Жаңалық

Бір сұраққа 10, 20, 30, 40, 50 жыл отасқандар қалай жауап береді?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп атап өткен еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімі әлеуметтік желі парақшаларында «Үлгілі отбасы» апталығын жариялаған болатын.

Бұл апталықта оқырмандар өңірдің талантты отбасыларымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Барлық отбасылар бір-бірінен түбегейлі ерекшеленсе де, әр отбасы үшін маңызды негізгі құндылықтар бар. Аталмыш апталықта қатысушы отбасылардың үлгісінде біз басты алты отбасылық құндылыққа назар аудардық: отбасындағы махаббат, өзара түсіністік, бір-біріне деген құрмет, қамқорлық, адалдық, мейірімділік. Бұл құндылықтар 3 жыл, 10, 20, 30, 40 және 50 жыл бірге өмір сүрген отбасылар үшін нені білдіреді?

Біздің апталығымыздың алғашқы қонақтары – отау құрғандарына үш жыл толған, Ертіс ауданының тұрғындары, жас және талантты Молдахметовтар отбасы. Жарас Кемелұлы мен Жадыра Бақытжанқызы отбасындағы ең бастысы құндылық – махаббат, өзара түсіністік және бір-біріне деген құрмет деп санайды. Молдахметовтар отбасының пікірінше, жас отбасылар арасындағы ажырасудың басты себебі өзара түсініспеушілік және бір-біріне деген құрметтің жоқтығы болып табылады.

Келесі алаңымызда шанырақ көтергендеріне 10 жыл толған Успен ауданының еңбек сіңірген мұғалімдері Жұмашевтар отбасы өздерінің отбасылық құпияларымен бөлісті. Олардың пікірінше, балалардың жарқын болашағы, әрине, тәрбиеге тікелей байланысты екені жасырын емес. Сондай-ақ, Мұстафа Құсманұлы мен Равиза Талғатқызы алаңда өзара сыйластық, түсіністік пен махаббат тәрбиеге оң әсерін тигізетіні туралы айтып берді.

«Отбасындағы бір-біріне деген құрмет» атты алаңда Баянауыл ауданының тұрғындары Сәрсекеевтер отбасымен оқырмандарды таныстырдық. Олар 20 жыл бірге жасап келе жатқан бір-біріне деген құрметтің нағыз үлгісі болып табылады. Бағдат Амантайұлы мен Самал Кадетқызы қазіргі отбасылардың өзекті мәселелерін талқылады. Олар отбасындағы кез келген жағдайда бір-бірін қолдауға тырысады және бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі.

Ал келесі жанұя отасқандарына 30 жыл болған Железин ауданының тұрғындары – Тамара Ивановна мен Валерий Иванович Мосияш. Бұл отбасы ұлттық дәстүрлерді сақтаған үлгілі жанұя. Мосияштар отбасы басты құндылықтар: сенім, махаббат, қамқорлық және түсіністік деп санайды. Валерий Ивановичтің айтуынша: «Отбасындағы бақыттың құпиясы – өз өзіңді дамыту жолында жұмыс істеу және бір-біріне деген құрмет. Біз бір-бірімізді қабылдауға үйренуіміз және қамқорлық жасауға тырысуымыз керек. Бір-біріне қамқорлық көрсету − махаббаттың көрінісі».

«Адалдық» атты бесінші алаңымызда Екібастұз қаласының кеншілері, отбасы құрғандарына 40 жыл болған Әміреновтер жанұясымен таныс болдық. Отағасы Рышат Бабайұлы: «Отбасындағы бір-біріне деген адалдық өте маңызды дүние деп санайды. Шаңырақ көтерген күннен бастап жарыңның қорғаушысы, қолдаушысы болу, отағасы міндетін адал атқаруға мән беру қажет».

«Үлгілі отбасы» апталығының соңғы алаңы 50 жыл тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Шұғабаевтар отбасынаарналды. Бұл отбасы талайлар үшін үлгі болып табылады. Айрандай ұйып отырған Шұғабаевтар шаңырағы үшін отбасындағы басты құндылықтар – ауызбіршілік, мейірімділік және бір-біріне деген құрмет.

Павлодар облыстық «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Шаханқызы жастар арасындағы ажырасудың алдын алу үшін: «Отбасын сақтап қалуда берік махаббат, төзімділік, сыйластық және ұрпаққа үлгілі болу керек. Ешқашанда бақыт ұшып келмейді. Бақытты отбасы болу үшін өмір бойы еңбектеніп, отбасында түсіністік қалыптастыру керек. Әсіресе әйел адам отбасының ұйытқысы болып, Отағасы асқар тауым деп ұрпағын тәрбиелеуі қажет. Өз бақытыңөз қолыңда!», – деп кеңес берді.

Отбасы – Қазақстан бүгіні мен болашағының негізі. Берік отбасылық қатынастар арқылы біздің халқымыздың ең үздік рухани-адамгершілік құндылықтары – толеранттылық, еңбексүйгіштік, туған жерге деген сүйіспеншілік, үлкендерге деген құрмет, қонақжайлық және болашаққа деген ұмтылыс ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Дені сау және рухани мықты отбасы – толыққанды қоғамның негізі екенін бәріміз жақсы түсінеміз.

Міне, отбасылық құндылықтарды және отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жарияланған «Үлгілі отбасы» апталығы өз мәресіне жетті.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімі алаңның қатысушыларына алғыс білдіреді. Барлық отбасыларға мызғымас денсаулық, мол бақыт, болашаққа зор сенім, жанұяларыңызға береке-бірлік тілейміз!

Павлодар облысы

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button