Бірнеше үкімет. Бір көше
2018 жылы зиялы қауымның қатысуымен өткен «Қоғам қәуіпсіздігі» атты мәжілісте ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселелер талқыланып, көптеген міндеттер жүктелген болатын.
Ақтөбе қаласының салыну тарихы қазақ жерін Ресей мемлекетінің меншігі деп жариялаған 1867-1868 жылдардағы әкімшілік (Уақытша Ереже) реформалардың қабылдануымен тұспа-тұс келді. Орынбор генерал губернаторы, генерал адъютант Н.Крыжановский 1868 жылы орыс Императорлық Географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің ашылуында сөйлеген сөзінде: “Қырғыз (қазақ-Д.А.) даласы Ресейге өте қажет: – Қырғыз даласынсыз біздің шаруашылығымыз мүлде орны толмайтын шығынға ұшырар еді, орны толмайтындығы соншалық, егер ол тап қазір бізге тиесілі болмаса.., біз оны басып алуға мәжбүр болар едік” деп, отаршыл ойын ашық айтты. Ресей империясының қазақ жерін кең көлемдегі отарлауына негіз болған, әрине, патшалықтың орыс-казактар арқылы әскери отарлау тәжірибесі болатын. Ресей империясындағы 11 орыс-казак әскерінің төртеуі қазақ жерінде (Орал, Орынбор, Жетісу, Батыс Сібір өңірлерінде) құрылды. ХІХ ғасырдың соңына қарай Орал казак әскері 6 миллион 475 мың десятина, Орынбор казак әскері 1 млн астам, Батыс Сібір казак әскері 5 миллионнан астам, ал Жетісу казак әскері 667 мың десятина қазақ жерін иемденді.
Патшалық Ресейдің экспансиялық мақсаттары үшін Орынбор өлкесінің әскери-стратегиялық маңызы зор болды. Географиялық жағдайына қарай, Қазақстанның батыс бөлігін алып жатқан бұл өлкеге Ресей мемлекеті Орта Азия елдеріне, қазақ даласының оңтүстік, шығыс жерлеріне шығаратын көпір ретінде қарады. 1868 жылы 21 қазанда Орынбор генерал губернаторлығы жанынан құрамында төрт уезі бар Торғай облыс ашылған болатын. Сол кезде «Ақ төбе» бекінісі Елек уезінің орталығы болды. Уезд Тұзтөбе, Бөрте, Теректі, Аралтөбе, Ойсылқара, Қаратоғай, Ақтөбе, Қобда болыстарынан құралып, оған 41 қазақ ауыл кірді. Алғашқы генерал-губернатор Н.А.Крыжановский болып тағайындалды. Аталған әкімшілік реформаның енгізілуіне қарсы Орал, Торғай облыстарында (Қазіргі Ақтөбе облысының жері, Темір уезі Орал облысының, Ырғыз, Елек (Ақтөбе) уезі Торғай облысының құрамына қараған) халық назарлығы күшейіп, арты кең ауқымда көтеріліске ұласты. Осы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтырып, басып тастау мақсатында Ақтөбе жерінде әскери бекініс қажеттігі туындаған болатын.
Оның қарсаңында Орынбор даласы патша үкіметінің қазақ жерлеріне терең бойлап енуіне тірек болған бекініс қамалдар шырмауында қалды. Орынбор (1845 ж.), Орал (1845 ж.), Новопетровск (1846 ж.), Райым (1847 ж.) Қарабұтақ (1848 ж.) және Ембі (1862 ж.) бекіністері Ресейдің әскери-стратегиялық жоспарларында маңызды орын алды. Сондықтан, 1869 жылғы 14 мамырда Орынбор казачествосының флигель адьютант граф Борхтың бастауымен 2 рота, 100 казак әскері, 14 артиллеристі бар 4 зеңбірекпен қамтылған отряд «Ақтөбе» шатқалына жетіп, 19 мамырда артиллерияның оғымен салют шашып, биік екі төбенің (бірі – қазіргі телемұнара тұрған төбе, көнекөз қарттардың айтуынша, ноғайлық Мамайдың ұрпағы Қарасай жерленген ақ тастан қаланған моласы болатын. Сондықтан, сол төбе ел арасында «Ақ төбе» деп аталынып кеткен, екіншісі – «Астана» сауда үйі орналасқан алаң) басындағы бар бетке (Барбет – бекініс салуға арналған алаң) бекіністің негізін қалады. Міне, қазіргі Ақтөбе қаласының тарихы осы жерден басталады.
