарға арналған 10 күндік семинар өтті.
Мақсаты – қоғамдағы дәстүрлі отбасы құндылықтарының маңызын талқылау, әр отбасының бала тәрбиесіне белсене қатысуының маңызын көрсету, ата-аналарды мектеппен байланысын ғылыми түрде қалыптастыру, психолого-педагогикалық білім бере отырып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, мектеп – отбасы – бала қарым-қатынастың тиімді модельдерін іздестіру. Шараны ата-аналар мен мектеп әкімшілігі ұйымдастырып отыр.
Семинардың алғашқы күні «Отбасы – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдаст ырылды. Онда сананы жаңғыртудың негіздері насихатталып, мықты, жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт қалыптастырудың алғышарттары дәріптелді.
Шараның екінші және үшінші күндері «Менің отбасым» тақырыбында ата-аналарға арналған психологиялық тренинг өтті. Онда ата-аналардың өзара қарым-қатынасын жақсарту, отбасындағы қарым-қатынасты үйлесімді ету, оң көңіл-күй тудыру, өзара қолдау және сенімділік атмосферасын қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Семинардың төртінші, бесінші, алтыншы күндері әкелер «Әке – отбасының тірегі» тренингіне, аналар «Ана – отбасының қазығы» тренингіне қатысты.
Шараның жетінші, сегізінші, тоғызыншы күндері ата-аналар оқушылармен бірге «Менің отбасым» атты өнер байқауында, спорттық сайыстар мен интеллектуалдық ойындарда бақ сынап, қабырға газеттерін әзірледі.
Семинардың соңғы күні қорытынды жиналыс өтіп, белсенділік танытқан ата-аналар мен оқушылар алғыс, грамоталармен марапатталды. Аталған шараға ауыл әкімшілігінің мамандары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, әйелдер кеңесі, ата-аналар мен оқушылар психолог мамандар қатысты.
Отбасы – шағын мемлекет. Қазіргі жағдайда сол шағын мемлекеттердің шаңырағы көп шайқалып жүргенін білеміз. Міне, Зайсан ауданының Шілікті орта мектебінде мұғалімдер мен ата-аналардың және оқушылардың арасында қандай сыйластық орнағанына өздеріңіз көз жеткізіңіздер. Алып мұхиттардың да тамшыдан тұратынын ескерсек, «Рухани жаңғыруды» отбасы көлемінен бастаған абзал.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы елдік, ұлттық, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді қозғап, екі жылға толмайтын уақыт ішінде көптеген өзгерістер әкелді. Сол өзгерістер нәтижесінің шарапаты ең алдымен білім саласына, ішкі экономикаға тиді. Ал білім саласында жасалған кереметтер бүгінде жүздеген жобаны алға қойып, сол жоспардың біршамасын орындап үлгерген.