Биржалық сауда мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тауар биржаларын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің баяндауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін биржалық сауда мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленді. Онда биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды күшейту, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерін айналып өту мүмкіндігін болдырмау және бизнес үшін тауар биржаларына шығу бойынша кедергілерді жою шаралары қарастырылған.
Бұдан басқа, көмір, бидай, мұнай өнімдері және бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сату конкурстық негізде Үкіметтің шешімімен айқындалатын арнайы тізбеге енгізілген тауар биржаларында ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл аталған тауарларға ашық баға белгілеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ел ішінде де, сыртқы экономикалық қызметте де тауар ағынын бақылауға мүмкіндік береді, - деді министр Арман Шаққалиев.
Биржаға шығуды ынталандыру ретінде:
- отандық өндірушілер үшін – ҚҚС төлеу кезінде есепке алу әдісін қолдану;
- Ұлттық экспорттаушылар үшін – ҚҚС қайтарудың жеңілдетілген тәртібін енгізу, мысалы, 5 күнге дейін;
- ҚТЖ-мен бірлесіп, биржалық мәміле жасалған жағдайда логистикаға арналған теміржол тарифтерін қайта қарау ұсынылмақ.
Бұл ретте Премьер-Министр Әлихан Смайылов сауда-саттықтың құқықтық базасын және оның қатысушыларына қойылатын талаптарды түбегейлі қайта қарау қажеттігін Мемлекет басшысы көтергенін атап өтті.
Оның айтуынша, негізгі мәселелердің бірі - жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржаларын өз мүдделеріне қарай бұруы.
Бүгінде биржалық сауданың негізгі бөлігі жергілікті қамтуды сақтау жөнінде міндеттемелері жоқ дәл осындай сатып алуларға қызмет көрсетуге бағытталған. Нәтижесінде әр жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат біздің бизнеске жетпей қалады. Бұлай болмау керек. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары ел мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Жергілікті қамтуды кеңейтіп, өндірісті әртараптандырудың маңызы өте зор, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Анықталған кемшіліктердің барлығы жаңа заңнама шеңберінде жойылуы тиіс, — деп атап өтті Премьер-Министр.