Бекініс салуға алғашында қазақтың 8900 десятина жері бөлініп берілсе, 1887 жылы Ақтөбе болысының жерінен Елек-Қарғалы өзендерінің сағасындағы болыс басшысы К.Сүлейменовтың қыстауларын бұздырып, жердің көлемі 27101 десятинаға (1 десятина 1,09 га-ға тең. Ресейде 1927 жылға дейін пайдаланған жер өлшемі) жеткізілді. Басқа этникалық топтарды ұлғайту мақсатында, қасақана бекініске басқа ұлт өкілдерін көптеп қоныстыра бастайды.1869 жылдың күзіне қарай«Ақтөбе» бекінісі жанына бірен-саран Воронеж губерниясынан келген орыс, украин шаруалары қоныстана бастады. Солардың алғашқыларының бірі, И.А. Мощенский болды. 1913-1914 жылдары Ақтөбеде екі аптада бір рет шығатын «Городской вестник» әдеби шаруашылық журналының редакторы қызметін атқарған В.И.Мощенский осы шаруаның баласы болатын. Бірақ, бұл қоныстану ешбір рұқсат құжатынсыз, өз беттерімен жүргізілді. Тек 1878 жылдың көктемінен бастап әскери губернатор мен уезд бастығының рұқсатымен іске асырыла басталды.
Сөйтіп, 1878 жылдың күзінде аталған губерниядан Каюдин Я., Трикозов А., Гузев Г., Богданов С., Шевцов Д., Алейников И., Литюк П., және дін өкілі, поп Золотарев бастаған тағы да 9 отбасы бекініс қасына орналастырылды. Соны нәтижесінде Ақтөбе бекінісінде ең алғаш Старожительская көшесі пайда болды. Кейін бұл көше 1881 жылдан үшінші Александрдың таққа отыру құрметіне Александровская, 1920 жылы неміс революциялық қозғалысының қайраткері Карл Либкнехтің аты берілсе, тәуелсіздік жылдары, 1992 ж. бастап жерлесіміз ақын Шерниядың аты берілген. Одан кейін әскери қызметтері аяқталған бұрынғы солдаттар Шеменев, Гаврилов, Куклев, Кобляков, Саморуков, Подковыров, ағайынды Агап пен Михаил Мисюриндер Крепостная (бекініс дегенді білдіреді), 1952 ж. бастап, қазіргі Қазақ КСР-нің 30 жылдығы атындағы және бүгінгі күнге дейін өз атауын сақтап қалған жалғыз көше, Гарнизонная көшелеріне тұрақтанды. «Горнизонная» деп алғашқы жылы қыстаған 357 солдаттан тұратын Орынбор казачествосы горнизонының атына байланысты аталды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «Ақ төбе» бекінісінде жалпы саны 15-16 үлкенді кішілі көшелер болған.
Осы кезде татар көпестері Габбасов, Ахметов, Насыров Татар поселкесінің негізін қалады. Кейін бұл аудан халық арасында «Татарка» деп аталынып кетті. 1879 мамыр айында қоныстанушылар Тихон и Алексей Потудиндер, Г.Сергеенко, В.Крахмалев, Х.Шаповалов, Т.Демьянченко толығымен қалыптасып болған Александровская көшесіне тұрақтады. 1880 қаңтарда қоныстанушылар «Ауылдық қауымға» кіру құқығын алып, араларынан тұңғыш старостасын С. Богданды, кейінгі 1881 жылы Острожныйды, 1882-83 жж – Сергеенконы, 1884 жылы Мощенскийді ал 1885 жылы Барбетовты сайланды. 1884 г. Актюбе бекінісі жаңадан құрылған аудан «Төменгі», ал бұрынғы аудан «Жоғарғы», немесе Татарка болып екі поселкіге бөлінеді: Жоғарғы поселкінің старостасы болып 1884 жылы көпес М.Габбасов тағайындалды. 1887 жылы Дон казак әскерлерінен қоныстанушылардың жаңа толқыны келіп, Татарка поселкісінен 1 верст алшақтыққа (орыстың ұзындық өлшемі, шақырым =500 сажын =1, 0668 км) орналасып, жаңа «Отарвановка» ауданы пайда болды. Алғашқы старосталары М.Марченко, Кривоножкин, Прокопенко және Бородаенколар болды.
