Мақала

Бір ғасырға жуық тарихы бар ұлттық университет хақында

Фото: ҚазҰУ

Талай түлекке арман болған, талай ақынның жырына арқау болған - КазҰУ. Университет жұрт армандаса армандайтындай-ақ. Әңгіменің әлқиссасын халықаралық рейтингтегі орнынан бастайық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «QS Asia University Rankings» атты халықаралық беделді рейтингте бір жыл ішінде 15 позицияға бір-ақ көтерілді. Нақтырақ айтар болсақ, 856 ЖОО арасында 29-орынға тұрақтады. Ал оның елдегі беделін жұрт айтпасақ та біледі. Осылайша, бір ғасырға жуық тарихы бар ҚазҰУ-дың үздік әлем университеттері қатарына еніп, отандық академиялық кеңістікте флагман болуы хақында сөз қозғасақ.  

Университет қабырғасында бәсекеге қабілетті, білікті жас мамандарды даярлап отырған оқытушылар құрамының бірегейлігін атап өтпеске болмас. Бүгінде жас буынның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, дамыту бағытында 3 мыңнан аса еліміздің беделді профессор-оқытушылары қызмет етуде.

2022 жылғы 25 шілдедегі Үкіметтің қаулысында ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі беріліп, бүгінде ғалымдары өздерінің іргелі еңбектерімен, озық жаңалықтарымен және зерттеулерімен қазақстандық ғылымның дамуына зор үлес қосуда. Мәселен, былтыр қарашада Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының қабылдауында болып,  университет тарапынан ғылым бағытта іске асырылып жатқан 400 жобаны таныстырды.

Университет үздік болуының тағы бір факторы – шетел мамандарымен, ЖОО-ларымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуы. Бір ғана мысалды айта кетейік, былтыр мамыр айында Президент ҚХР-ға ресми сапарында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойған еді. Өткен жылдың 12 қазанында университет базасында аталған оқу орнының филиалы ашылып, жемісті жұмыс істеп келеді.

Биыл 26 қаңтарда университет Қытайдың Үрімжі қаласында жергілікті 196 университеттің ректоры мен ғылыми-зерттеу орталықтары басшыларын,  600-ден астам Қытай университеттері өкілдерін, 40 ірі өндіріс корпорациясы басшылары мен екі елдің дипломатиялық корпусын қамтыған тұңғыш ғылыми-инновациялық көрме өткізді.

Халықаралық көрмеге келушілер назарына университет өкілдері биологиялық белсенді қоспаларын, бекіре балықтарын емдеуге арналған жаңа антибактериалды препараттарын ұсынды. Сондай-ақ ҚазҰУ базасында құрастырылып, ғарышқа ұшырылған нано-ғарыш аппараты таныстырылып, жалпы ғарыштық робототехника мен STEM білім беру жүйесін дамытуға арналған «ALFASAT» инновациялық конструкторы да көрсетілді.

Бұл – университет абыройын көтеретін жетістіктердің бір парасы ғана. Одан бөлек халықаралық деңгейдегі спорт жарыстары сынды түрлі конкурстардан топ жарып жүрген оқытушылар мен студенттерді таңды таңға ұрып санамалай беруге болады.

ҚазҰУ Филология факультетінің оқытушысы

Сымбат Игілікқызының жетекшілігімен

Журналистика факультетінің 1 курс студенті

Нұрғабыл Үсен

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button