Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Біржанның домбырасы

Біржан салдың домбырасы 1981 жылы музейге қалай табыс етілгендігі жайында естелік материал

Ұлы Октябрь революциясына дейінгі халқымыздың атақты әнші-ақыны әрі композиторы Біржан салдың есімі әркімге белгілі. Өзге де өнер иелері сияқты ол домбыраны өзіне өмір бойы серік еткен адам. Талай-талай той-думандар мен айтыстарда қос ішегін күмбірлеткен бір домбырасын ол 1885 жылы жасатып, өле-өлгенінше ұстаған көрінеді. Қазір содан бері жүз жылға жуық уақыт өтті. Жақында ардагер әнші-ақынның осы домбырасы астанамыз Алматыда ашылған көне халық-музыка аспаптары музейіне тапсырылды.

Осыншама көп уақыт бойы домбыра кімнің қолында болған, жалпы оның тағдыры қандай деген сұрақ тууы мүмкін. Міне, бұл жәйлі бағалы экспонатты музейге тапсырған дербес пенсионер, еңбек және партия ардагері Әшімбек Бектасов жолдас «Мәдениет және тұрмыс» журналының тілшісіне былай деп әңгімелеп берді:

– Ұлы Отан соғысы жылдары мен республикамызда басшы қызметтер атқардым. 1943 жылы қызмет бабымен жол түсіп Ақмола (қазіргі Целиноград) облысының Степняк қаласына келе қалдым.

Майданда соғыстың қызған шағы, ауылдық жерде қазіргідей қонақ үйлер дегеніңіз жоқ. Жергілікті басшылар мені, әлі есімде, «Қазақстанның 15 жылдығы» көшесіндегі 26 үйге орналастырды.

Үй иесі 78 жастағы Фазыл деген ақсақал екен. Шәй ішіп, әңгімелесіп деген сияқты кеңірек танысып отырғанымызда әңгіме төркінін байқадым да:

– Осы ел,
Асырған айғай әнін алты қырдан.
Әкесі асқаң әннің әнші Біржан.
Ақандай майда көмей, нәзік емес,
Құлақты Біржан ащы, әнмен қырған, – кәдімгі Біржанның елі емес пе? Бұл маңда атақты әнші- салдың ұрпақтарынан кімдер бар? – деп сұрадым.

Сол арада өзімнің Біржанның үйінде екенімді естідім. Өйткені, жаңағы үй иесі Фазыл ақсақал Біржанның әкесі Тұрлыбайдың кіші қызы Хадишаның баласы болып шықты. Ал, Біржан сал өлер алдында, 1895 жылдары өзінің қара шаңырағы мен барлық мұраларын Хадишаға тастап кеткен көрінеді.

Жаңағы біз отырған үйде сол күні «Шоқы» колхозынан келген Біржанның немересі Салық Жақиянов та бірге болды.

Осы сапарымда мен арқаның ардагер ұлының бейітінің қалай болса солай күтусіз жатқанын көріп, оны жөндеттірдім. Менің осы көмегіме риза болған Біржанның туыстары әнші-ақынның көзіндей көріп, сақтарсыз деп маған оның домбырасын сыйға тартты.

Сол 1943 жылдан бері Ә.Бектасов жолдас еменнен ойылып жасалған бұрышты домбыраны жыл сайын лакпен сырлап, үйінде сақтап келген. Ол домбыраны бұл күндері дүниеден өткені бар, көзі тірілері бар, көптеген мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері өз қолдарына ұстап, шертіп көрген. Солардың ішінде ұлы жазушымыэ Мұхтар Әуезов: «Саңқылдаған сұңқарым, топтан озған тұлпарым, осы домбыраны ұстаған киелі қолдарың алдақашан жер астында шіріп, топыраққа айналды-ау» – деп көңілі бұзылып, көзіне жас алған еді, – деп еске түсіреді халқымыздың мәдениеті мен өнерін қадірлейтін Әшекең бұл күндері.

Екі ғасырдың куәсі, қазіргі бақытты советтік заманда жоғалмай, бүлінбей, қайта жаңарған Біржан салдың қасиетті домбырасы енді өз орнын тапты. Октябрь революциясына дейінгі халқымыздың мұң-мұқтажын, еркін өмірді аңсаған ән мен жырды күмбірлеткен домбыраны қазір республикалық халық-музыка аспаптары музейінен көруге болады.

Суретте: Біржан сал домбырасын қырық жылға жуық бойы мұқият күтіп, сақтап келген еңбек және партия ардагері Әшімбек Бектасовтың тарихи экспонатты республикалық халық-музыка аспаптары музейінің директоры Жарқын Шәкерімовке тапсырып тұрғaн кезі

Суретті түсірген А.Мыльников

«Мәдениет және тұрмыс» журналының 1981 жылғы 4-нөмірінен

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button