«Татарка» ауданы бүкіл бекіністің тіршілігі, негізгі мәдени,сауда-саттық ошақтары орналасқандықтан «қала» деп аталына бастады. Осыдан кейін, жаңадан қалыптасқан Орынбор, Лениннің қайтыс болуына байланысты 1924 жылдан Ленин, 1998 жылдың 27 наурызынан бастап Әбілхайырға дейін Кіші жүдің басқарған, қазақтың үш биінің бірі Әйтеке би (Айтық) көшесінің бойына жаңа қоныстанушылар мен көпестер Сафонов, Арнаутов, К.Приходько, Г.Домовесовтың отбасылары орнықты. Алғашқы діни орталықтар ретінде 1880 жылыАқтөбе бекінісінде Ресейде жинақталған қаржының есебінен Александр Невский храмын тұрғызылса,1902 жылы қазіргі «ескі қала» бөлігінде орналасқан «Орталық мешіт» салынды. Тура осындай мешіттер Темір мен Ойыл қалаларында да ХХ ғасырдың басында бой көтерген. 1880 жылдары Ақтөбеде барлығы 35 үй, оның 5-і ағаштан салынған баспана анықталып, қоныстанушылардың 28 отбасы, жалпы саны 409 адам есепке алынды.
Ақтөбенің ең алғашқы халық ағарту ісінің ошағы 188123 қазанда Ыбырай Алтынсариннің ұсынысымен ашылған Бөрте болысындағы Бөрте шатқалындағы екі класты орыс-қырғыз (қазақ-Д.Абенов) «Ақтөбе мектебі» болып саналады. Ал, аталған білім ордасы 1884 жылы Ақтөбе бекінісіндегі арнайы салынған мектептің жеке ғимаратына көшіріледі. Мектептің қоры уезд бастығының қарауында болып, жергілікті халықтан жиналатын салықтың есебінен жасақталынды. Білім ордасының тұңғыш мұғалімі болып Казан мұғалімдер семинариясын тәмәмдаған, профессор И.Ильминскийдің тәлімгері Арсений Мазохин қабылданды. Мектептің жанынан қазақ балаларына арналған 30 орындық интернат ашылды. 1886 жылы Ақтөбе бекінісінің халқы саны 862 адамды құрады.
Қазіргі Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер еткен факторлардың бірі, 1891 жылдың 25 наурыздағы «Дала» Ережесіне сай «Ақ төбе» бекінісіне «уездік қала» деген статус беріліп, Ақтюбинск болып атала бастауы болды. 1895 жылы Ақтөбе жеріне орналасқан отбасыларының саны 2000-ға жетсе, 1897 жылы Ресей империясында тұңғыш рет халық санағы жүргізіліп, нәтижесінде Ақтөбе қаласы халқының саны 2817 адамды құрап, оның 1514 ер, 1303 әйел азаматтарынан тұрды. 1900-1905 жылдары салынып, 1906 жылдан іске қосылған Орынбор-Ташкент темір жолының Ақтөбе қаласының одан әрі дамуына ықпалы зор болды. Қорыта айтқанда 1915 жылы Ақтөбе қаласында 15 840 мың тұрғын, 1 аурухана, 2 кітапхана, 4 төменгі буынғы оқу орны, 35 жұмысшысы бар 3 өнеркәсіп мекемесі, 1 қалалық училище болды. Ал Елек (Ақтөбе) уезі бойынша халықтың саны 30 мыңға жетті.
Даулет АБЕНОВ